banner

Қарашөкеевке қалған мұра: АШМ мал сырғасы үшін соттасып жатыр

4280

Салада анықталған алаяқтықтың құны 1 млрд теңгеге жетуі мүмкін. 

Қарашөкеевке қалған мұра: АШМ мал сырғасы үшін соттасып жатыр

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына жүгінсек, бүгінде шаруашылықтардың барлық санатында 17,7 млн қой, 2 млн 305,6 мың ешкі, 7 млн 848,5 мың ірі қара мал, 3 млн 118,3 мың жылқы, 227,2 мың түйе бар. Осы жануарлардың нақты есебін жүргізу үшін мемлекет олардың құлағына сырға тағады. Елде жалпы саны 31 млн-нан астам мал бар екенін, олардың қатары жыл сайын жаңа төлдермен толығатынын, сонымен бірге ересек жануарлар да құлағында салпылдаған енін жоғалтатынын ескерсек, мал биркасы нарығының ауқымын бағамдауға болады, деп жазады Inbusiness.kz.  

Бас прокуратура халықаралық ұйымға неге шүйлікті?

Бірақ бұл сала монополияландырылған: сырғаның бәрін АШМ-ның квазимемлекеттік кәсіпорны бір жеткізушіден сатып алады. Кімнен сатып алатынын әрине, өзі анықтайды.

Ведомство таяуда "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларының" жаңа жобасын әзірледі. Сәйкестендіру бұйымдарын өндіруші отандық зауыттар бұған қарсы шығып отыр. Себебі, құжат Жануарларды тіркеу жөніндегі халықаралық комитет (International Committee for Animal Recording немесе ICAR) белгілеген Идентификациялау бұйымдарының сертификациясын жоймақ.

Министрліктің дәйектеуінше, бұл сәйкестендіру бұйымдарын сатып алуда бәсекелестікті қамтамасыз етеді және отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді. Тендерге тек ұлттық сәйкестік сертификаты бар кәсіпорындар қатыса алмақ. Бір қарағанда, ең дұрыс шешімдей көрінеді. Қазіргідей күйзелісті кезеңде жергілікті өндірушілерді қолдаған жөн.

Оның үстіне Бас прокуратура да, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де АШМ-ге ICAR сертификациясын талап етуді жою туралы ұйғарым жолдапты. Қағидаларды қолданыстағы заңға сәйкес келтіру туралы Бас прокуратураның хаты биылғы 29 наурызда, ал агенттіктің бәсекелестікті қорғау саласындағы бұзушылық нышандарын жою жөніндегі хаты 7 маусымда жіберілген көрінеді.

"Министрліктің бұл дәлел-дәйектемелері біліксіз, әрі бәсекелестікті арттыру мақсаттарына тура қайшы келеді. Неге? Егер ICAR сертификациясы бізде күшін жоятын болса, онда бәрібір сертификат қажет болады. Мұндай жағдайда аукциондарға жіберілу үшін тек ұлттық стандартқа сай сәйкестік сертификаты ғана талап етілетін болады. Бірақ мұндай құжат бүгінде тек бір компанияда ғана бар. Басқа өндірушілер Қазақстанда сәйкестілік сертификатын ала алмайды, өйткені елде бұл салада аккредиттелген "сәйкестілікті растайтын органдар" (СРО) мен лаборатория жоқ", – дейді мал сырғасын шығарушылардың бірі "ZTOWN Development" ЖШС-нің өкілі Азамат Құлатаев.

Миллиардтар бөлінді, өнім сапасын тексеру мүмкін емес

Жалпы, ұлттық стандартқа сай сертификат беруге қабілетті СРО және зертхана құру, оларды аккредиттеу үрдісі өте күрделі әрі кешенді іс. Олар әртүрлі сынақ пен тест өткізуі керек. Акредиттеу саласы мамандарының бағалауынша, бұл процесс 3 айдан артық уақыт алады. Әрине, ұлттық стандарттардың енгізілгеніне 2 жылдай уақыт өтті. Бірақ осы кезең бойы СРО мен зертханалар сол бойы құрылмаған. "Экономикалық тұрғыдан тиімсіз" деп танылыпты.

Бұл құрылымдар тіпті алдағы апталарда құрылып, аккредиттеліп, іске кіріскеннің өзінде өндірушілердің сәйкестендіру өнімін сынақтан өткізу біразға, 3 айға созылуы мүмкін. Соның кесірінен олар биылғы тендерге қатысудан кешігіп қалатын түрі бар.     

"Сондай-ақ біз АШМ-ге хат жазып, бәсекелес компанияның 1 млрд теңге тұратын аукционға қатысу үшін ұсынған сәйкестік сертификатында жалғандық нышандары барлығын көрсеттік. Әлі күнге дейін ведомстводан осы ақпаратқа ден қою шаралары туралы жауап ала алмадық. Біздің күмәніміз Қазақстан мен Әзербайжанның уәкілетті органдары ұсынған деректерге құрылған. Бұл деректер расталса, аукционға қатысушы ұсынған сертификат жалған болып шықса, министрлік бұл факті бойынша тергеу жүргізуі үшін құқық қорғау органдарына жүгінуі керек. ICAR сертификациясы жойылса, алдағы 6-8 айда СРО мен зертханаларды құру мүмкін болмаса, онда ведомство 1 млрд теңгедей тұратын биылғы биркалардың сапасын қалай тексермек? Бұл да түсініксіз", – дейді Азамат Өндірісұлы.

Жалпы, бұл салада былтырдан бері дау-жанжал өрбуде. 2020 жылғы 17 наурызда "Республикалық эпизоотияға қарсы отряд" мемкәсіпорны "Ірі қара мал, түйе, ірі ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру үшін малдың құлағына аспалы бирка сатып алу" бойынша аукцион өткізген болатын. 23 сәуірде оның қорытынды хаттамасы толтырылды. Алайда сол қорытындысына басқа қатысушы – "ZTOWN Development" ЖШС қарсы шығыпты. Оның шағымы ішінара қанағаттандырылыпты.

"Сот шешімін күтіп отырмыз"

Ауыл шаруашылығы вице-министрі – министрдің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев Қазақстан мен Әзербайжан құзырлы органдарынан жеңімпаздың "сертификатының жалғандығы" туралы ақпараттың алынуына қатысты түсініктеме берді.

"Осыдан біраз бұрын өткізілген ірі қара мал мен ұсақ малға арналған аспалы құлақ сырғаларын мемлекеттік сатып алу бойынша іс қазір сотта қаралуда. Сот шешімін алғаннан кейін министрліктің Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің "Республикалық эпизоотияға қарсы отряды", аспалы құлақ сырғаларын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы ретінде, заңнамаға сәйкес, ары қарай шаралар қабылдайтын болады", – деді министрдің міндетін атқарушы.

Оның сендіруінше, ветеринария қажеттіліктері үшін сатып алынатын сырға-биркалардың сапасын тексеру ісі де жолға қойылмақ.

"Бүгінде ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі аккредиттелген лабораториялар құру туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Аспалы құлақ биркаларының СТ РК 3480-2019 ұлттық стандарттары бойынша сапаға сәйкестігін де солар анықтап, растайтын болады", – деді Ербол Қарашөкеев.

Әзірге құлақ сырғасы үшін өндірушілер арасындағы тартыс жалғасуда.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу