Қаңтар оқиғасы: ІІМ қандай қылмыстық істерді тергеп жатыр?

1781

Тіркелген қылмыстардың 70%-ы ұрлыққа қатысты.  

Қаңтар оқиғасы: ІІМ қандай қылмыстық істерді тергеп жатыр?

Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің басшысы Санжар Әділов қаңтар оқиғасы кезінде қанша күдікті ұсталғанын, қандай қылмыстар тергеліп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Атырау және Семей қалаларында 1 466 әртүрлі ғимаратқа шабуыл жасалды. Оның ішінде 71 мемлекеттік мекеме, 12-сі әкімшілік ғимарат мен 27 полиция нысаны бар", – деді СКҚ-де өткен брифингте.

Оның айтуынша, тәртіпсіздіктер барысында бизнес нысандары ең көп зардап шеккен, әрі 1 395 бизнес нысан тоналған.

"700-ден аса көлік бүлінді. Оның 500-ден астамы полиция, қорғаныс, төтенше жағдай министрліктері, жедел жәрдем және өзге де органдардың қызметтік көліктері. 116 көлік тұрғандарға тиесілі", – деді басқарма басшысы.

Санжар Әділов қаңтар оқиғасы кезінде 7 аңшылық дүкеніне шабуыл жасалғанын, 1 564 қару ұрланғанын атап өтті.

Ол Мемлекет басшысы лаңкестік актілердің себептерін және ұйымдастырушылардың анықтау бойынша тергеуді Бас прокуратураға тапсырғанын жеткізді.

"...Қылмыстардың 70%-ы немесе 1 356 қылмыстық іс ұрлаққа байланысты. Олар тәртіпсіздіктерден туындаған хоас негізінде Алматы қаласының сауда объектілеріне жасалған ұрлық істері болып саналады. 127 қылмыстық іс атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактілері бойынша, тағы 30 қылмыстық іс оларды ұрлау бойынша тергеліп жатыр.

63 қылмыстық іс мүлікті қасақана бүлдіру және жою, 12 қылмыстық іс көлікті айдап кету, 24 қылмыстық іс қарақшылық тонау, 23 іс құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану және олардың өміріне қол сұғу фактілері бойынша тіркелді", – деді басшы.

Санжар Әділов ұрлық пен тонау дерегін бойынша 274 адам уақытша ұстау абақтасына қамалғанын жеткізді.

"Ұсталғандардың кінәсі ұрланған тауарлар мен қару түріндегі алынған заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбаларымен, әлеуметтік желідегі роликтермен, күдіктілерге тиесілі ұялы телефондардан табылған деректермен дәлелденеді", – деп түйіндеді сөзін Тергеу департаментінің басшысы.

Айта кетейік, осыған дейін елдегі тәртіпсіздіктер кезінде 227 адам қаза тапқаны хабарлаған.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу