Қаралы қаңтар: бизнестің шығыны өтелді ме?

1363

Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен бизнестің шығыны 98 млрд теңгеге бағаланды. 

Қаралы қаңтар: бизнестің шығыны өтелді ме? Фото: aikyn.kz

Қаңтар оқиғасы кезінде бизнес нысандары көп зардап шеккені белгілі. Ел бойынша 2 239 нысанда орналасқан 1 839 бизнес субъектісінің зардап шеккені анықталды. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, бизнестің шығыны 98 млрд теңгеден астам сомаға бағаланған. 

Оның ішінде сауда саласының шығыны 87,3 млрд теңгені, қоғамдық тамақтану орындарының (кафелер, мейрамханалар) шығыны 628,2 млн теңгені, қаржы секторының (банктер, ломбардтар) шығыны 2,7 млрд теңгені, логистика саласының (әуежайлар, автобустар) шығыны 383,2 млн теңгені, бұқаралық ақпарат құралдарының (телеарнаның офисі) шығыны 6,9 млрд теңгені құрады. Бұл ретте зардап шеккен бизнес субъектілерінің басым бөлігі Алматы қаласының үлесіне тиіп отыр. 

"Қаңтар айындағы тәртіпсіздіктерден кейін бизнеске уақтылы көмек көрсету негізгі басымдықтардың біріне айналды. Өйткені, Алматы ең алдымен кәсіпкерлер қаласы. Олар экономиканың өсуін және қалалық бюджетке түсетін салықтардың ең көп үлесін қамтамасыз етеді. Бизнеске келтірілген залалды өтеу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "Атамекен" палатасының, мәслихат депутаттарының, Алматы қаласының қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен арнайы өңірлік комиссия құрылды. Ол зардап шеккен кәсіпкерлерден өтінімдерді қабылдады. Қала әкімінің бастамасы бойынша өтінімдерді қарау рәсімдері жеңілдетіліп, мерзімдері қысқартылды. Нәтижесінде Алматы әкімдігі зардап шеккен 1 640 кәсіпкердің 16,2 млрд теңге көлеміндегі шығынын өтеді. Бұл ретте, өтінім бергендердің 95 пайызы төлемдерді 1 маусымға дейін алды", – дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров. 

Тарқатып айтар болсақ, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, "Жаңа Алатау" қорынан 636 өтінімге 1,2 млрд теңге, ал бюджет қаржысынан 1 003 өтінімге 14,8 млрд теңге берілген. Оның 1,1 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, 13,7 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген. 

Алматыдан бөлек, Шымкент қаласында 31 нысанда орналасқан 29 бизнес субъектісіне зиян келген. Алдын ала бағалау бойынша, мұндағы шығын көлемі 194,4 млн теңгеге бағаланды. Сондай-ақ Алматы облысындағы 145 нысанда орналасқан 125 бизнес субъектісі де зардапқа ұшырады. Шығын көлемі – 1,6 млрд теңге. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан, Атырау, Жамбыл және Қызылорда облыстарында зиян шеккен 73 бизнес субъектісінің жалпы шығыны 605,1 млн теңгені құрады. Аталған қалалар мен облыстар бойынша да бизнестің шығындары өтелді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу