Қарашығанақ акционерлері Қазақстанға ұсыныс әзірлеп отыр

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
17453

Мұнай сатудан түскен табысты бөлу туралы дау бойынша келіссөз 9 айға созылмақ.

Қарашығанақ акционерлері Қазақстанға ұсыныс әзірлеп отыр Фото: Мария Матвиенко

Тоғыз ай көлемінде "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" (Karachaganak Petroleum Operating - KPO) акционерлері Қарашығанақ кен орнының мұнайын сатудан түскен табысты әділетсіз бөлу туралы дау бойынша Қазақстан үкіметіне ұсыныспен шығуы тиіс.Осы аралықта Энергетика министрлігі республика атынан төрелік сот арқылы ел мүддесін қорғауды жалғастырады. Бұл туралы abctv.kz-ке Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

"Біз желтоқсанның соңында олармен (КРО – ескерт.)  2017 жылдың тоғыз айында келіссөзді жалғастырамыз деп меморандумға қол қойдық. Олар бізге деген нақты ұсыныстарын әзірлейді", - деп түсіндірді Энергетика министрлігінің басшысы.

"Біз өз төрешімізді, олар өзінікін таңдады. Қазір ортақ төрешіні таңдап, бекіту қажет болып отыр", - деп қосты Қанат Бозымбаев abctv.kz-пен әңгімелесу барысында.

"Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" консорциумы өнімді бөлу туралы келісімді (ӨБК) әділетсіз түсіндіруі салдарынан Қазақстан Қарашығанақ кенорнының мұнайын сатудан түскен табыстың бір бөлігін ала алмай отыр, сондықтан өткен жылдың наурызында Қазақстан компаниядан шамамен 1,6 млрд доллар төлеуін талап еткені жария болды. Шағымда көрсетілген сома ӨБК қатысушыларының бірі –  Ресейдің "ЛУКОЙЛ" компаниясының қаржылық есебінде көрсетілді.

2016 жылдың маусым айында Financial Times КРО дауды шешу үшін 300 млн долларға жуық қаражат төлеуді ұсынғанын дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. Қазақстан ұсынысты қабылдамады.

Қараша айында Қазақстан төрелік сотқа жүгінді, бірақ сонымен қатар консорциуммен келіссөз жүргізуге ұсыныс жасағанын хабарлады Қанат Бозымбаев "Астана" телеарнасына берген сұхбатында. Инвесторлар Қарашығанақ кенорнына салған салымының есесін қайтарып алғанын ерекше атап өтті ол.

"Кейбір мәселелер бойынша олар бізбен келіседі, бірақ негізгі бөлігімен келіспей отыр – мәселе  миллиардтаған доллар туралы болып отыр. Біз өз мүддемізді соңына дейін қорғаймыз. Біз ӨБК-ні өзгертейік деп отырғанымыз жоқ, келісім мынандай түрде түсіндіріледі деп айтып отырмыз. Егер инвесторлар басқаша деп есептесе, онда ақиқатты сот шешсін. Егер олардың ұсынысы республика мүддесінен шықса, біз белгілі бір кезеңде төрелік сотты тоқтатуымыз мүмкін", - деп мәлімдеді министрлік басшысы телеарна эфирінде.

"Бастапқыда Қарашығанаққа келіп, салым салған инвесторлардың барлығы-дерлік өз инвестициясының есесін қайтарды және жақсы табыс тапты", -деді министр.

"Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" консорциумының қатысушылары болып табылатын компаниялар: Shell - 29,25%, ENI - 29,25, Chevron - 18, "ЛУКОЙЛ" - 13,5, "ҚазМұнайГаз" - 10%.

Куралай Абылгазина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу