Қаңтар оқиғасы: Президент елге ҰҚШҰ бітімгерлерін кіргізгеніне өкінбейді

1493

Оның пікірінше, ҰҚШҰ (ОДКБ) бітімгерлері РФ Президенті Владимир Путиннің жеке әскері емес.  

Қаңтар оқиғасы: Президент елге ҰҚШҰ бітімгерлерін кіргізгеніне өкінбейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ бітімгерлерін кіргізгеніне өкінбейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Qazaqstan телеарнасының журналисті Жайна Сламбек "Сіз Ресей Президенті Владимир Путинге телефон соғып, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің әскери контингентін елге шақырдыңыз. Бұл еліміздің дербестігін Ресейге беру емес пе? Оларды шақырмасақ болмай ма? Қазір сіз өкінбейсіз бе?" деп Мемлекет басшысына сұрақ қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сұраққа толық жауап берді.

"Өкінбеймін. Менің ойымша, бұл ешқандай өкіндіретін шешім емес. Мен дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, басқа қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контигент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада болды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмысы байқалды. Тіпті олар Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды", – деді Президент.

Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әскерлері Қазақстанда бірде-бір оқ атпағанын атап өтті.

"Оны анық айту керек. Олар тек негізгі стратегиялық объектілерді қорғап тұрды. Осы кезде Қазақстанның күштік құрылымдары іске кірісіп, қарулы лаңкестерге тосқауыл қойды, әрі арамызда тығыз байланыс пен үйлесім болды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кейін Президент "Енді Владимир Путинге қарыз болып қалдық" деген мәселеге тоқталды.

"Бұл бос әңгіме. Оны доғару керек. Біріншіден, ҰҚШҰ (ОДКБ) контингенті Путиннің немесе Ресейдің жеке әскері емес. Бұл ұйымның әскери құрамы оған мүше елдердің бәріне ортақ. Онда Ресейден бөлек, Беларусь, Армения, Тәжікстан және Қырғызстанның әскери бөлімдері бар. Қазақстан осы ұйымның толыққанды мүшесі, ҰҚШҰ-ның негізін қалаушысы. Сондықтан бәрі қисынды, заңды болды", – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, Ресей Қазақстанның сенімді серіктесі, әрі көршісі.

"Ресей – алпауыт ел. Ол өзінің геосаяси мүддесін де қорғады. Қазақстанның тұрақтылығы Ресейге өте қажет. Оны дұрыс түсінуіміз керек. Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптестер, арамызда шынайы достық пен өзара сенім болуы керек. Керісінше басқа саясат жүргізетін болсақ, еліміздің стратегиялық мүддесіне нұқсан келтіреміз. Жалпы біз ешкімге ештеңе қарыз емеспіз. Қазақстан – егеменді мемлекет. Сондықтан саясатымыз да дербес", – деді Президент.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу