Қаңғыған итті қорғайтын заң адамдарды неге қорғамайды – Нартай Сәрсенғалиев

Бір ғана Атырау облысында 2023 жылдың бір жарым айында 32 баланы ит қапқан.  

Қаңғыған итті қорғайтын заң адамдарды неге қорғамайды – Нартай Сәрсенғалиев Фото: yandex.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ҚР Премьер – Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында қаңғыбас иттер мәселесін көтерді,  деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Бүгінгі депутаттық сауалымыз адам өміріне қатысты. Ағайынның арызы, бұқараның базынасы "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңмен байланысты. Дұрысы Заңды біржақты пайдаланып адамның өміріне атүсті қарау десек болады.
Елден хабар алғанда еститініміз қаңғыбас иттен қорыққан ағайынның арызы. Олардың көзін жояйын десе бәрі "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заңнан зәредей қорқады. Қаңғыбас иттерді ұстаған жауапты орган өкілдері оларды жуындырып, тазалап, екпе салып қайтадан ұстаған жеріне әкеліп тастайды екен. Екпеден итке ес кірді дегенді естімеп едік, демек бұл нәтижесіз әрекет емес пе?!  Біз қаңғыбас жануарларды қырып салсын деп тұрғанымыз жоқ. Бірақ қаңғыған итті қорғайтын Заң адамдарды неге қорғамайды деп сұрағымыз келеді?", – деді спикер. 

Заңды жүзеге асыру үшін 2022 жылға 1485, 6 млн теңге қарастырылғаны жазылған. Жергілікті бюджеттен тағы қосымша қаржы қарастырылады делінген. Алайда уәде етілген оқшаулау орталықтары, вакцинация басқа да жұмыстар толық жүргізілмей келеді. 

"Оған бірнеше мысал бар, Түркістан облысында ит қапқан бала құтыру ауруынан көз жұмған. Алматы облысы Талғар ауданында ауладан шығып кеткен танадай ит кішкентай балақайдың  бетін, арқасын және жамбасын тістеп тастаған. Жануар иесі кішкентай қыздың ата-анасына 30 мың теңге беріп құтылмақ болған. Атырауда осы жылдың ақпанында қаңғыбас ит 8 жасар баланы әбден талап тастаған. Бір ғана Атырау облысында 2023 жылдың бір жарым айында 32 баланы ит қапқан. Былтыр сәуірде Ақтөбеде 12 жасар Мадияр есімді балақайды қаңғыбас иттер құрылыс алаңында талап тастады. Жеткіншек сол жерде көз жұмды", – деді мәжілісмен. 

Бұл ретте депутат Роман Склярдан "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Заң күшіне енгелі бері жануарларды оқшаулауға, оларға екпе салуға, стирильдеуге қанша қаражат жұмсалды" деп сұрады. 

"Республикалық және жергілікті бюджетті есептегенде нақты қай өңірге қанша қаражат  бөлінді? Олардың нысаналы жұмсалуын қай орган тексеріп отыр? Жануарларды ұстайтын орталықтардың техникалық стандарты толық дайын болды ма? Және адамдардың, оның ішінде жасөспірім балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті мемлекеттік органдарға нақты шара қабылдау үшін тапсырма беруіңіз қажет деп есептейміз. Себебі  қандай жағдайда қаңғыбас жануарларға қандай шара қолдану керегін жергілікті атқарушы органдар әлі түсінбейтін сыңайлы", – деді Сәрсенғалиев. 

Сондықтан мәжілісмен "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңнамаға өзгеріс енгізіп, Заңды іске асыру кезінде кеткен кемшіліктерді жою үшін министрліктің, басқа да өкілетті органдардың құқықтық-нормативтік актілеріне, бұйрықтарына түзетулер енгізіп осы олқылықтарды шұғыл жою қажет деп есептейді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу