Қаңтар оқиғасы кезінде резиденцияда түнедім – Тоқаев

2087

Қазақстан Президенті "Россия 24" телеарнасының тілшісіне сұхбат берді.  

Қаңтар оқиғасы кезінде резиденцияда түнедім – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде елден кетпегенін, өз резиденциясында түнегенін айтты. 

"Барлық төңкерістің мақсаты – басқа адамдардың билікке келуі. Өзім туралы айтар болсақ, мен бұл күндері осында, президент резиденциясының ғимаратында болдым, ешқайда шықпадым. Тиісінше осында түнедім. Оқиға басталған сәттен бері мен астанадан кетпейтінімді айттым", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев "Россия 24" телеарнасының тілшісі Андрей Кондрашовке берген сұхбатында. 

Президент "ұшаққа немесе тікұшаққа отырып, Қазақстаннан кету" туралы ұсыныс болғанын айтты. 

"Әлбетте, мен мұндай қадамды жоспарламадым. Соңына дейін осында болу керек деп шештім", – деді Мемлекет басшысы. 

Қаңтар айының басында Жаңаөзен қаласында басталған бейбіт митингілер экономикалық және саяси талаптарды орындату үшін тұтас ел бойынша жаппай наразылықтарға ұласты. Бірқатар аймақта тәртіпсіздіктер орын алды. Әкімшілік ғимараттарға, полиция бөлімшелеріне, дүкендерге шабуыл жасалды. Республиканың ең ірі қаласы – Алматы қылмыстық топтардың әрекеттерінен көп зардап шекті.

Алдын ала мәліметтер бойынша, тәртіпсіздік кезінде 227 адам, оның ішінде 19 құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкері, сондай-ақ әскери қызметшілер қаза тапты.

Президент қаңтар оқиғасын елге жасалған террорлық шабуыл деп есептейтінін айтты. Оның пікірінше, "мемлекетке қарсы операция арнайы жоспарланған". 

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу