Қант зауытының жобасы "жырға" айналды

3534

Павлодардағы өңдеу орнының жобасы әлі дайын емес. 

Қант зауытының жобасы "жырға" айналды

Ресейдің бидай мен қант эскпортына шектеу қоюы ел билігі мен отандық тауар өндірушілердің сын сағатқа мүлде дайын емес екенін көрсетіп берді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Мысалы, Павлодар облысында қант зауытын салу туралы мәселенің көтеріліп жүргеніне бес жылдың жүзі болып қалды. Бұрынғы облыс басшысы Болат Бақауов солтүстікте де қант қызылшасын салып, оны өңдеуге болатынын дәлелдемек болып, шаруаларға тәжірибе жүзінде қант қызылшасын егуді тапсырған-ды. 2019 жылы өңірдің әр ауданындағы 10 шаруашылық барлығы 10 гектар аумаққа германиялық тұқымның 8 сұрпын салды. Нәтиже жаман болған жоқ. Шаруалар әр гектарынан 40 центнер өнім жинады. Ресейдің Алтай өлкесіндегі зертханада жүргізілген талдау нәтижелері Павлодар облысында өсірілген қызылшаның құрамында 14-15% қант барын көрсетті. Бұл – өңдеуге нағыз қолайлы көрсеткіш. Бірақ қызылшаны өңдеу туралы әңгіме сонымен тәмам болды. Себебі зауыт салу мәселесі тұралап қалды.

Негізі, Павлодар облысы басшылығының әу бастағы жоспары бойынша, 2019 жылы алғаш рет тәжірибе ретінде қант қызылшасын өсіріп, 2021 жылы оны өңдеу орнын іске қосу керек еді. Десе де, бұл іс сиырқұйымшақтанып, "жылы" жабыла салды.

Ал таяуда Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Өтешов қант зауытын салуға әзір компания табылғанын хабарлады. Ол – Түркияның "Чалык Холдинг" компаниясы. Инвестор бұл жобаға 106 млрд теңге құйып, Ақсу қаласының аумағындағы индустриялық аймаққа қант зауытын салмақ. Жоспарға сәйкес, мұнда жылына 152 мың тонна қант шығарылады. Бірақ оның қай жылы болары әзірше белгісіз.

"Қазіргі уақытта зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. "Павлодар" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жобалық-сметалық құжаттарды жасау ісімен айналысуда", – деді Мейрам Өтешов.

Айта кетейік, өңір тұрғындары жылына 11 мың тонна қант тұтынады. Оның жартысынан астамы Ресейден жеткізіледі. Бірақ көршілес мемлекеттен өнімді шығаруға шектеу қойылғандықтан, алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар тауар түріне кіретін қантпен қамту мәселесі қалай шешілері әзірге беймәлім. Тұтынушылар соңғы жағдайларға байланысты қант күрт қымбаттап, тапшылық туындай ма деп қауіптенеді.

Десе де, жергілікті билік алаңдауға ерте екенін алға тартады. "Павлодар" ӘКК ақпаратынша, қазір тұрақтандыру қорында 2,5 мың тоннадан астам қант бар. Жыл соңына дейін тағы 1 400 тонна сатып алу жоспарланып отыр. Оның келісі қордан 240 теңгеден босатылып, әлеуметтік дүкендерде 264 теңгеден аспауы тиіс.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу