Қазақстандық теннисші Бейбіт Жұқаевтың қазіргі жағдайы көпшілікті ойландырады. Жас спортшы кәсіби мансабында маңызды кезеңдердің бірін бастан өткеріп жатқан тұста, оның жанында тұрақты бапкер де, жүйелі қолдау да жоқ болып шықты.
– Қазір менің ресми бапкерім жоқ. Уимблдонға бір апта қалғанда Мексикадан фитнес-бапкер шақырдым. Екі аптадай бірге жұмыс істеп, оймыз бір-бірімізге сай келе ме, жоқ па соны анықтағымыз келеді, – дейді Жұқаев ulusmedia-ға берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бұған дейін жарты жылдай хорват маманмен жаттыққан. Бірақ тұрақты келісім болмаған. Ара-тұра қазақстандық теннисші Александр Недовесовпен бірге дайындалған кездері де болған. Сол тұста Федерация тарапынан көмек көрсетілген. Алайда қазір жағдай мүлде басқаша.
– Қазірдің өзінде бір айдан асып кетті. Менде не бапкер, не қандай да бір қолдау жоқ, – дейді спортшы.
Жұқаевтың бұл мәлімдемесі еліміздегі кәсіби теннис жүйесіндегі кейбір түйткілдерді аңғартқандай. Жас әрі талантты спортшыға сенімді команда мен тұрақты қолдау ауадай қажет. Әйтпесе, үлкен спортта жалғыз күресу оңай емес.