Қант зауытына "талас"

3525

Павлодарда қант зауытын салуға қытайлық және ресейлік инвесторлар қызықты.

Қант зауытына "талас"

Павлодар облысы өңірде бұған дейін өсірілмеген қант қызылшасын егіп, қантты өзімізде өндірмек. Жыл басында қант зауытын салуға ниетті инвестордың Қытайдан табылғанын  жазған едік. Енді бұл іске ресейлік кәсіпорын да қызығушылық танытып отыр. Атап айтқанда, "Сасса" инвестициялық-консалтингтік тобы Ақсу қаласына қарасты агропаркте зауыт салуға ниет білдірді. Компания өкілдерінің айтуынша, Павлодар облысында қант өндірісіне қажет жер, су, өзге де ресурстар жеткілікті.

"Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы аталмыш жобаны 18 млн АҚШ долларына бағалап отыр. Жоспар бойынша келесі жылы қант зауытының қазығы қағылып, 2021 жылы іске қосылуға тиіс. Алайда қос елдің инвесторлары тарапынан әлі күнге дейін нақты қадам жасалған жоқ. Тек қытайлық "CNOOD Asia Limited" компаниясымен екіжақты меморандумға қол қойылды. Ал келісімшарт жасауға асығар емес. Сондықтан "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы техникалық-экономикалық негіздеме жасауды, жер рәсімдеуді, инфрақұрылым тартуды өздері-ақ бастап кетті.

"Қазіргі уақытта инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Бізге тек зауыт салатын емес, кейін осы кәсіпті кеңейтіп, дамыта алатын ірі компания керек. Сондықтан әрқайсысының стратегиялық жоспарын, тәжірибесін, менеджмент жүйесін – барлығын сарапқа салып саралаймыз. Кейін Павлодар облысында қант зауытын салуға қауқарлы кәсіпорын анықталатын болады",– дейді "Павлодар" ӘКК бөлімінің бас менеджері Ринат Мұхамадиев.

Ал шикізатпен жергілікті шаруалар қамтымақ. Бұған дейін Павлодар облысы аумағында кең көлемде қант қызылшасы өсірілмегені ескеріліп, шаруаларға сынақ жүргізу үшін ғана тұқым таратылды. Бұл істі қолға алғандардың бірі – Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы "Тимур" шаруа қожалығы.

"Мен 1993 жылы қант қызылшасын өсіріп көрдім. Көкөністің бұл түрі жоғары күтімділікті қажет етеді. Ол кезде суару мүмкіндігі болмай, гектарынан небәрі 45 тонна жинадым. Биыл бұл істі қайта бастадым. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қызылшаның 8 түрлі сұрпын берді. Оларды бүгін-ертең 1 гектар жерге егемін. Биыл тәжірибе түрінде жүргізілетіндіктен, қосымша техника мен қаржы қажет емес. Күзде өнім мол шықса, келесі жылы ауқымды кеңейтпек ойым бар. Сол кезде комбайн, қопсытқыш, басқа да техникалар сатып алуға тура келеді",– дейді "Тимур" шаруа қожалығының басшысы Равиль Мингазов.

Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Есентай Мүрсәлімовтің айтуынша,  аймақтың оңтүстік, солтүстік, батыс және шығыс аудандарында орналасқан 10 шаруашылықтың әрқайсысына қант қызылшасының 8 сұрпының тұқымы 250 граммнан үлестірілді. Мамыр айының соңына дейін шаруалар 2 келі тұқымды егіп үлгеруге тиіс.

"Қант қызылшасының қай ауданның климатына бейім келетінін сынау мақсатында әртүрлі аудандардағы шаруаларға теңдей қылып бөліп бердік. Сөйтіп, барлығы шамамен 10 гектар аумаққа тұқым егіледі. Болжам бойынша, өнім 120 күнде өсуі керек. Тамыз-қыркүйек айларында нәтижесін көрерміз. Ал дайын өнімді сақтауға қатысты түйткіл туындамауға тиіс. Себебі көкөніс қоймалары бар шаруаларды таңдап алдық", – дейді Есентай Мүрсәлімов.  

Айта кетелік, жаңа қант зауыты жылына 750 мың тонна қант қызылшасын өңдеп, одан 100 мың тонна өнім алады деп жоспарланып отыр. Республика бойынша қантқа сұраныс 500 мың тоннаны, ал Павлодар облысының қажеттілігі 11 мың тоннаны құрайды.

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу