Қант нарығы: Баға мен өндіріс қалай өзгерді?

Соңғы екі жылда елдегі қант бағасы кемінде екі есеге өсті. 

Қант нарығы: Баға мен өндіріс қалай өзгерді?

Көршілес Ресей мемлекеті осы жылдың наурыз айында өз елінің аумағынан қант шығаруға шектеу қойғаны сол еді, қазақстандық нарық тығырыққа тірелді. Елде өнімнің бұл түрінің тапшылығы мен бағасының өсуі бірден байқалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Шектеуге дейін

Өткенге шегініс жасап, елдегі қант нарығының жағдайына көз жүгіртсек, қиындықтың бұл шектеулер енгізілгенге дейін басталғанын аңғаруға болады. 2010 жылы әлемде қант өндірісімен айналысатын ірі компаниялар кезең-кезеңмен зауыттарын жауып, жұмыстарын тоқтата бастады. Бұған басты себеп – әлемдік нарықта қанттың тым көп шығарылуы. Өндіріс сұраныстан артық болғандықтан, Бразилия, Үндістан, Қытай, Тайланд, АҚШ және Мексика сынды мемлекеттерде күнделікті тұтынатын тауардың бағасы арзандап, оның табыс көзі ретіндегі тиімділігі төмендеді. Айталық, 2015 жылы әлемдік нарықтағы бір фунт, яғни шамамен 454 грамм қант 10,5 цент болса, 2018 жылы баға тағы 30%-ға арзандады. 

Ал 2019-2020 жылдары қант қызылшасын мол көлемде өсіретін осы елдерде жиналатын өнім күрт азайды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты Аустралияда қызылша 250 мың тоннаға, Пәкістанда 300 мың тоннаға, Тайландта тіпті 1 млн тоннаға дейін азайды. Сондықтан әлемдік нарықтағы дайын өнімнің көлемі де төмендеді. Сәйкесінше, бағасы өсе бастады. Айталық, 2018 жылы қанттың бағасы 30%-ға арзандаса, 2019 жылы қайтадан 5%-ға көтерілді. Осылайша, кезең-кезеңмен баға өзгере берді. Пандемия кезінде "шарықтау шегіне" жетті. Себебі сұраныс күрт артып, өндіріс оның соңына ілесе алмай жатты. Шыны керек, кейбір зауыттар тұтынушылар тарапынан туындаған мұндай сұранысқа дайын болған жоқ. Соның өзінде пайда көріп қалмақ болып, қордағы аз қантты қымбатқа сатқандар табылды. 

Алысқа бармай-ақ, өз еліміздегі жағдайды саралап көрелік. Айталық, 2020 жылдың наурыз айына дейін елдегі қанттың бір келісінің орташа бағасы 164 теңге болса, небәрі бірнеше апта ішінде бірден 215 теңгеге дейін көтерілді. Сол тұста ел билігі өнімнің күрт қымбаттауын коронавирустық инфекция таралуының алдын алу мақсатында елдер мен облыстар арасындағы шекараның жабылуымен, көлік-логистикалық саладағы қиындықтармен байланыстырды. Азық-түлік тауарларын тасымалдайтын компанияларға арнайы жолдамалар беріліп, олардың жүріп-тұруына жағдай жасалғанмен, жағдай жақсара қойған жоқ. Керісінше, баға ай сайын өсе берді.

Мәселен, Павлодар облысында 2020 жылдың наурыз айында бір келі қанттың бағасы 166 теңге болса, сәуірде 235 теңгеден сатылды. 

Бұл уақытта әлемдік нарықта қант дайындауда пайдаланылатын шикізаттың бағасы көтерілді. Сондықтан 10 жыл бұрын жұмысын тұралатқан кейбір өңдеу орындары ісін қайта жаңғыртып, өнім алуға білек сыбана кірісті. Осы кезде қазақстандық зауыттар "қайта жанданған" бәсекелестікке шыдас бере алмады. Отандық нарықтағы үлестің 70 пайызын Ресей мен Беларусь елінің өнімдері алатынын ескерсек, Қазақстандағы төрт кәсіпорынның бұл мемлекеттердің 70 зауытына төтеп берер қауқары жоқ. Сол себепті былтыр Меркі мен Ақсу өңдеу орындарының өндірісі тұралап қалды. Ал Тараздағы қант зауытына қуаттылықты 25 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін түсіруге тура келді. 

"Ресей, Беларусь пен Қазақстанның нарығы ортақ. Оның 70%-ын көршілес елдердің өнімі алып отыр. Себебі бізде дайын тауар шығаратын шикізат аз. Мысалы Жамбыл облысында жиналған барлық қант қызылшасы Меркідегі зауыттың бар болғаны 75 күн жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Қалған күндері кәсіпорын өңдейтін шикізатсыз қалады. Біздің қуаттылығымыз экспортқа өнім шығаруға жеткенмен, басқа ел түгілі өзімізді жарыта алмай отырмыз", – дейді қант өндірушілері бақылау кеңесінің басшысы Нұржан Қайырбеков. 

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, көршілес Ресейде бір жылда орта есеппен 6 млн тонна қант қызылшасын жинайды. Ал Қазақстандағы көлем 500 мың тоннадан әрі аспайды. Сондықтан өзге елдің нарығына тәуелді болуға мәжбүрміз. 

Шектеуден кейін 

Бірақ осы жылдың наурыз айында бұл тәуелділік кәдімгідей тығырыққа тіреді. Ресей өз елінің аумағынан қант шығаруға шектеу қойып, оның салқыны бізге тиді. Бұған дейін тұрақты түрде алып келген қанттан қағылдық. Ал бұл – отандық нарықтағы өнімнің 70%-ы (!). Бұлай боларын ешкім болжап білген жоқ. Сондықтан жұрт арасында екі жыл бұрынғыдай даурығу басталды. Олар сауда сөрелеріндегі қанттың барлығын әп-сәтте сыпырып әкетті. Ұрымтал сәтті пайдаланған делдалдар бағаны бірден өсірді. Сөйтіп келісі 264 теңге көлемінде болған қант бағасы кей дүкендерде 500 теңгеге дейін көтерілді. Соның өзін табу мұңға айналды. Бар болған күнде бір адамға екі-үш келіден артық берілген жоқ. Бұл талап әлі күнге дейін жалғасып келеді. Мұны түсінген кей пысықайлар сауда орнына отбасымен барып, әрқайсысы бір-бір пакет көтеріп әкететін болды. 

Шекараның арғы жағынан келетін өнім тыйылған соң, Тараздағы қант зауытына жүктеме бірнеше есеге артты. Бұған дейін отандық нарықтың 21%-ын қамтып келген кәсіпорын енді оның басым бөлігіне әлеуметтік маңызы бар тауарды жеткізуге тиіс.

"Тараз қант зауыты" ЖШС басшысы Александр Шлегельдің айтуынша, өнім барлық өңірге теңдей жөнелтілуде. 

"Ресейдің шекараны жабуына байланысты біздің өнімге сұраныс жоғары. Осы жылдың наурыз айында толық қуаттылыққа көштік. Қазір тәулігіне 650 тонна қант шығарамыз. Оның барлығы белгіленген кестеге сәйкес ішкі нарыққа, тұрақтандыру қорларына жөнелтіледі", – дейді Александр Шлегель. 

Қазір мұнда көтерме сауда арқылы өнімнің бір келісін шамамен 450 теңгеге алуға болады. Ал наурызға дейін келісін 290 теңгеден сатқан болатын. Сұраныс артқан соң тағы қосып, 380 теңгеге дейін көтерді. Кәсіпорын басшылығы мұны шикізатты алудағы шығындардың күрт артуымен байланыстырды. 

Иә, іргедегі елден қағылған соң, басқа мемлекеттегі өндірушілерді іздеуге тура келді. Сөйтіп бүгінгі таңда нарықтағы қанттың басым бөлігі Беларусьпен қатар Бразилиядан, Молдовадан жеткізіліп жүр. 

"Импортқа тәуелді тауарлардың бағасы қалай болғанда да өседі. Себебі бүкіл әлемде биржалық баға көтеріліп жатыр. Логистика, доллар мен еуро да қымбаттап жатыр. Әрине, бұған дейін өнімнің 70%-ын Бразилиядан гөрі Ресейден арзанға әкелу әлдеқайда тиімді еді. Алайда соңғы жағдайларға байланысты логистиканы ауыстыруға тура келіп отыр. Қазір қантты Иран арқылы жеткізу мәселесі де қаралуда", – деді ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов. 

Бұл министрлік өкілдері елдегі қанттың орташа бағасы 480 теңге көлемінде дегенмен, іс жүзінде аулалардағы кейбір шағын дүкендерде баға 800 теңгеге дейін жетеді. Яғни, ресми статистика мен нақты жағдай арасы жер мен көктей. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов мұнда кәсіпкерлердің де кінәсі бар деп есептейді. 

"Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қант қоры 100 мың тоннадан асады. Ал тұрғындар ай сайын 59 мың тонна тұтынады. Түптеп келгенде, қордағы көлем жетуге тиіс. Бірақ үй жанындағы дүкендерде қанттың келісі 700-800 теңгеден сатылады. Бұл – сұранысты пайдаланып, үстемеақы қойып отырған жеке тұлғалардың заңсыз кәсіпкерлік қызметінің нәтижесі. Жалпы бір келі қанттың орташа бағасы шамамен 480-490 теңге болуға тиіс. Мұны ретке келтіру керек", – деді ол сенбі күні өткен Үкімет жиналысында. 

еnergyprom.kz сайтының саралауынша, ең арзан қант Ақтөбеде сатылады. Мұнда оның бір келісі 670 теңгеден басталады. Нұр-Сұлтан, Орал және Атырау қалаларында сатушылар бір келісі үшін 750 теңге сұрайды. Ең қымбат қант Шымкент пен Қостанайда сатылады. Бұл қалаларда бір келі кем дегенде 800 теңге тұрады. 

Қант зауыты қашан салынады?

Кей сарапшылар бағаны қант қызылшасын салып, оларды өңдеу арқылы шешуге болады деп пайымдайды. Яғни импорттық тәуелділіктен арылып, өзгенің өнімін өзіміздің өніммен алмастыруды құп көреді. Алайда бұл бір-екі жылда шешілетін түйін емес секілді. Себебі бұл бағыт керісінше кері кетіп барады. 

Қазақстанның қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының мәліметінше, былтыр жоспарлы 22,5 мың гектар орнына 14,5 мың гектарға ғана қант қызылшасы егілді. Ал биыл тек 12 мың гектарға тұқым салынды. 

"Қазақстанның қант нарығының жалпы көлемі 500 мың тоннаны құрайды. Өзімізді толығымен қамту үшін жылына 4 млн тонна қант қызылшасын өсіруіміз керек", – дейді қауымдастық өкілдері. 

Алайда күзде жиналатын өнім көлемі 500 мың тоннаға да жетпей тұр. "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының департамент директоры Ербол Есенеевтің пайымынша, мәселені шешу үшін алдымен суармалы алқап көлемін ұлғайту керек. 

"Шаруалардың көкөністің бұл түрін өсіруде қиындықтары көп. Қант қызылшасы суды жақсы көреді. Бірақ суармалы жерлерді көбейтетін мүмкіндік жоқ. Тұқымның 90%-ы әлі күнге дейін сырттан сатып алынады. Өкінішке қарай, өз технологиямызды да қалыптастыра алмадық", – деп мәселенің шетін шығарды Ербол Есенеев. 

Бұл тұрғыдан алғанда қант зауыттары бар Алматы мен Жамбыл облыстарына қарағанда Павлодарлық әлеуеті зор. Мұндағы шаруалар Ертіс өзені мен Қ.Сәтбаев каналынан су алып, суармалы алқап көлемін ұлғайта алады. Сол үшін дәл осы өңірде қант зауытын салу бойынша бастама да көтерілген болатын. Алайда соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Осыдан үш жыл бұрын 10 шаруашылық қант қызылшасын алғаш рет салып, гектарынан 500 центнер өнім алды. Оның құрамындағы қант 16-19%-ды құрады. Алайда Ақсудың индустриалды аймағынан бөлінген жерге зауыт салуға ниетті инвестор табылмады.

Таяуда түркиялық "Чалык Холдинг" компаниясымен келісім жасалып, бұл холдинг 152 мың тонна дайын өнім шығаратын кәсіпорын құрылысына 106 млрд теңге қаржы құюды жоспарлаған болатын. Бұл жоба сәтті іске асса, отандық нарықтың төрттен бір бөлігін қамтуға мүмкіндік туады. Алайда соңғы уақытта құрылыс материалдарының бағасы мен жұмыс күшінің ақысы өскенін ескерген инвестор бүгінде екі ойлы болып тұр. 

Айта кетейік, Павлодар облысындағы қанттың бағасы арзан да, қымбат та емес. Статистикалық деректер бойынша, наурызда құмшекердің келісі 372 теңге болса, сәуірде 397, мамырда 440 теңгеге дейін көтерілді. Тұрақтандыру қорынан таратылған қанттың қазіргі бағасы 495 теңгеден аспауы тиіс. Алайда кейбір дүкендерде бір келісі 650-700 теңгеге дейін сатылуда. 

Түптеп келгенде, Үкімет елде қант қоры жеткілікті, бағасы тұрақты дегенді алға тартып отыр. Қазір қоймаларда 31 мың тоннадан астам өнім бар. Оған қоса, 16 мың тонна жақын күндері сырттағы мемлекеттерден келуі тиіс. Бірақ үнемі басқаларға алақан жайып отыруға болмайды. Өзімізді өзіміз қамту үшін тереңдегі түйткілдерді тарқатқан жөн. Әйтпегенде, қанттың бағасы ел аузында жүргендей 1 мың теңгеден асып түсуі ғажап емес. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кірген өнімнің бағасы бұлай құбылса, тұтынушылардың қалтасына қазіргіден де ауыр салмақ түсері анық. 

Құндыз Қабылденова