Қарабатандағы қоршаған ортаға зиян келтірген компаниялар анықталды

11645

Олар қажетті құжаттарды ұсынбай, тексеруге кедергі жасаған.

Қарабатандағы қоршаған ортаға зиян келтірген компаниялар анықталды

Атырауда Қарабатан өндірістік кенішіндегі химия зауыты аумағында жердің қалдық сулармен ластану деректері орын алып, тексеріліп жатқанын бұған дейін жазған болатынбыз. Соған байланысты жоспардан тыс тексеру жүргізген облыстық экология департаменті зауыт салумен айналысатын кәсіпорындардың жұмысынан заң бұзушылықтарды анықтады.

Атап айтқанда, олар – "Базис-А" компаниялар тобының құрылыс бөлімшесі саналатын "Bazis Construction" және Атырау облысындағы "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағының аумағында құрамдастырылған циклді газ турбиналық электр стансасын салу жобасының операторы "Karabatan Utility Solutions ЖШС-лары болып отыр.

Тексеру барысында анықталғандай, салынып жатқан химия зауыты аумағында жер бедеріне рұқсат құжаттарынсыз 1600 м3 көлемінде сарқынды суларды ағызған.

Талдау нәтижесі ағынды суларда: нитриттер, нитраттар, жалпы темір, аммоний азоты, сульфаттар, хлоридтер сияқты зиянды заттардың болғанын, су дайындау және сарқынды суларды тазарту қондырғысының құрылысы аяқталмағанын көрсетеді. Сонымен қатар, ЖШС жобалық шешімімен ағынды суларды қайта пайдалану қарастырылған.

Сондай-ақ, "Karabatan Utility Solutions ЖШС аталған департаменттің лауазымды тұлғаларына жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде қажетті мәліметтер мен ақпараттарды ұсынбай, кедергі жасаған.

"ҚР экологиялық заңнамасын бұзған екі компанияға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Осылайша, "Bazis Construction" ЖШС-нен ҚР ӘҚБК 328-бабы бойынша 879 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынып,  қоршаған ортаға 585 мың теңгеден астам сомаға келтірілген залал өндіріп алынды. "Karabatan Utility Solutions" ЖШС тексеруге кедергі келтіргені үшін ҚР ӘҚБК 462-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі күні Атырау қаласының әкімшілік сотында алғашқы сот отырысы өтті. Қарау нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады",  деп мәлімдейді облыстық экология департаментінің баспасөз хатшысы Аслан Жеңісов.

Құралай Қуатова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу