Карантин банктерге қалай әсер етеді?

10519

Кейбір банктер уақытша жабылады. 

Карантин банктерге қалай әсер етеді?

Қаржылық құрылымдар Президент енгізген төтенше жағдайдың және мемлекеттік комиссия жариялаған карантиннің қыспағына қатар түсті.

Halyk Bank карантин тәртібінде және ТЖ-да жұмыс істеу үшін өзінің барлық ресурсын жұмылдырып жатқанын хабарлады. Бұл ретте банк қашықтықтан басқару сервистеріне жүгінуде екен.

"Банк картасына жалақының, зейнетақының, жәрдемақының түсуі, қолма-қол ақшаны банкомат арқылы шешіп алу, төлем және аударым операцияларының орындалуы, банк қызметтері – барлық маңызды сервистердің үздіксіз жұмысына кепілдік береміз", – деді Халық банкі. 

Оның банкоматтарының ең ірі желісі де карантин ішінде, яғни Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында қалып қойды. Банк олардың да қалыпты тәртіпте жұмыс істейтініне сендірді.

Оның бөлімшелері де жұмысын жалғастырмақ. Карантин кезеңінде барлығы санитарлық тазалықтан жиі өткізіліп тұратыны, қызметкерлер қорғаныс заттарымен қамтамасыз етілгені айтылды. Дегенмен, қаржы институты клиенттерін қызметтерді қашықтан тұтынуға шақырады.

"Адамдардың көп шоғырланған жеріне, соның ішінде банк бөлімшелеріне аз бару үшін онлайн сервистер мүмкіндігін пайдалануға шақырамыз. Мұнда сіз комиссиясыз түрлі төлемдерді өтей аласыз, кез келген картаға, шотқа аударым орындай аласыз, кредиттерді алу, депозитертерді ашу және өзге де көптеген сервистерге қол жеткізе аласыз. Біз Қазақстан халқы ынтымақтастығы мен өзара жауапкершілігінің арқасында елге төнген қиын жағдайды бірігіп жеңетініне кәміл сенеміз", – деді оның қызметкерлері.

Ал Jýsan Bank-тің бірқатар бөлімшесі жабылды.

"Карантиннің енгізілуіне байланысты Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында сауда, ойын-сауық орталықтарының жұмыс режимі шектелді. Осыған байланысты банктің 4 бөлімінің қызметі тоқтатылды. Олардың арасында елордадағы "Mega Silk Way", "Хан Шатыр", ал Алматыда – "Mega Center Alma-Ata" және "Mega Park"-тегі бөлімдер бар. Төтенше жағдайдың жариялануына қарамастан, бүкіл Қазақстан бойынша банк филиалдары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр" – деп мәлім етті  Jýsan Bank-тің мамандары.

Олар банктің Шымкенттегі бөлімін тонау үшін шабуыл жасалғанын растады.Қолдан жасалған жарылғыш зат муляжымен қорқытпақ болған қарақшыны банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкері Смайыл Әжіқұлов тойтарған. Ол сыйақымен марапатталмақ.

Еуразиялық банк те карантин пен ТЖ кезінде стандартты тәртіпте жұмыс істейтінін жеткізді. Банк дерегінше, оның 17 филиалында, 114 бөлімшесінде және 10 мыңнан астам банкоматында ақша аударылымдары, карта жұмысы және басқа да қызметтер көрсетілуде. Ақшасын шешіп аламын деушілерге де еш кедергі жоқ. Сондай-ақ күшейтілген дезинфекциялау шаралары қолға алыныпты.  

Каспи банктің елордалық бөлімшелерінде бүгін адам қарасы қалың. Жұрт карантин қарсаңындағы соңғы күнде кредиттерін төлеп қалуға тырысуда. Бұған қоса, доллар сатып алып жатқандар да жетерлік. Өйткені Нұр-Сұлтанда айырбастау пунктерінде валюта саудаға шығарылмай жатыр.

Өз кезегінде банк қызметкерлері клиент төлем төлеу мерзімін өткізіп алса, айыппұл мен өсімпұл салынбайтынын түсіндіруде. Мұның сыртында, банк басшылығы жұмысынан айырылып қалған және уақытша қаржылық қиындыққа кезіккен қарыз алушыға екі ай "каникул" беріпті.

Бірақ Каспи банк менеджерлері карантин кезеңінде бөлімшелердің қалай жұмыс жасайтынын білмейтінін мойындады.

Capital Bank Kazakhstan Алматы мен Нұр-Сұлтандағы филиалдары 18-20 наурыз күндері тек қашықтан қызмет көрсетуге көшетіні жөнінде хабардар етті. Сондықтан банктің осы ғимараттары аталған кезеңде жабық болады. 

AsiaCredit Bank өз филиалдары мен бөлімшелерінің жұмыс кестесі уақытша өзгеретінін, жұмыс күндері тек таңғы 10:00-нан түскі 13:00-ге дейін ғана ашық болатынын, сенбі мен жексенбі жабылатынын айтты. Карантинге байланысты оның қос мегаполистегі филиалдары 18 және 20 наурыз аралығында дистанциялы жұмыс режиміне ауыспақ.

АТФ банкі 21 наурыздан 25 наурызға дейін Наурыз мейрамына орай демалыс жариялапты. Бұл күндері Алматы мен бас қаладағы екі бөлімшесі жұмыс жасамақ.

Карантинге байланысты банктерге өз ғимараттарын, банкоматтардың пернетақта-клавиатураларын, терминалдардың сенсорлы экранын және басқа да клиенттер жанасатын тұстарды мұқият әрі жиі дезинфекциялау жүктелген. Дегенмен, мамандар оларға жалаң саусақ тигізбеуге, тиген жағдайда қолды мұқият антисептикалық құралмен өңдеуге кеңес береді.

Банктердің барлық филиалдары санитайзерлермен жабдықталуы шарт.

Карантин жағдайында жақын жерде қандай банк пен банкоматтардың орналасқанын да жақсы білгеніңіз жөн. Себебі біріншіден, босқа шабылмайсыз. Екіншіден, көшедегі әскерилер мен басқа да құзырлы қызметкерлерге қайда бара жатқаныңыздың егжей-тегжейін сұрастыру құқығы берілмек. Демек, бұрын бар деген банкомат жоқ болып немесе банк бөлімшесі жабық болып шығып, жоспарлы ісіңізді жүзеге асыра алмай сенделсеңіз, күдік туғызуыңыз мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу