Қарағандыдағы бітпейтін мәселелер биліктің "бас ауруына" айналды

6853

Бірінші вице-премьер бар шаруасын жиып қойып, Қарағанды облысына аттанды.

Қарағандыдағы бітпейтін мәселелер биліктің "бас ауруына" айналды Фото: yartsevo.ru

Көлемі жөнінен еліміздегі ең ірі өңір болып табылатын Қарағанды облысындағы жолдардың жағдайы – жан түршігерлік. Сондықтан ахуалды түзетуді талап етіп, Парламент депутаттары былтырдан бері дабыл қағып, депутаттық сауал жолдауда. Қалаулылардың айтуынша, облыс басшылығы былқ етер емес.

Мәселен, 2023 жылғы 27 желтоқсанда "Ауыл" және "AMANAT" партиялары фракцияларының өкілдері Қарағанды облысының әкімі Е.Бөлекбаевқа "шұғыл сауал" (депутаттардың өзі солай атады) жолдады. Заң бойынша билік депутаттарға әрі кетсе 1 ай ішінде жауап беруі керек. Содан бері аттай алты ай өтті. Мәжілістің дерегінше, Қарағанды облысының әкімі жауап бермепті. Бұл – шенеуніктердің Парламентке мұрын шүйіре қарағанының көрінісі ме?

Мәжілісмен Қарақат Абденнің айтуынша, әкімге сауал жолдауға облыстағы Нұра ауданы тұрғындарының жанайқайы себеп болыпты.

"Көлемі жағынан ең ірі аймақ – Қарағанды облысының Нұра ауданы тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі аудандардың бірі. Алайда, күрежолдың қиылысында болса да облыс, аудан орталықтарына қатынайтын мүмкіндігі жоқ. Біріншіден, жолы – нашар, амалдап жүретін жол деген аты ғана. Екіншіден, ауданында жанар-жағармай станциясы жоқ. Бұрын Баршын ауылының маңында автозаправка жұмыс істеп тұратын, ол енді 200 шақырымға созылған Құланөтпес–Баршын–Шұбаркөл тас жолының бойында қаңырап бос тұр. Баршыннан облыс орталығы Қарағандыға дейін 350 шақырым жерде де бір бекет таппайсыз! 4–5 жыл бойы жанар-жағармайдан қол үзген халық әбден шаршады", – деді мәжілісмен Қ.Абден.

Егер билік халықты ең құрыса жалғыз ЖҚС-пен қамти алмаса, ХХІ ғасырда бұдан артық деградацияның көрінісін табу қиын болса керек. Бұл сондай-ақ өңірде шағын және орта бизнестің ахуалынан да хабар бергендей. Депутаттар мұны – өмірлік маңызды мәселе дейді.

"Аудан тұрғындарына азық-түлік алу үшін күнде орталыққа қатынау керек. Проблемасы тек бұл ғана емес. Көгілдір отыны атымен жоқ ауылдар газ баллондарымен күнелтеді. Ал, оған ай сайын қанша баллон тасып әкелу керек? Көліксіз шаруа бітпейді, шаруашылық қызметі тікелей осы жанар-жағармайға байланысты. Әрине, жалға алып, жанар-жағармайды жеткізген азаматтар болды. Бірақ оның бәрі шығын боп қалта қағады. Бензиннің қолжетімсіздігінен оның бағасы да шарықтап кетіп тұр", – деді қос партияның депутаттары.

Қарағанды облысындағы жолдардың "апатты" жағдайы 2023 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы Үкіметтің есебі қаралған таяудағы отырыста қайта күн тәртібіне шықты. Егер соған ренжіп, депутаттар есепті мақұлдамағанда, Бектенов Үкіметі отставкаға кететін еді.

Содан Үкіметте осы салаға жетекшілік ететін бірінші вице-премьер Роман Скляр утильалым сияқты күн тәртібінде күйіп тұрған өзге проблемаларды ысырып қойып, дереу Қарағанды облысына құйындай ұшты.

Журналистер шақырылмағандықтан, оңашада Скляр мен жергілікті жауапты шенеуніктер өзара дауыс көтере сөйлесуі мүмкіндігін де жоққа шығаруға болмайды. Өйткені Үкіметтің ресми ақпарынша, Роман Васильевич олардан "Қарағанды–Балқаш" автожолын реконструкциялауды жыл соңына дейін аяқтауды табанды талап етіпті.

"Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында ұзындығы 363 шақырым болатын "Қарағанды–Балқаш" автожолын реконструкциялау жұмысының барысымен танысты. Қазіргі кезде мердігер компания жол жабынының жоғарғы қабатын төсеп жатыр. "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұлов автожолдың тұтас бойында айналып өтетін жер жоқ екенін және көлік құралдары қозғалысы қалыпты жағдайда жүріп жатқанын баяндады. Жұмабек, Ақсу, Ақшатау, Ақсу-Аюлы елді мекендері мен Балқаш қаласы үшін 5 айналма жол салынды. Мердігер Балқаш қаласының іргесіндегі теміржол арқылы өтетін өткел мен жол айрығы құрылысын аяқтады", – деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Роман Скляр "Қарағанды–Балқаш" автожолы "Орталық–Оңтүстік" көлік дәлізін дамыту үшін керек екенін нықтады. Яғни, Қарағанды облысындағы мәселелер тұтас халықаралық дәліздің дамуына кедергі болса керек. Сондықтан Үкімет басшысының бірінші орынбасары бұл трассаның жол-құрылыс жұмыстарының қарқынын төмендетпеуді және жолды реконструциялауды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Депутаттардың айтуынша, Қарағанды өңіріндегі жолдардың уақытылы іске қосылмауы да Қазақстанды, болашақ ұрпақты қарызға батыруда.

"Үкіметтің және Жоғарғы аудиторлық палатаның есептерінің деректеріне сәйкес, 2023 жылы автожолдарды дамытуға, оның ішінде автомобиль жолдарын жөндеуге, күтіп-ұстауға, сапасын жақсартуға, құрылысына және реконструкциялауға 541,3 миллиард теңге бөлінді, яғни шығыны жарты триллионнан асты! Республикалық маңызы бар автожолдарды салу және реконструкциялау жобаларына шетелден мол қарыз тартылған, сондай-ақ Ұлттық қор шығындалып жатыр. Жоғары аудиторлық палата атап өткендей, кейбір жобалар жұмыс кестесінен қалып қойған, іске асыру мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Мысалы, "Балқаш–Бурылбайтал" учаскесін қайта жаңарту 2017–2020 жылдары іске асырады деп жоспарланған. Бірақ оны іске асырудың жаңа мерзімі – 2025 жыл деп белгіленді", – деді мәжілісмен Ержан Бейсенбаев.

Оның айтуынша, "сақалды құрылысқа" айналған ол жол сапалы салынса жөн. Сапасыз салынған жолдарды қайта жөндеуге Үкімет қаражатты тағы да бюджеттен немесе сыртқы қарыздардан алады.

Жол жобаларына Көлік министрлігі жауапты. Көлік министрі М.Қарабаев аталған жолдың құрылысы шынымен тым ұзап кеткенін жасырмады.

"Иә, бізде бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобалардың іске қосу мерзімі ұзарып кетті. Оның бірнеше себептері бар. "Балқаш–Бурылбайтал" жолы Дүниежүзілік банк қарызына қаржыландырылды. Сол банктің конкурстық рәсімдеріне сәйкес конкурс өткізілді, 2019 жылы жеңімпаз ретінде екі шетелдік компания айқындалды. Өкінішке қарай, олар екі жыл бойы, яғни 2021 жылға дейін ешқандай жұмыс атқарған жоқ. Сондықтан олармен келісімшартты толығымен жойдық. Банктің конкурстық шарттарына сәйкес, 2022 жылы жаңа конкурс өткізілді, қазақстандық компаниялар жеңімпаз деп табылды. Нақты жұмыс 2022 жылдың соңында ғана басталды. Осы мерзімі созылған жоба биыл толығымен іске қосылатын болады", – деп сендірді көлік министрі.

Сорақысы сол, мерзімінің созылуына байланысты оның бағасы бірден 13% қымбаттап кеткен.

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жолдарды реконструкциялау саласы былыққа бөгіп жатқанына назар аудартты.

Оның мәліметінше, "Астана–Қарағанды–Балқаш", "Қызылорда–Жезқазған" сияқты республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын реконструкциялау жұмыстары осыдан бес жыл бұрын басталса да әлі толық аяқталмаған.

"Реконструкциялау құны күрт өскен. Бұл халықпен кездесулер өткізгенде жиі көтерілетін мәселелердің бірі. Сондықтан осы жолдардың реконструкциясын жүзеге асырушыларды жазаға тартып, жолдарды толық аяқтау маңызды. Сонымен бірге Қазақстанда қараусыз қалған бір республикалық жол бар. Бұл "Қарағанды–Аягөз–Бұғаз" республикалық жолы. Оны да күрделі жөндеуден өткізу керек. Жалпы, жобаларды уақытылы орындауды, бөлінген қаражатты пайдалануды бақылауға алу қажет", – деді Н.Сабильянов.

Алдағы каникулда қалаулылар өңірлерді аралауға тиіс. Сенат пен Мәжіліс депутаттары Қарағанды облысына барудан қашады деген әңгіме бар. Өйткені сайлаушылардың айтар зары көп, шешімі әзір жоқ.

"Масқарасы сол, "Айта-айта Алтайды, Жамал апа қартайды" дегендей, "Қызылорда–Жезқазған" бағытындағы тас жолының жырын сонау 1-ші шақырылымдағы Парламент депутаты Мұхамбет Көпеев көтерген екен. Қазіргісі – 8-ші шақырылым! Осы жол туралы болашақта 15-ші шақырылымдағы Парламентте бір депутат айтып отыра ма деп қауіптенемін. "Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты" дегендей, біз Қызылорда жолын жырлап жүргенде бүгінде "Қарағанды–Жезқазған" трассасы тозып кетті. Ол жерде де қаншама жол-көлік оқиғалары болып жатыр. Тіпті "Арқалық–Жезқазған" жолын дауыстап армандауға да ұяламыз, өйткені мына қарағандылық жол әлі салынып болған жоқ", – деді мәжілісмен Ерболат Сатыбалдин.

Көлік министрі Марат Қарабаевтың ресми жауабына жүгінсек, "Жезқазған мен Қарағандының арасындағы 528 шақырым жолға биыл ғана тендер өткізілмек және құрылысы тек келесі жылы басталады". Алайда, бұл жоспар ғана. Күзде республикалық бюджет секвестрлендіріліп, Үкімет жаппай үнемдеуге көшірілетін болса, ол жоба да жайына қалуы мүмкін.

Айтқандай, Қарағанды облысының жылу жүйесі де бүкіл биліктің "бас ауруына" айналды. Сондықтан кешегі жұмыс сапары барысында №1-ші вице-премьер Балқаш қаласында өңірдің жылыту маусымына дайындығын тексерді. Скляр жылу желілері мен қалалық ЖЭО-ның қайта жаңартылатын учаскелерімен танысты.

2021 жылдан бері, әлі күнге, қалада ұзындығы 10,6 шақырым ғана магистральдық жылу желілеріне реконструкция жүргізіліп жатыр. Жұмысты биыл аяқтау жоспарланыпты. Ішкі магистральдық және орамішілік жылу желілерін жаңарту жұмысы жүргізілуде. Барлығы 25 шақырым жылу желілері ауыстырылуға тиіс. Әйтпесе, өткен жылыту маусымында жергілікті жылу магистралдері қыс бойы жарылумен болды.

Балқаш ЖЭО-да Роман Склярға жаңа, бесінші қазандықтың құрылысы жайында баяндалды, ондағы монтаждау жұмысы 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Станция жабдықтарын жөндеп, жаңғыртуға бюджеттен 2,6 миллиард теңге шығындалды. Үш қазандық пен екі турбинаға ағымдағы жөндеу жұмысы аяқталды. Тағы бір қазандық пен турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған.

Мәжіліс депутаты Никита Шаталов бір мәселені қаперге салды. Қарағанды облысында биылғы қыста жылу үшін тариф өскен. Соған қарамастан халыққа қызметі нашар болды.

Мысалы, Шахтинск қаласының жұртшылығы қатты жаураған. Өйткені депутаттар қыста шаһарға сапарлағанда, Шахтинск тұрғындары үскірік аяз кезінде үйлердегі температура 15 градусқа, кей жағдайда тіпті 12 градусқа дейін құлдырағанына жаппай шағымданыпты.

"Былтырғы жазда жергілікті ЖЭО-ға жөндеу жүргізген, оған 1 миллиард 300 млн теңге шығындаған. Ол қаржы басқа жаққа кетсе керек. Билік адамдарды алдымен проблеманың сапасыз және ылғал көмірге байланысты екендігімен алдаусыратқан. Көмірді өңірде отырып, осындай масқараға жол берген. Артынан ЖЭО жұмысшылары құбырларды паяльникпен жылытпақшы болған. Қазандық бөлмесінде су қатып қалған. Шахтинск тұрғындары ызалы жағдайға жетті. Бастамашыл топ жергілікті жерде әділдік таппаған соң тікелей Президентке жүгінген. Тіпті бейбіт митингке келісім сұрапты! Қарағанды облысының басшылығы не бітіріп отыр деген сұрақ туындайды. Телесюжеттер шықты, қаланың проблемаларымен бүкіл Қазақстан қанықты", – дейді Никита Шаталов.

Шенеуніктер қыста Шахтинсктегі үйлердің қатуына ПИК/КСК-лардың жылу маусымына дайын болмауын айыптады. Ендеше биылғы қыста жұрттың қайта жаурамасына кепілдік бар ма?

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу