Қандай партияға депутаттық мандат қымбатқа түсті?

3163

Партиялардың сайлау шығыны олардың қол жеткізген нәтижесіне қаншалықты сәйкес келетіні белгілі болды. 

Қандай партияға депутаттық мандат қымбатқа түсті? Фото: inbusiness.kz

Inbusiness.kz Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне жүгініп, Парламент Мәжілісі сайлауының алдын ала қорытындыларын жариялады.

Парламенттік доданың қаншалықты таза өткені басқа әңгіме, ол байқаушылар сынының бөлек нысанасы. Дегенмен, сайлаудың қаржылық қырына да үңілген жөн.

Сонымен, парламенттік аламанға түскен 7 партияның алтауы жаңа, VIII шақырылымдағы Парламент Мәжілісіне өткені белгілі болды. Тек таяуда ғана құрылған екі партияның бірі – "Байтақ" жасылдар партиясы ғана небәрі 2,30% немесе 146 431 дауыс жинап, табалдырықтан аттай алмай қалды.

Ортсайлауком дерегіне сүйенсек, "Байтақ" партиясы сайлауға жалпы сомасы 54 млн 203 мың теңге қаржы салыпты. Оның барлығы саяси партияның өз қаражаты болып шықты. Партияның ресми есебінен анық болғандай, оған республика азаматтары мен ұйымдарынан ерікті қайырмалдықтар, яғни демеуқаржы түспеген көрінеді.

Партия 12 наурызға дейін бұл соманың 48,1 миллион теңгесін жұмсап үлгерген. Басым бөлігін, 47,7 миллионын үнпарақ, брошюра сияқты баспа, дыбыс-бейне жəне өзге де үгіт материалдарын шығаруға жəне таратуға шығындаған екен.

Енді жеңіс тұғырына көтерілгендерге келсек.

1. Сайлауға қаржы құю жөнінен "Amanat" партиясы алдына жан салмады. Ресми мәлімет бойынша ол сайлау қорына 1 миллиард 49,9 миллион теңгеден астам қаражат жинаған. Бірақ оның 794 миллион теңгеге жуығын ғана жұмсапты. Партия Парламентке өткендіктен, жұмсалмай қалған қаражаты оның өзіне қайтарылады. Яғни, бюджетке аударылмайды.

Бұл ретте 350 миллион теңгесі "Amanat"-тың өз қаражаты болса, тағы 699,9 миллион теңгені ол Қазақстан азаматтары мен ұйымдарынан жинаған.

Қазақстандықтардың 53,90% немесе 3 431 510 адам Amanat партиясына дауыс берді.

Сарапшылардың бағалауынша, "Amanat"-тың партиялық тізіміне шамамен 40 депутаттық мандат тиюі мүмкін. Егер шынымен солай болса, онда әр мандат оған 19,8 миллион теңгеге түспек.

2. Бұл сайлауға "Ауыл" партиясы қаржы көздерін барынша сайлап келді: ол сайлау қорына 755 млн теңге жинай алды. Оның 577,2 миллионынан астамын жұмсап үлгеріпті.

"Ауыл" партиясының төл қаражаты да алдыңғы партияға жетеқабыл болды: 330 миллион теңге. Бұған қоса, 425 миллион теңгеден артық соманы оның жеңісіне сенген жеке және заңды тұлғалар тарту еткен.  

Сайлаушылардың 10,90% немесе 693 938 адам "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясын таңдады.

Егер "Ауыл" партиясына 8 мандат тисе, онда әр мандаттың құны 72 миллион теңгеге жуықтамақ.

3. Сайлау қорына көп қаржы жия алған партиялардың үштігін "Ақ жол" тұйықтады: 605,4 миллион теңге. Партия оның кем дегенде 586,9 миллионын жұмсаған.

"Ақ жол" 314,5 миллион өз қаржысын бәске тікті, өзіне үміт артқан азаматтар мен ұйымдардан тағы 290,9 миллион теңге қайырмалдық қаражат тарта алды.

ОСК дерегіне сенсек, "Ақ жол" Қазақстан демократиялық партиясының пайдасына сайлау құқығын жүзеге асырған азаматтардың 8,41% немесе 535 139 адам дауыс берді.

Егер сарапшылар бағалап отырғандай, "Ақ жолға" 6 мандат тисе, онда әр депутаттық орын 97 миллион теңгеден қымбатқа түсуі мүмкін.

4. Сайлау қорына Қазақстан халық партиясы 459,3 миллион теңге тарта алды. Бірақ қолда бар ресми есепке жүгінсек, партия оның 323,8 миллионын ғана жұмсапты.

ҚХП парламенттік додаға 100 миллион төл қаражатын, жеке және заңды тұлғалардың 359,3 миллион теңге қаржысын жұмылдыра алды.

Қазақстан халық партиясы сайлаушылардың 6,80% немесе 432 920 адамның даусын иеленді.

Егер оған 5 мандат берілсе, онда бір депутаттық кресло кемінде 64 миллион теңгеге түсті деген сөз.

5. Биыл ғана тіркелген "Respublica" партиясы сайлау қорына 374,3 миллион теңге жинай алды. Қорын сайлау додасына толық дерлік жұмсап үлгерген: 373 млн теңге шығындады.

"Respublica" партиялық қоржынынан 339,3 миллион теңге аударса, ал тілектестерінен 35 миллион теңге ғана қайырмалдық қаражат жиыпты.

Respublica партиясын сайлаушылардың 8,59% немесе 547 154 адам жақтағаны анықталды.

Егер осыған орай ол 6 мандатты еншілесе, Мәжілістегі әр депутаттық орын 62 миллион теңгеге түсті деген сөз.

6. Оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық партия алғаш рет Парламентке кіргелі тұр. Бірақ салыстырмалы түрде алғанда ол осы бәйгеге аса көп шығындала қойған жоқ: Ортсайлауком дерегінше, партия сайлау қорына 209,8 миллион теңге салған. Оны толықтай дерлік, яғни 208 миллионнан астамын іске жаратыпты.

Бұл ретте 199,8 теңге партияның жеке қаражаты болды. Ал республика азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырмалдықтары небары 10 млн теңге ғана.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 5,20% немесе 331 058 адам дауыс берді.

Сарапшылар бағалауынша, егер ЖСДП-ға кем дегенде 4 депутаттық мандат ұсынылса, онда әр мандат 52 млн теңгені қажет еткен көрінеді.

Нәтижесінде, егер мандат бөліс сарапшылар санағандай болса, онда депутаттық орындар "Amanat" пен ЖСДП-ға барынша арзанға, ал "Ақ жол" мен "Ауылға" аса қымбатқа түсті деген сөз.

Еске сала кетер болсақ, бұған дейін партиялардың сайлауға қанша миллиард шығындап жатқаны да айтылған болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу