Мысалы, бір ай аралығында барлығы 27 745 тұрғын үй сату-сатып алу мәмілесі тіркелді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оның 6 020-сы жер үй болса, 21 725-і – пәтерлер.
Желтоқсан айымен салыстырғанда нарықтағы қозғалыс бірден саябырсып, мәмілелер саны 47,8 пайызға қысқарған. Яғни, жыл соңындағы жоғары сұраныстың орнын жаңа жылдың алғашқы айында айқын бәсеңдеу алмастырып отыр. Мәмілелер саны бойынша дәстүрлі түрде ірі қалалар көш бастап тұр.
Астана қаласында 5 375 мәміле жасалса, Алматыда – 5 191, ал Қарағанды облысында 2 241 келісім тіркелген.
Ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысына тиесілі. Онда небәрі 283 мәміле рәсімделген.
Қаңтар айында тұрғын үй нарығындағы төмендеу барлық өңірде байқалды. Әсіресе, Павлодар облысында құлдырау 68,1 пайызға жетсе, Абай облысында 64 пайызға барды. Ал Солтүстік Қазақстан облысында бұл көрсеткіш 57,3 пайызды құрады.
Өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда да нарық толық қалпына келген жоқ. Жалпы көрсеткіш 10,3 пайызға азайған. Сарапшылар мұны маусымдық факторлармен, сондай-ақ сатып алушылардың шешім қабылдаудағы сақтығымен байланыстырады.