Қант енді бұрынғы бағасына қайта оралмауы мүмкін

4914

Елімізде құмшекерге қатысты дүрбелең жүріп жатқаны мәлім. Бірақ бұл өнім бағасының қымбаттауы девальвацияға, Ресейдің Украинаға басқыншылығына дейін басталған.

Қант енді бұрынғы бағасына қайта оралмауы мүмкін

Кейбір сарапшылар Қазақстанда қант бағасының қымбаттауына және оның кейбір сауда орындарының сөрелерінен жоғалып кетуіне Ресейдің Экономикалық даму және интеграция үкіметтік комиссиясының шешімі түрткі болды деген пікір айтуда. Себебі бауырлас елге баса-көктеп кіргені үшін басы бәлеге қалған солтүстік көршіде алапат азық-түлік тапшылығы туындайды деген болжам бар. Оған жол бермеу үшін Мәскеу елден астықты, ақ қантты және құрақ-тростник қантын өзге мемлекеттерге әкетуге тыйым салды. РФ Экономикалық даму министрлігінің түсіндіруінше, шектеу биылғы 31 тамызға дейін белгіленіп отыр. Бірақ жағдай түзелмесе, ұзартылуы ықтимал.

Қазақстанның ішкі нарығы сол бұрынғыдай шетелдік, әсіресе, ресейлік жеткізілімдерге қатты тәуелді. Республикада 2021 жылы тұтынылған қанттың шамамен 60%-дан астамы – импорттық болған. Айта кету керек, еліміз тек Ресейден ғана емес, Беларусьтен де молынан (35,5 мың тонна) қант импорттайтын. Минск әзірге экспортына тыйым салған жоқ, соған қарамастан, олардан келетін жеткізілімдер де сұйыла бастаған деседі.

Әрине, ҚР Сауда және интеграция министрлігі (СИМ) елде қанттың қоры барын айтып, дүкенге жаппай тұра жүгірген халыққа басу айтуға тырысты. Алайда айтқаны елдің тіптен үрейін ұшырғандай 3 айлық қана қант қоры қалған көрінеді.

Өңірлер әкімдіктерінің және Сауда желілері одағының ақпараты бойынша "сауда нысандарында және жергілікті тұрақтандыру қорларында халықтың 3 ай бойғы сұранысын қанағаттандыруға жетерлік қант қоры қордаланған".

Дегенмен бұл бір тоқсаннан кейін Қазақстан мүлдем тәттісіз қалады деген сөз емес. СИМ-нің сендіруінше, мемлекетіміз енді Қазақстанға қант жеткізетін елдердің санын көбейтеді.

Сарапшылардың айтуынша, бұрын осыған Еуразиялық одақ аясындағы кедергілер тежеу болып келген екен. Басқаша айтқанда, республика бұған дейін үнемі өз өнімін тықпалаған Ресей және Беларусьтен енді "тәуелсіздік" алып, басқа нарықтарға құлаш ұрады, олардан қант жасау үшін қажетті шикізатты көбірек сатып ала бастауға тиіс. Өзге елдердің жеткізушілеріне артықшылық пен жеңілдіктер ұсынылады. Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі Қазақстанға 2022 жылғы 31 тамызға дейін жеңілдікті тарифті қолдана отырып, шетелден 250 мың тонна қант әкелуіне рұқсат етіпті.

"Жеткізушілердің географиясын кеңейту және тәуекелдерді азайту шеңберінде дайын қант өндіру үшін басқа елдерден қант шикізатын сатып алу жұмысы жүргізілуде. Қазақстанда 2022 жылғы тамыз айының соңына дейін кедендік баждарды төлеуден босату арқылы 250 мың тонна қант әкелу мүмкіндігі бар. Қант бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар сауда объектілерінің "айналым схемасын" пайдалануды және тұрақтандыру қорларынан интервенцияларды қоса алғанда, бірқатар шаралар қабылдайтын болады", – деп сендірді сауда ведомствосы.

Министрліктің мәліметінше, 2021 жылы Қазақстанның өзінің қант өндірісі 276,9 мың тоннаны құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 89%-ға көп. Әйткенмен бұл да жетпейді.

"Қазақстанда өнеркәсіптік пайдалануды қоса алғанда, қант пен сірнені тұтынудың шамамен 60%-ын импорттық өнім құрайды. 2021 жылы Қазақстанға басқа елдерден 506,9 мың тонна қант және қант шикізаты импортталды. Соның ішінде, Ресей Федерациясынан бізге 275,8 мың тоннасы әкелінді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 12,7%-ға аз. Бразилиядан – 164,6 мың тонна, Беларусьтен – 35,5 мың тонна, Мексикадан – 30,4 мың тонна импортталды", – деп мәлім етті СИМ.

Баға бұрынғы қалпына орала ма?

Сарапшылар қант бағасы 2022 жылғы халықаралық геосаяси күйзеліске дейін-ақ көтеріле бастағанын еске салады.

Latifundist.com дерегінше, дүниежүзінде 3 мемлекет осы нарықтың алпауыттары саналады: Бразилия, Үндістан және Таиланд бүкіл жаһандық қант экспортының 65%-ын еншілеп отыр.

Әлемде қант бағасы былтырдан бері өсуде. Біріншіден, 2021 жылы пандемиядан кейін төрткүл дүниедегі қантқа деген сұраныс артқан. Кейбір дерек бойынша ол шамамен 168,25 млн тоннаны құрапты. Бұл кейбір нарықта тапшылыққа түрткі болған.

Екіншіден, әлемде қант қызылшасын өндіру көлемі жыл санап құлдырауда. Былтыр дүниежүзінде қызылшадан 35,93 млн тонна ғана қант жасалған, ал 2020 жылы 39,90 млн тоннасы өндірілген еді. Қызылша қантының көлемі бес жылдан бері азайып келеді. 

Үшіншіден, нарықтың алыбы – Бразилияда былтыр алапат қуаңшылық болып, одан қант құрақтарының плантациялары қатты зардап шекті. Өз кезегінде бұл халықаралық нарықта тапшылыққа және әлемдік бағалардың өсуіне соқтырды.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің нақтылауынша, 4 наурыздағы жағдай бойынша елімізде 47,6 мың тонна қант қоры болған. Соның ішінде тұрақтандыру қорларында – 3,7 мың тонна, сауда объектілерінде – 26,7 мың тонна, кәсіпорындарда –11,2 мың тонна, қоймаларда – 5,8 мың тонна. Яғни 19 миллион қазақстандыққа 2,5 келіден келеді. Зерттеушілердің мәліметінше, 1 адам жылына орта есеппен шамамен 25 келі қант тұтынады.

2021 жылғы қазанда қанттың 1 тоннасының бағасы бірден 20 мың тоннаға шығандап шыға келді. Биржада 136 тоннасы 42,8 млн теңгеге сатылған. Яғни 1 тоннасы 315 мың теңгеге жетті. Бұған дейін биржада тоннасы 295 мың теңгеден сатылып келіп еді.

Осылайша, қант бағасының көтерілуіне электронды сауда алаңдары да кері әсерін тигізіп отыр.

Елімізде құмшекер биылғы ақпан айында ары қарай қымбаттады. Осыған орай Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ішкі нарықта бағаны тұрақтандыру үшін 7005,8 тонна қантты сатып, интервенция жасапты. Бірақ оның қанты да қымбат болды. Оның өнімінің 1 тоннасының құны 311 мың теңгеден жеткізілді.

Билік шетелдік өнімге тәуелділікті азайту жұмыстарын қабылдауға тырысуда. Атап айтқанда, елімізді қантпен қамтамасыз ететін басты өңір – Алматы облысында 2025 жылға дейін қызылша егістігінің ауданын қазіргі 16 мыңнан 53 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Сонымен бірге отандық 2 қант зауытының өңдеу қуаты 1,1 миллион тоннаға дейін арттырылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу