Қар аз, қауіп көп

3486

Павлодарлық шаруалар қуаңшылықтың алдын алып жатыр.

Қар аз, қауіп көп

Биыл Павлодар облысында қар жылдағы мөлшерінен аз түсті. Осыған байланысты шаруалар ертерек қамданып, қар тоқтату жұмыстарына кірісіп кетті. Себебі олар "қуаңшылық болып, өнім бітік шықпай қалуы мүмкін" деп қауіптеніп отыр. 

Былтыр түскен қардың қалыңдығы 30 сантиметрден асқан еді. Сол себепті шаруалар бірінші ізде 352 мың 500 гектар, екінші ізде 22 мың 700 гектар алқапта қар тоқтатты. Биылғы қардың қалыңдығы жыл басынан санағанда орташа есеппен небары 25 сантиметрді құрап отыр. Сондықтан бірінші іздің өзінде дәнді дақылдар себетін 410 мың 500 гектар алқапқа қар тоқтату қажеттілігі туындап отыр. Бүгінге дейін 163 мың 100 гектар жерде қар тоқтатылған.

Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бас маманы Байболат Рахымжановтың айтуынша, ауа райының қолайсыздығы жылдағы науқанды дер кезінде бастауға мүмкіндік бермей отыр.

"Жыл сайын қар тоқтату жұмысын желтоқсанда бастап, ақпанда аяқтайтынбыз. Биылғы ауа райы бұған мүмкіндік бермеді. Қардың аз түсуі мен қақаған аяз шаруаларды амалсыз кідіртті. Жылда атқарылатын жұмыс мерзімінен кешігіп, қаңтар айының бел ортасында бір-ақ басталды. Енді табиғат тосын мінез танытпаса, жұмыс наурыз айына дейін жалғасады", – деді Байболат Рахымжанов.

Осы орайда бидай өсіретін ірі шаруашылықтардың жолы болды деуге негіз бар. Себебі тегеурінді техника тізгіндеген кей шаруа қожалықтары күзде өнім жинаған тұста бидайдың масағын ғана алып, сабағын қалдырды. Қар тоқтатудың мұндай әдісі нәтижесіз емес. Айталық дәл осы әдіс қолданылған 52 мың гектар алқаптағы қардың қалыңдығы 33 сантиметр.

Қазір Ертіс ауданында қар тоқтату жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Мұнда  ылғалдандырылуы  тиіс 100 мың гектар жердің 73%-ы игерілді. Ал Шарбақты ауданында 60 мың гектар жердің 40 мың гектарында қар тоқтатылды.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться