Қанат Бозымбаевтың сөзі мен ісінде қайшылық бар

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2362

Энергетика министрі бір сөзінде мұнай өндірісін қысқартатын OPEC бастамасына қосылатынын, ал екінші бір сөзінде өндірісті ұлғайтатынын мәлімдеді.

Қанат Бозымбаевтың сөзі мен ісінде қайшылық бар Фото: time.kz

Көптен зарыға күткен Қашағанның биыл ашылуы – ирония. Қашаған ашылса, қара алтынға қарық боламыз деп келген Қазақстан мен әлемдік мұнай нарығының саясаты кереғар болып қалды.

Abctv.kz порталы 7 желтоқсан күні Астанада өткен энергетикалық форумда Қазақстанның энергетика министрлігі өкілдерінен мұнай нарығындағы соңғы жаңалықтарға ресми Астананың көзқарасын сұрап көрген еді.

Естеріңізде болса, мұнай экспорттаушы ірі елдер (OPEC) өкілдерінің 30 қарашада Венада болып өткен жиынында қара алтынның бағасын көтеру үшін әлемде әдейі тапшылық жасау мақсатында тәулігіне 33,6 млн баррельден 32,5 млн баррельге дейін азайту туралы ортақ келісімге келген еді.

Осының аясында әр ел өндірісті белгілі бір деңгейде азайтатын болып уағдаласқан-ды. Атап айтсақ, ұйым экспорттайтын жалпы шикізаттың 1/3-ін беретін Сауд Арабиясы өндіріс көлемін 0,5 млн баррельге қысқартуға келіссе, Иран мен Ирак, өз кезегінде, 4,351 және 3,797 млн баррельге азайтамыз десті.

Өндіріс көлемін азайту туралы бастаманың о бастағы иесі Венесуэла тек аталған ұйымға мүше мемлекеттер ғана емес, сонымен қатар ұйымға кірмейтін өзге де экспорттаушы елдерге осындай міндеттеме жүктеу керектігін айтты.

Нәтижесінде OPEC-ке кірмейтін Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Мексика, Колумбия, Оман, Боливия, Египет, Бахрейн, Норвегия, Канада, Тринидад және Тобаго елдері тәуліктік өндірісті 600 мың баррельге азайтатын болып шешілді. Оның ішінде тең жартысы, яғни 300 мың баррель Ресейдің мойнына жүктелді.

Investing басылымының хабарлағанындай, бүгін Венесуэла президенті Николас Мадуро Ресей президенті Владимир Путинге қоңырау шалып, екі елдің мемлекет басшылары Ресейдің мойнындағы әлгі міндеттемені кең талқылады.

Өз кезегінде Владимир Путин Кремльдің бұл бастамаға толықтай қосылатынын айтты. Шикізаттық дағдарыс басталғалы бері OPEC мүшелерін өндірісті азайтуға үгіттеп, ақыры дегеніне жеткен Венесуэла енді ұйымға мүше емес мемлекеттермен де осы мәселе бойынша байланыс орната бастаған секілді.

Осы бағыттағы жұмысын Николас Мадуро алдымен Ресейден бастап, енді көп ұзамай, келесі жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанның да мұнай өндірісін шектеу мәселесіне қалай қарайтынын сұрастыруы ықтимал.

Жалпы, әлем елдері мұнай өндірісін шектеп жатқанда Қазақстанның алған бағыты керісінше көрінеді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев 7 қарашада Елбасының Атырауға барған сапарында Қашаған кен көзінен алдағы жылдан бастап 9 млн тоннаға жуық қара алтын өндірілетінін айтты.

"2016 жылы 1 қарашада Қашағандағы мұнай өндіру көлемі тәулігіне 75 мың баррельден асып, коммерциялық деңгейге шықты. Қазіргі уақытта мұнай өндіру көлемін ұлғайту мақсатында тәулігіне 180 мың баррель деңгейін тұрақтандыру жұмысы жүріп жатыр. Жылдың соңына дейін 1 млн тонна мұнай мен 680 млн текше метр газ, 2017 жылы - 8,9 млн тонна мұнай мен 5,6 млрд текше метр газ өндіру жоспарланған. Одан кейінгі жылдары мұнай өндірісін 13 млн тоннаға және газ өндірісін 9 млрд текше метрге дейін көбейту жоспары бар", - деп баяндады Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысына.

Көптеп зарыға күткен Қашағанның биыл ашылуы – ирония. Қашаған ашылса, қара алтынға қарық боламыз деп келген Қазақстан мен әлемдік мұнай нарығының саясаты бір-біріне қарама-қайшы келіп тұр. OPEC бұдан былай өндірісті өсірмек түгілі, қазіргі деңгейден төмендетуге көшіп жатыр.

Ал Қазақстанның энергетика министрлігі келесі жылы бір Қашағандағы өндірісті 9 есеге дейін көбейтпекші. Қазірдің өзінде, OPEC мүшелері Қазақстан сынды бірнеше мемлекетті бірігіп тәулігіне өндіретін мұнай көлемін 300 млн баррельге азайтуға шақырады.

Әрине, OPEC ешкімді мәжбүрлей алмайды. Дегенмен, OPEC-ке мүше мемлекеттер бастап, Ресей олардың бастамасын қостап отыр. Келіссөз жүріп жатқанда сарапшылар Ресейдің тайқып шығуы мүмкін екенін айтып, қауіп қылған. Владимир Путин 7 қараша күнгі сөзінде тұрса, Ресей толықтай OPEC бастамасын қолдайды және тәулігіне 300 млн баррель азайтуға дайын.

Ең қызығы, Қазақстанның Энергетика министрлігі де 7 қарашада журналистерге жауап бере отырып, Қазақстанның OPEC бастамасына қосылатынын айтты.

"Мен қазір OPEC-пен сөйлесіп жатырмын. Біз өндірісті азайтуға қосыламыз", - деген министр Қанат Бозымбаев Елбасына, керісінше, келесі жылы мұнайды еселеп сатуға уәде берді.

Бірнеше ай бұрын үкімет отырысында да осы сауалға жауап беруге мәжбүр болған министр Қазақстан өзге елдердің бірауыздан келіскен бастамасына сөзсіз қосылатынын мәлімдеген еді. Қанат Бозымбаев үкіметтің 2017-2019 жылдарға арналған бюджетінде мұнай көлемі 35 доллар деп белгіленгенін ескере отырып, қара алтынның баррелі 35 доллар болған күнде де Қазастанның "плюсте" болатынын айтқан. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу