Қарабақ үшін қақтығыста 5 адам қаза тапты

1055

Баку мен Ереван кінәні бір-біріне артты. Мұндай оқиғалар аймақта бейбітшілік орнатуға үнемі кедергі жасап келеді.

Қарабақ үшін қақтығыста 5 адам қаза тапты Фото: АР агенттігі

Арменияның ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жексенбі күні этникалық армяндар тұратын сепаратистік Таулы Қарабақ аймағының полициясы мен әзербайжандық жауынгерлер арасында атыс болып, кем дегенде үш адам мерт болды.

Оқиғаға байланысты екі тарап әртүрлі мәлімдемелер жасады. Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қарулы қақтығыс әскерилер Армениядан Таулы Қарабақ астанасы Степанакертке апаратын қосалқы жолда қару тасымалдады деген күдікпен көліктерді тексеруге кіріскенде басталған.

Армения Ішкі істер министрлігі болса, бұл атысты "тұтқиылдан жасалған шабуыл" деп сипаттап, аймақтың төлқұжат бөлімшесінің үш офицері қаза тапқанын хабарлады. Және де Армения жағы ол адамдар мінген колоннада қызметтік тапанша мен құжаттар ғана болғанын айтып, "Бакудың қару-жарақ тасымалдады" деген мәлімдемесін "абсурд" деп атады.

Әзербайжан да өз күштерінің адам "жоғалғалтқанын" растап, 2 сарбазының құрбан болғанын жария етті.

Бұл жанжал 2020 жылы 6 мыңнан астам адамның өмірін қиған Таулы Қарабақ соғысынан бері онсызда шиеленісіп тұрған Армения-Әзербайжан қатынастарын тіпті нашарлатуы мүмкін. Айта кетсек, сол соғыс Ресейдің арағайындығымен және Арменияның Таулы Қарабақтың айналасындағы аудандардан бас тартуымен аяқталғаны белгілі.

Таулы Қарабақ - Әзербайжанның құрамында. Бірақ Ереванға арқа сүйеген этникалық армян күштері осы аймақ пен оның төңірегіндегі елді мекендерді 1994 жылдан 2020-ның күзіне дейін бақылап келді.

2020 жылғы соғысты аяқтау туралы келісім бойынша, Таулы Қарабақтағы 120 мыңдай армянды Армениямен байланыстыратын жалғыз ғана жол қалды. Ол - Лачын дәлізі.

Алайда, бұл жолдың өзін "экология белсенділері" атанған топ желтоқсаннан бері бөгеп тұр. Олар Қарабақтағы кен орындарының заңсыз игерілуіне қарсылық білдіріп жатырмыз дейді. Кейбір болжамдарға қарағанда, бұл демонстранттарды  Әзірбайжан билігі қолдап отырса керек.

Ресми Ереван болса, Баку Лачын дәлізін армяндарды Таяу  Қарабақтан кетіру үшін жауып отыр. Айта кетсек, жыл басында Әзербайжан қарабақтық армяндарға өзінің азаматтығын қабылдауды немесе басқа жаққа көшуді ұсынғаны белгілі.

Тағы бір айта кететін жайт, Дүниежүзілік сот өткен артада Әзербайжанды Лачын дәлізі арқылы еркін өтуді қамтамасыз етуге міндеттеді.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтағы жағдайды реттеу шаралары аясында бірнеше рет кездесті. Бірақ қайта-қайта тұтанған жанжал оты бейбітшілік жолындағы мұндай әрекеттерге үнемі кедергі жасап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу