Қарағандыда паралимпиадашылар мен сурдлимпиадашыларға пәтер кілті табысталды

151

Салтанатты шара Достық үйінде өтті.  

Қарағандыда паралимпиадашылар мен сурдлимпиадашыларға пәтер кілті табысталды Фото: gov.kz

Қарағандыда Спорт күніне орай Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жиын барысында алты спортшыға жаңа пәтерлердің кілті табысталды. Олардың қатарында Дастан Мұқашбеков, Даяна Федосова, Еркебұлан Қанафин, Аян Әбдіраш, Айжамол Абдикатова және Айда Мақатова бар.

– Бүгінде Қарағанды облысының мыңнан астам өкілі еліміздің ұлттық құрама командаларының сапында. Алға қарай нық қадам басу үшін жекелеген спорт нысандарын салудан заманауи спорттық орта қалыптастыруға және кластерлік тәсілге көшіп жатырмыз. Сонымен қатар спорттың баршаға қолжетімді болуы аса маңызды. Осыған байланысты инклюзивті бағытқа ерекше мән береміз. Басты мақсатымыз – спорт секциясына алғаш келген баладан бастап, Қазақстанның намысын ірі халықаралық жарыстарда қорғайтын спортшыға дейін әр азаматқа қолайлы жағдай жасау, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Сурдотаэквондошы Аян Әбдіраш та жаңа қоныс иелерінің қатарында. Қазақстанның спорт шебері таэквондомен 18 жылдан бері айналысады. Ол Сурдлимпиада ойындарында бір алтын және екі қола медаль жеңіп алған.

– Мен таэквондоны спорттың ерекше әрі сүйікті түрі ретінде бағалаймын. Бұл спортқа мені ата-анам алып келді. Алғашқы кезден-ақ жаттығуға қызығушылығым артып, нәтижелерім де біртіндеп жақсара бастады. Жеңістерге жету үшін тынымсыз жаттықтым. Бүгінгі қолдау мен қамқорлық үшін шын жүректен алғыс айтамын. Облыс әкімдігіне және дене шынықтыру және спорт басқармасына зор ризашылығымды білдіремін, – деді Аян Әбдіраш.

Шарада спортшылармен қатар жаттықтырушылар мен спорт ардагерлеріне де құрмет көрсетілді. Сала үздіктеріне алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталды.

Сонымен бірге спортшылардың жетістігіне қолдау көрсеткен ата-аналары марапатталып, спорт ардагерлеріне арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу