Карантиннің жойылуына халық пен бизнестің реакциясы

2161

Бұлайша маска кию – масқара әрі "маскарад". 

Карантиннің жойылуына халық пен бизнестің реакциясы

"Атамекен" ұлттық палатасының дерегінше, Қазақстанда бизнес нысандары мен былайғы ұйымдар екі тәсілмен қайта ашыла бастады. Біріншісі – www.infokazakhstan.kz электрондық порталында тіркеуден өту арқылы немесе жай хабарлама жібере салу жолымен өз жұмысына қайта кірісіп жатыр. Бұлардың қатарында мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, бизнес орталықтар, кеңселер, автосалондар, SPA және массаж салондары, сұлулық салондары мен шаштараздар, фитнесзалдар, моншалар мен сауналар, спорт кешендері, типографиялар, тігін ательелері, қонақүйлер, балабақшалар және басқасы бар. 

Ал енді бизнес пен ұйымдардың басқа бөлігіне ашылу үшін санитарлық-эпидемиологиялық органның (СЭС) рұқсатын алу керек болады. Бұлардың қатарына мәдени нысандар, яғни музейлер, музей-қорықтар, кітапханалар, концерт ұйымдары, театрлар, кинотеатрлар, клубтар, цирктер, мәдени және ойын-сауық ұйымдары, сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, азық-түліктік емес көтерме және бөлшек сауда орындары, балалар лагерлері, компьютерлік клубтар, бильярд залдары және боулингтер жатады. Сондықтан бұлардың кейбірі кешігіп ашылатынға ұқсайды.

Дегенмен, іске қызу кіріскендері де кейбір қиыншылықтарға жолығуда.

Тігін ательесінің иесі Гүлнара Ещанова 17 тамыздан бастап елде карантиндік шаралардың жұмсартылуын кәсіпкерлердің қуана қарсы алғанын айтады.

"Алайда сақталып отырған талаптардың біріне сәйкес, біздің тігіншілер қолғап-перчатка киіп жұмыс істеулері керек. Бірақ білесіз, тігін жұмысы саусақтардың ұсақ моторикасына, көз ілеспес жылдам қимылына құрылған. Іс кезінде тігінші матаның бедерін, қозғалысын саусақ ұшымен сезіп отыруы қажет. Шеберлеріміз қолғаппен жұмыс істей алмайды. Оның үстіне бұл талап тігіншілеріміздің ұдайы жарақаттануына соқтыруы ықтимал. Себебі латекс-резеңке қолғап инеге ілігіп, тетік-маховикке түсіп қалады. Бұл саусақтар жарақатына әкеледі. Ендеше жұмысымыздың ерекшелігін ескере отырып, тігін өндірісі қызметкерлерін перчатка кию талабынан босатса дейміз", – дейді кәсіпкер. 

Ал оралдық қала белсендісі Мағаз Қапенов елдің талап бұзуды жалғастырып жатқанын айтады.

"Байқап жүрмін, ауыл-аймақта сауда жасайтын шағын дүкендер, соның ішінде әсіресе азық-түлік дүкендерінде сатушылардың бірыңғай униформасы да жоқ: үстеріндегі киімі үйінде, көшеде киіп жүретін көйлек-шалбар. Сұрасаңыз, тауарларға ілесе жүруге тиіс сертификаттары да болмай шығады. Тауардың құнын төлеген соң, қолға фискалды чек бермейді. Әдейі сұрасаң, қатты кейіп жауап қайтарады. Мысалға, сатып алған тауардан уланып қалсам, не болмаса мерт болсам, соңымда қалған кісілер оны қалай дәлелдейді?" – дейді Мағаз Қапенұлы.

Яғни, карантин және шектеу шаралары қоғамның бір бөлігін бәрібір тәртіпке үйрете алмағанға ұқсайды.

Қарағандылық Марат Гареев шектеу шаралары жұмсарғалы бері Денсаулық сақтау министрлігінің үйден тысқары жерде міндетті түрде бетперде киіп жүру туралы талабы фарсқа, көзбояушылыққа айналып кеткеніне назар аудартады.

"Шенеуніктер кез келген дүкенде, сауда орындарында бақылау камералары түсірген видеожазбаларды қарасын. Сонда осыған көз жеткізеді. Адамдар дүкенге не басқа ұйымға кіргенде қалталарынан осы шүберекті алып киеді де, шыққан соң оны қалтасына тыға салады. Бұдан кейін бетперде вирус жұқтырмаса, одан қорғамайды. Министр Алексей Цойдың идеясы бойынша адамдар әрбір 2–3 сағат сайын масканы ауыстырып отыру керек. Яғни, бүкіл Қазақстан бойынша тәулігіне оншақты миллион бетперде халыққа сатылуы және пайдаланудан кейін қоқысқа лақтырылып жатуы керек. Өмірде олай емес. Билік халықты қудалауды тоқтатып, ынталандыруға кірісуге тиіс. Бетперде тегін таратылсын, озық медициналық қызмет көрсетілсін", – дейді Марат Наильевич Алексей Цойға хатында.

Кезінде карантиннің енгізілуі проблемалар әкелсе, енді шектеулердің алып тасталуы түйткілдердің жаңа легін туғызатын секілді.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу