Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысындағы қайғылы жағдайға байланысты Үкімет отырысында баяндама жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде өрт шықты. Екі қабатты үй толығымен өртке оранды, шатырдың ішінара құлауы болды. Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары дереу жіберілді (20 қызметкер және 5 бірлік техника), өрт сағат 07.22-де жойылды.
Өкінішке қарай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы балалар. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының реанимациясында", – деді вице-премьер.
Оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің себебі анықталып жатқаны айтылды.
"Алдын ала қылмыстық құрам жоқ. "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Қылмыстық кодекстің 292-бабы 3-бөлігі).
Сіздің тапсырмаңыз бойынша кеше мен Үкіметтік комиссияның отырысын өткіздім, жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырмалар бердім", – деп атап өтті вице-премьер.