"Қарапайым заттар экономикасы" импорттың үлесін азайтады

7114

Экспортқа бағдарланған компанияларға қаржылық қолдаудан тыс көмек көрсетіледі.

"Қарапайым заттар экономикасы" импорттың үлесін азайтады

Биыл индустрияландыру бағдарламасы аясында құны 1 трлн теңгені құрайтын 120 жоба іске қосылып, 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Жаңа жобалардың қатарында 30,6 млрд теңгеге салынатын Қарағанды облысындағы ферросилиция зауыты мен құрылысына 6,9 млрд теңге жұмсау көзделіп отырған Ақтөбе облысындағы керамикалық тақта өндіретін зауыт бар. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды.

Министр Жеңіс Қасымбек былтыр жалпы сомасы 1,3 трлн теңге болатын 100-ден астам жоба іске қосылып, 13 мың тұрақты жұмыс орны ашылғанын айтты.

Сөз арасында ол елімізде "қарапайым заттар экономикасын" дамытуға басымдық беріліп жатқанына тоқталды.

"Отандық кәсіпорындарды қолжетімді несиелендірудің ерекше шарттары мен механизмдеріне 600 млрд теңге қарастырылады, оның 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібіне бағытталады. Қабылданған шаралар қазақстандықтар күнделікті тұтынатын 250-ге жуық тұтыну тауарларының өндірісін бастауға және ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл – жеңіл өнеркәсіп, жиһаз өнеркәсібі, сондай-ақ құрылыс материалдары. "Қарапайым заттар экономикасын" қаржыландыру арқылы біз импорттың үлесін 14%-ға дейін қысқарта аламыз", – деді Жеңіс Қасымбек.

Бұдан кейін министр экспортқа бағдарланған компанияларға қаржылық қолдаудан тыс көмек көрсетілетінін баяндады.

"Экспорттаушыларға қолдаудың сервистік шараларын күшейту аясында ҚХР, БАӘ және Ираннан инспекциялық комиссияларды қазақстандық экспорттаушы кәсіпорындарға шақыру арқылы олардың нарығына шығуды жеңілдетеміз", – деді Жеңіс Қасымбек.  

Министрдің мәлімдеуінше, 2019-2021 жылдар апралығында экспорттаушыларды қолдау шарасын күшейтуге 500 млрд теңге жұмсалады. Аталған соманың 470 млрд теңгесі қаржылық, ал 30 млрд теңгесі қаржылық емес шараларды қамтиды.

"Қаржылық және сервистік шараларды күшейту әкімшілік және сауда кедергілерін еңсеруге мүмкіндік береді. Бизнеске әлеуетті сатып алушыны таңдауға, көлік шығындарын төмендетуге жол ашады. Жоғарыда аталған шараларды табысты жүзеге асырған жағдайда шикізаттық емес тауар экспортының көлемін 2020 жылға қарай 22,4 млрд долларға жеткізу жоспарланып отыр", – деді министр.

Алқа мәжілісінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бірінші вице-министр Роман Скляр биыл республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым жол қайта жаңғыртылатынын жариялады.

"Биыл республикалық маңызы бар 1,7 мың шақырым автожолды жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде 518 шақырым жолға күрделі жөндеу, 1 190 шақырым автожолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жергілікті жерлердегі 4 мың шақырым жол жөнделеді. Өткен жылдың тенденциясы сақталған жағдайда, 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 85%-ға жетеді. Ол шамамен 60 мың шақырым жол", – деді бірінші вице-министр.

Роман Склярдың сөзінше, 2020 жылы тағы 13 автотрасса ақылы болады.

"Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы ұзындығы 5 мыңнан астам шақырымды құрайтын 13 учаскеде ақы алу жүйесін орнатуға  байқау жарияланады. Жеңімпазды желтоқсан айында анықталуы тиіс. Нәтижесінде 2020 жылы ел аумағындағы 5 мың шақырым жол ақылы болады. Ал 2021 жылы еліміздегі ақылы жолдардың ұзындығы 6,5 мың шақырымға жетеді", – деді ол.

Басқосу барысында вице-министр Қайырбек Өскенбаев құрылыс және тұрғын үй үй мәселесін тілге тиек етті.

 "2019 жылы 13 млн шаршы метр тұрғын үй салып, 118 мың отбасыны  баспанамен қамтуды көздеп отырмыз. Оның ішіндегі 1,2 млн шаршы метр, 22 мың пәтер мемлекет қаржысы есебінен салынады", – деді Қайырбек Өскенбаев.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу