Карантиннен қорықпайтын тренер

1924

Бауыржан Рысбек пандемия кезінде онлайн-жаттығуды жандандырды.  

Карантиннен қорықпайтын тренер

Әлемнің әптер-тәптерін шығарған пандемия адамзаттың көп дүниеге деген көзқарасын өзгертті. Біраз нәрсенің бұрынғыдай болмайтынын ұқтырды. Осы орайда біршама өзгеріске ұшыраған, қиын сәтте пышыраған бір сала бар. Ол – фитнес-индустрия. Алты айдан астам уақыт қаңтарылып қалған бұл сала енді ғана жұмысқа кірісті. Ал оған дейін нарықтағы ірілі-ұсақты ойыншылар шығынға батты, құрдымға кетті. Тек амалын тауып, жағдайға бейімделе білгендердің ғана ұпайы түгел болды. Солардың қатарында елордалық фитнес-тренер Бауыржан Рысбек те бар. Ол карантин басталғалы бері онлайн-жаттығуды жалғастырып келеді.

"Наурыз айында Қазақстан карантинге жабылды. Сол кезде Instagram арқылы онлайн-жаттығу жүргізуді бастадым. Аз ғана уақыттың ішінде 50 адамды бір сәтте шынықтыратын деңгейге жеттім. Әрине, тікелей эфир арқылы процесті қадағалау қиын. Соған қарамастан, әрбір адамға жеке-жеке назар аударуға тырысамын", – дейді ол.

Фитнес-тренер наурыз-мамыр аралығында онлайн-жаттығу жүргізіп, кейін жұмысты ашық алаңдарда жалғастырған. Осылайша, Бауыржан отандық фитнес-тренерлерге жаңа жол ашып берді. Өзінің авторлық методикасын да әзірлеп шығарды.

"Коронавирус басқа салалар секілді фитнес-индустрияны да  тығырыққа тіреді. Өйткені ең алдымен фитнес-клубтардың қызметіне тыйым салынды. Ал біздегі бұл сала бәсекеге қабілетсіз. Олардың жұмысын қадағалайтын мекеме жоқ. Меніңше, кәсіби маман кез келген сәтте тығырықтан шығуы керек. Кімнің кім екені де осындай қиындықта сезіледі. Мақтанғаным емес, маған ендігі жерде карантин қорқынышты емес. Себебі мен карантиннің талаптары қатаң сақталған шақта сүйікті ісімнен ажыраған жоқпын. Қазір коронавирустың екінші толқыны туралы айтылып жатыр ғой. Мен бұл сынаққа да дайынмын. Қажет болса, онлайн-жаттығуды қыста да жасауға болады. Әлем елдері пандемия кезінде омалып отырмай, фитнес-индустрияны басқаша бағытта дамытты ғой. Біз де солай істеуге тиіспіз", – дейді фитнес-тренер.

Оның айтуынша, онлайн-жаттығудың пайдасы көп. Біріншіден, көп адам залдағы шынығуға қысылып, қымтырылады. Себебі дене бітімінен ыңғайсызданады. Екіншіден, намаз оқитын қыз-жігіттер үшін тиімді. Өйткені, онлайн-жаттығуды ешкімнің көзіне түспей оңашада жасауға болады.

Бауыржан – кәсіби маман. Сондықтан ол онлайн-жаттығудан бөлек белгілі спортшыларды да шынықтырады. Мәселен, 2016 жылғы Рио Олимпиадасында жүлдегер боксшы Иван Дычко мен балуан Гүзел Манюрованың физикалық дайындығымен айналысқан. Басқа да боксшыларға ақыл-кеңес берген. Спортшыларды жоғары деңгейде шынықтыратын себебі өзі де спорт ауылынан алыс емес. Ол бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Әнші Ибрагим Ескендірдің мықты боксшыға айналуына үлесін қосқан. Қазір кәсіпқой бокстағы Мадияр Әшкеев пен Айдос Ербосынұлын шынықтыруда. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев та Бауыржанның көмегіне жүгініп тұрады.

Санжар Беркінбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу