banner

Қант қызылшасына да қаржы қажет

Қажет Андас, Алматы облысы Қажет Андас, Алматы облысы
5797

Биыл Ақсу қант зауытын жаңғыртуға 8 млрд теңге бағытталады.

Қант қызылшасына да қаржы қажет

Қант қызылшасы – Жетісу жерінің төл дақылы. Республика бойынша өндірілетін тәтті түбірдің  едәуір көлемі біздің облысқа тиесілі. Бұл ретте елімізде тәтті түбір ең алғаш рет Талдықорған өңірінде өсірілгенін айта кету керек.

Қант қызылшасының өнімділігі ең алдымен тұқымға байланысты. Бүгінгі таңда Жетісу жерінде 13 сұрып сынау орталығы жұмыс істейді. Талдықорған сорт сынау орталығында "Ауантаж", "Роксана", "Крокодил", "Рис" сияқты гектарына 700-800 центнерден өнім беретін қант қызылшасының сұрпы сынақтан өтуде. Шетелдік тәжірибенің өнімі саналғанымен, дәл осы сұрып Жетісу жеріне бейімделіп жатыр.

"Әлемдік ауыл шаруашылығы саласында Беларусь елінің тәжірибесі озық. Бұл елдің қант қызылшасын өсірудегі тәжірибесін дүниежүзі меңгеруге құлшынып жүр. Мысалы осыдан 10 жыл бұрын қант қызылшасы себілген суармалы жердің гектарнан 250 центнер өнім алатын беларусьтар бүгінгі таңда суарылмайтын жердің гектарынан 600 центнер өнім жинап жүр. Ал суармалы жерден 800 центнер қант қызылшасын өндіріп жатыр. Олардың тәжірибесін үйрену отандық шаруалар үшін ауадай қажет", – дейді мемлекеттік сұрып сынау инспекциясы Алматы облыстық филиалының  директоры Әбдіқадыр Наубаева.

Қазіргі кезде облыстағы тұқым шаруашылықтары шет мемлекеттердің ғалымдарымен байланыс жасап, тұқымның жаңа сұрпын  өндіре бастады. Алайда бұл жерде бір кілтипан бар. Үкімет тауар өндірушілерге қолдау көрсетеді, ал тұқым өндірушілерге назар аудармайды.

Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тұқым шаруашылығы бөлімінің басшысы Аманбек Қасымов: "Жүгері, күнбағыс сияқты тәтті түбірден өзге дақылдардың 1 га  жеріне кететін шығыны Үкімет тарапынан субсидияланады. Қант қызылшасының тұқымы өте нәзік, ерекше күтіп-баптауды қажет етсе де, оған демеу қаржы қарастырылмайды. Бұл – күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе", – деді.

Жергілікті тұқымның өнімділігі жақсы, дегенменен жыл қорытындысында қызылша еккен 470 шаруашылықтың басым бөлігі жоспарларын орындай алмады. Оған күзде жыртылмаған сүдігер мен көктемде айдалған құрғақ топыраққа егілген тұқымның шықпай қалуы себеп болды. Ал майбұршақ егіліп, құнары кеткен алқапқа себілген қызылша қурап қалды.

Былай етуге болмайтындығы туралы бір емес, бірнеше рет айтылды. Әлі де айтылады.

"Ауыспалы егістік жүйесі бойынша, бұл дақыл 2  жыл жоңышқадан, бір жыл күздік бидайдан соң егіледі. Сонан соң арамшөпке қарсы дуал голд, зеллек, лонтрелл сынды химиялық шаралар іске асырылады. Ол өнімділікті 96-98%-ға арттырады. Біз аммиак селитрасы,   аммофос, калий тұзы сияқты минералды тыңайтқыштарды пайдаланамыз. Ал "Хильниченко и К" шаруа қожалығы  органикалық көң қолданады. Нақты нәтижеге келетін болсақ, өнімді жинау кезінде әр гектардың тығыздығы 75-80 мың түбірді құрайды. Әр түбірдің орташа салмағы 1,0-1,5 келі болады. Нәтижесінде биологиялық өнім гектарына 800-900 центнерді құрайды. Ал майбұршақ егілген жерге қызылша егу – пайдаға емес, шығынға бастайтын іс", – деді "Штурбс рус Германия" селекциялық компаниясының сарапшысы Петр Красножонов.

Қант қызылшасы минералды тыңайтқыштарды жоғары мөлшерде қажет ететіндігімен ерекшеленеді. Осыған орай сала мамандары Ақсу ауданы Жансүгіров ауылдық округіне қарасты Алтынарық, Көкөзек ауылдары мен Қаракөз, Ойтоған ауылдық округінің қызылша алқабына тексеріс жүргізіпті. Бұл өңір сұр топырақты болғандықтан әр гектардан 350-450 центнер өнім алу үшін тұқымды 90-120 келі азот, 90 – 110 келі  фосфор, 90-120 келі көлемінде  минералды тыңайтқышпен қоректендіру керек. Мамандар қоректік заттардың ішінде азот өте төмен, фосфор орташа, калий тыңайтқышы жоғары екенін анықтапты.

"Минералды тыңайтқышты алқапқа 4-5 жылда бір рет сеуіп отыру қажет. Қызылша өзіне қажетті қоректік затты өніп шыққан кезден бастап, жиналғанға дейін пайдаланады. Бірақ қызылшаның өсуі мен дамуы кезеңінде оларды қажетсінуі бірдей болмайды. Бұл дақыл үш кезеңде өсіп-жетіледі. Біріншісі, тұқым себуден бастап шілденің ортасына дейін. Бұл кезде оның сабақ жапырақтары жетіледі. Осы сәтте оны азот тыңайтқышымен қоректендіру керек. Екіншісі, шілде мен тамыздың ортасы, бұл кезде өнімнің тамыры өсіп, салмағы артады. Өсімдікте қант жинау үрдісі жүреді. Осыған байланысты фосфор, калий тыңайтқыштарын топырақ құрамына қарай дұрыс пайдалану қажет. Фосфор, калий тыңайтқыштары өнім тамырының артуына және қанттылығының көбеюіне әсер етеді", – дейді "Жетісу" ӘКК" ҰК" АҚ агротехнология жөніндегі кеңесшісі, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Әбілқайыр Бексұлтанов.

Тыңайтқышпен қатар суландыру жүйесі де тәтті түбірдің тағдырына әсер етеді. Осы тұста биыл Алматы облысында ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге дүниежүзілік қаржы институттарынан 18,6 млрд теңге инвестиция тартылғанын және Ақсу, Алакөл, Ескелді және Көксу аудандарында қосымша 35,4 мың га жер айналымға қосылатынын айта кеткен жөн.

Бұл бағыттағы жұмыста ақсулықтар көш бастап тұр.

"Өткен жылы суландыру жүйесінің әлеуетін көтеруге тиісті 98 каналдың нақты жағдайы анықталып, "Қазсушар" ММ-не өткізілді. Биыл ілкі жоба арқылы "Ислам Даму Банкі" арқылы бөлінген 5 млрд. 100 млн. теңгемен осы бағыттағы жұмыстарды қолға алмақпыз. Нәтижесінде 744,8 шақырым аумақтағы игерілмей жатқан жерге су жеткізіліп, ел игіліне асады", – деп мәлімдеді Ақсу ауданының әкімі Әділбек Далбағаев. Ал Алакөл ауданындағы 1239,8 шақырымға созылып жатқан су жүйесін бір жылда реттеу мүмкін емес. Жобаға қыруар қаржы кететіндіктен, алакөлдіктер бұл міндетті кезең-кезеңімен орындауды жоспарлап отыр.

"Біз осыған дейін аудан бюжетінен 160,4 млн теңге қаржы бөліп, 360,2 шақырым су жүйесінің жобалық-сметалық құжатын дайындадық. Биыл "Ислам Даму Банкі" арқылы бөлінген 7,2 млрд теңге қаржы осы мақсаттағы жұмысты атқаратын болады. Нәтижесінде 10300 га жер айналымға еніп, ауданның суармалы егістік көлемі 40,4 мың га ұлғаяды", – деді аудан әкімі.

Шет елде ауыл шаруашылық дақылдарын тамшылатып суару технологиясы  қолданылады. Жаңа технология жамылғы пленканы пайдаланумен ерекшеленеді. Мұндай әдіс арамшөп пен өсімдік ауруының, зиянкестердің азаюына ықпал етеді. Ал су өсімдіктің тамырына тамшылап жетеді.

"Тамшылатып суару тәсілі бойынша Қытай елінде, Жаркент қаласы маңындағы шекарадан 45 шақырым жерде 1 млн га жерге өнім егілген.  Мұнда егін егетін жер арнайы тегістеуді қажет етпейді. Қыратты төбелер өз қалпында қала береді. Өсімдікке қажет қоректік зат сумен араласып барады. Біздің ғылыми-зерттеу жұмысымыздың қортындысына сәйкес, 2013-2014 жылдары тәтті түбірдің әр гектарына 648 ц/га, тамшылатып суару бойынша 785-1037 ц/га, пленканы қолданғанда 1052-1345 ц/га өнім алынды", – дейді Ресейдің "Агролинг" серіктестігінің менеджері Игорь Стрелюк. 

Яғни тамшылатып суару кезінде топырақ екінші рет тұзданбайды және минералды тыңайтқыштардың шайылып кетуіне жол берілмейді. Бұл тамшылатып суару кезінде су өсімдіктің тамырына тура жетеді деген сөз. Сәйкесінше пленка астында жатқан өсімдік қалыпты жағдайда өсіп жетіледі.

"Қант қызылшасының өсуі мен дамуы үш кезеңге бөлінеді. Үш кезеңдегі  жұмыс топырақтың агрохимиялық қасиеттері негізінде суды тамшылатып берудің пайдалы екенін көрсетіп отыр. Дақылды тамшылатып суаруда өсімдікке қажет су бұрынғы технологияға қарағанда 1,5-2 есеге аз пайдаланылады",– дейді ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Керімқұл Қонысбеков. 

Қызылша қабылдау жұмысы кезінде "Көксу-Шекер" қант зауытына айтарлықтай салмақ түсті. Тіпті алыс ауылдар қант қызылшасын уақытында өткізе алмай, күздің суығына ұрынып, біраз алқап қар астында қалып қойды. Биыл қант қызылшасының егістік алқабын 9 мың га ұлғайтып, 300 мың тоннадан астам өнім жинап, 30 мың тонна қант өндіру  жоспарланып отыр.

"Өткен жылғы қызылша қабылдаудағы қиындықтарды болдырмау үшін биыл екі жинау алаңы салынады. Біреуі – Сарқан ауданының Қойлық ауылында, екіншісі – Ақсу қант зауытының жанында. Мұны өнім жинауға дейін іске қосуымыз керек. Онсыз қантты жоспардағыдай көлемде өндіре алмаймыз", – деді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Аймақта қант қызылшасы өндірісіне қатысты мәселе күн тәртібінен түскен емес. Күні кеше Алматы облысы әкімдігі мен "Энергосмост" консорциумы арасында Ақсу қант зауытын іске қосу туралы келісімге  қол қойылды. Құжатты облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров пен "Энергосмост" консорциумының даму жөніндегі директоры Сәкен Мұратов ресми рәсімдеді.

"Мен құрылысшы едім, қазір қызылша өсірудің маманы болдым. Зауытты іске қосуға барлық күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз. Оған біздің мүмкіндігіміз жетеді. Тек инвесторлармен бірлесе еңбек ету керек", – деді осы шарада облыс әкімі Амандық Баталов. Ал "Энергосмост" консорциумының даму жөніндегі директоры Сәкен Мұратов жоспар бойынша Ақсу қант зауыты жыл соңында іске қосылуы мүмкін екенін жеткізді.

"Қыркүйектің соңы, қазанның басында шикізат қабылдана бастайды. Жалпы, биыл 80-100 мың тонна қант қызылшасын өңдеуді көздеп отырмыз", – деді Сәкен Мұратов.

Оның сөзінше, Ақсу қант зауытын жаңғырту жобасына биыл 8 млрд теңге жұмсалады.

Зауыт іске қосылғаннан кейін оны шикізатпен қамтамасыз ету қажет. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров: "Жетісу жеріне биыл егілетін 9 мың гектар қант қызылшасынан ойдағыдай өнім алу үшін Алакөл, Ақсу аудандары мен Қапшағай қаласында сервистік-дайындау орталықтарын құруға, қант қызылшасының  шетелдік тұқымын сатып алуға облыс бюджетінен 1,4 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылы қант қызылшасының әр тоннасы 17  мың теңгеден сатылды. Бұл баға биыл өспесе, төмендемейді", – деді.

Ал облыс әкімі Амандық Баталов импортты азайтатын күн жақындап келе жатқанын тілге тиек етіп, ойын "Ақсу қант зауытында жасалған" деген жазуы бар алғашқы өнім біз үшін үлкен қуаныш болады", – деген сөзбен қорытты.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу