Қандыағаштағы қанды жол

2835

110 адамның жанын жалмады.

Қандыағаштағы қанды жол

"Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші кезеңіндегі 30 жобаның қатарына қосылған "Орталық-Батыс" тас жолы ажал аймағына айналды. Былтыр осы жолдың бойында 870 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 1173 адам жарақат алып, 110 адам қайтыс болды.

"Орталық-Батыс" тас жолы Нұр-Сұлтан қаласын Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарымен байланыстырады. Ұзындығы 1292 шақырымды құрайтын тас жолдың 518 шақырымы Ақтөбе облысын басып өтеді. Республикалық маңызы бар тас жолдың Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз және аудандық маңызы бар Ырғыз-Нұра бағытындағы бөлігі адам шошырлық жағдайда. Ал Шалқар, Ырғыз елді мекендерінің арасындағы 3 автожол көпірін жел шайқап тұр.

Сенатор Бауыржан Қаниевтің сөзінше, Ақтөбе облысы тұрғындарының жанын жалмап жатқан сапасыз жолды жөндеуге қазынадан қаржы бөлінбесе, "қайғы құшқан" отбасылардың қатары көбейе береді.

"Орталық-Батыс" тас жолының бір бөлігі саналатын Қандыағаш-Шалқар-Ырғыз автожолы қанағаттанарлықсыз жағдайда тұр. Сапасы сын көтермейтін тас жол Ақтөбе облысы тұрғындарының өліміне себеп болып отыр. Бұл жолға қатысты мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы 22 мамырда Ақтөбе облысының жұртшылығымен кездесуінде көтерілді. Сонда Мемлекет басшысы аталған учаскенің стратегиялық маңызын назарға алып, үкіметке "Нұрлы жол" инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік  бағдарламасы аясында Қандыағаш-Шалқар-Ырғыз бағытындағы жолды қалпына келтіруді қаржыландыруды тапсырды. Аталған учаске бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын. Жобаны жүзеге асыру Ақтөбе облысы аумағындағы автокөліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді депутат.

Бауыржан Қаниевтің пікірінше, тас жол жөнделсе, көрші елдермен барыс-келіс жанданып, тауар айналымын артады. Ең бастысы жол-көлік оқиғасы азайып, орны толмас өкініштің алды алынады. 

"Жол апатынан қаза тапқандардың 50 пайызы – жастар"

"Жол активтері ұлттық сапа орталығы" РМК бас директоры Замир Сағынов орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында осылай деді. Ол әлемде жыл сайын жол апатынан 1 млн 350 мыңнан астам адам қаза табатынын қынжылып жеткізді.

"Күн сайын 3,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасының салдарынан өмірмен  қош айтысады. Бұған қоса жыл сайын 25 млн адам түрлі дене жарақатын алып жатады. Елімізде соңғы 17 жылда 270 мың жол апаты тіркелді. Салдарынан 300 мыңнан астам адам дене жарақатын алып, 49 мың адам қайтыс болды. "Өкінішке қарай, жол апатынан қаза тапқандардың 50 пайызы – жастар", – деді Замир Сағынов.

"5 мыңға жуық жол белгісінің 46 пайызы стандартқа сай емес"

Замир Сағыновтың сөзінше, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" республикалық акция ұйымдастырып, жол белгілері мен таңбалардың сапасын тексергенде бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Бұл туралы ол:"Тексерілген 5 мыңға жуық белгінің 46 пайызы стандартқа сай болмай шықты. 1 620 шақырым жол белгісінің 251 шақырымында тиісті талап сақталмаған. Қала көшелеріндегі белгілердің 50 және таңбалардың 40 пайызын дұрыстау қажет", – деді.

Cынаманың сапасы сын көтермейді

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК мамандары 9 айда жол сапасына қатысты 20 мыңнан астам сынама алған. Зертханалық талдау барысында 4 мыңнан астам сынаманың стандартқа сай емес екені анықталған. Орталық өкілдері еліміздің түкпір-түкпіріндегі жолдардан 7 жарым мың кемшілік тапқан.

Бұл туралы орталықтың бас директоры Замир Сағынов: "Құны 1 млрд 700 млн теңгені құрайтын жолды қайта жөндеуге қаражат бөлу туралы ұсыныс бердік. 1 млрд 500 млн теңгенің жұмысы қайта жасалды. Автомобиль жолдары комитеті 16,5 мың шақырым жолдың сапасын тексеруге тапсырыс берді. Бүгінге дейін 10 мың шақырым жолды тексеріп үлгердік. Қазіргі уақытта жолдардың 78 пайызы қанағаттанарлық жағдайда", – деді.

­­­Обалы не керек, ел аумағында халықаралық стандартқа сай жол желісін құру жоспарлы һәм нәтижелі жүріп жатыр. Ішкі автожол қатынасын дамыту ісі шұрық-тесік жолдарды жамап-жасқау шеңберінен шығып, екі жолақты қарапайым тасжолдарды бірнеше жолақты автобанға айналдыру дәрежесіне жетті. Қазақстанның жолдары шет мемлекеттердегі сияқты ақылы, ақысыз деп жіктелетін болды. Елімізде бір емес, бірнеше ақылы автобан іске қосылды. Алайда күні бүгінге дейін еуропалық стандартқа жете алмай келеміз.  

Кадр тапшылығы өзекті мәселе

"Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, автомобиль жолдары саласында кадр тапшылығы күн тәртібінде тұр. Мәселені шешу үшін орталық қызметкерлері был­тырдан бері оқушылар арасында кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Студенттерді ақылы өндірістік тәжірибе тарту тәсілі сәтті қолданылуда.

"Біздің мамандарымыз 715 мектепте, 12 жоғары оқу орнында, 17 колледжде оқушылармен, студенттермен кездесу ұйымдастырды. Жол саласына қызығушылық танытқан білім алушылармен байланыс орнатылды. Мұндағы мақсат – шәкірт тәрбиелеу арқылы мықты маман даярлау", – деді бас директор.

Қанат Махамбет


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу