Қарашығанақ дауын реттеу тағы да кейінге қалды

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3400

Энергетика министрлігі Қарашығанақ кен орнының акционерлерімен төртінші МӨЗ құрылысы бойынша келіссөздер жүргізуде.

Қарашығанақ дауын реттеу тағы да кейінге қалды Фото: primeminister.kz

Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, Қарашығанаққа қатысты дауды реттеу шеңберінде кен орнының акционерлерімен төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысы бойынша келіссөздер жүргізілуде.

"Жобаны қаржыландыру талаптары әлі пысықталатын болады. Қаржы сомасына қатысты талқылау келесі айда басталып, 2018 жылдың ІІ тоқсанына дейін аяқталмақ", – деді Мағзұм Мырзағалиев 6 сәуірде өткен баспасөз жиынында.

Еске сала кетейік, дауды реттеудің бір жолы ретінде жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысын салу ұсынылған еді. Яғни, Karachaganak Petroleum Operating консорциумы Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауытының құрылысына атсалысса, дауға нүкте қойылмақ. 

Сондай-ақ, вице-министр Қазақстан үкіметі энергетика министрлігі мен Қарашығанақ консорциумының акционерлері арасындағы дауды реттеу туралы меморандумның мерзімін 2018 жылдың ІІ тоқсанының соңына дейін ұзартқанын атап өтті.

Еске сала кетейік, Қазақстан билігі мен Қарашығанақ консорциумы арасында мұнайдан түскен табысты есептеуде дау туындаған болатын. Karachaganak Petroleum Operating консорциумы өнімді бөлу туралы келісімді дұрыс түсіндірмеуі салдарынан Қазақстан Қарашығанақ кен орнының мұнайын сатудан түскен табыстың бір бөлігін ала алмай отыр. 2016 жылдың наурыз айында Қазақстан билігі компаниядан шамамен 1,6 млрд доллар төлеуін талап етіп отырғаны жарияланған еді.

Негізі меморандум мерзімі 2017 жылдың 1 қыркүйегінде аяқталған еді. Алайда, меморандум әлі күнге ұзартылумен келеді. Өткен жылдың соңында дауды реттеу үшін 2018 жылдың наурызына дейін уақыт берілген болатын. Бірақ, наурыз да өте шықты. Ал дау әлі шешілген жоқ. Сондықтан, меморандум тағы да маусым айына дейін ұзартылды.

Сонымен қатар, Мағзұм Мырзағалиев Қашағандағы өндірісті жоспарлы түрде тоқталуына және кен орнына газ енгізуге байланысты өндіріс көлемі тәулігіне 200-215 мың баррельге дейін төмендегенін атап өтті. Бірақ, бұл уақытша ғана құбылыс. Сәуір айының екінші жартысында жағдай реттелмек. Атап айтқанда, бұған дейін қол жеткізілген деңгей – тәулігіне 300 мың баррель өндіру қалпына келтірілмек. Вице-министр Қашағанға қатысты мәселе жоқ деп сендірді.

Осы жылдың 24 наурызында мемлекет басшысының Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған жұмыс сапары барысында мұнай-газ-химия саласын дамытуға арналған екі меморандумға қол қойылған болатын. Соның бірі – жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін жаңа зауыттың құрылысы. Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, жаңа өндіріс орнының техникалық-экономикалық негіздемесі осы жылдың соңына дейін әзірленбек. Ол үшін "Біріккен химиялық компания" ЖШС мен Borealis бірлескен жобалау компаниясын құрмақ.   

"2017 жылы энергетика министрлігі "Біріккен химиялық компания" ЖШС-мен бірлесіп Borealis компаниясымен келіссөздер жүргізді. Соның нәтижесінде араб компаниясының директорлар кеңесі белгілі бір шарттар негізінде аталған жобаға қатысу туралы алдын ала шешім қабылдады. Нақтырақ айтқанда, Қазақстан дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету міндетін мойынына алды. Сонымен қатар, жобадағы "Біріккен химиялық компания" ЖШС-ның үлесін қаржыландыруы керек. Бұдан бөлек, белгіленген баға негізінде кепілдендірілген шикізатпен қамтамасыз етуі қажет", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде полипропилен өндіретін зауыт құрылысының жобасына қатысты алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме жасалған. Оған сәйкес, зауыттың қуаттылығы жылына 1,25 млн тонна полиэтиленді құрайтыны анықталды. Зауыттың жалпы құны толық техникалық-экономикалық негіздеме мен сметалық құжаттамалардан кейін анықталмақ.      

Сонымен қатар, қос тарап полипропилен өндірісі жобасын жүзеге асыруға да ниетті. Бұл – ел президентінің БАӘ-ге жасаған жұмыс сапары барысында қол қойылған екінші меморандум. Оның бағасы 2,6 млрд долларды құрайды. Жобаның қуаттылығы – жылына 500 мың тонна полипропилен өндіру.

"Бүгінгі таңда "Біріккен химиялық компания" ЖШС аталған жобамен айналысуда. Нақтырақ айтсақ, ЕРС-мердігер анықталды. Жобаға қарызға ақша тартылып, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Зауыттың құрылысы 2021-2022 жылдары аяқталады деп күтілуде. Әлемде полипропилен мен полиэтиленге деген сұраныс жыл санап артып келеді. Сондықтан, Қазақстан ғаламдық процестен қалыс қалмауы керек. Біз жаңа өндірістерді қолға алуға тиіспіз", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Еске сала кетейік, жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыратын Borealis компаниясы полиэтилен өндірісі бойынша әлемдегі 4 ірі өндірушінің қатарына енген. Аталған компанияның Финляндия, Австрия, Бельгия, Франция, Германия, Швеция, БАӘ елдерінде зауыттары бар. Енді Қазақстанда да пайда болмақ.

Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкеновтің айтуынша, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгені құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54,4%-ға артық. Былтыр 699,7 млрд теңге инвестиция құйылған болатын.

"Өндірістің негізгі капиталына құйылған инвестиция 84,4%-ға өсті. Атап айтқанда, 432 млрд теңгеге көбейіп, 850,9 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, тау-кен өнеркәсібіндегі негізгі капиталға құйылған инвестицияның 94,5%-ға артқаны белгілі болды. Нақтыласақ, 313,5 млрд теңгеге ұлғайып, 589 млрд теңгеге тең болды. Ал өңдеу саласына тартылған инвестиция көлемі 72%-ға өсті. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 104,3 млрд теңгеге өскен. Бүгінде өңдеу саласына тартылған инвестиция көлемі – 221,4 млрд теңге. 2018 жылдың қаңтар-ақпан айларында сыртқы инвестиция 160,3 млрд теңгеге артып, 361,5 млрд теңгені құрады", – деді Астанада өткен баспасөз мәслихатында Арыстан Қабыкенов.

Вице-министрдің айтуынша, жоспарланған жалпы ішкі өнімнің өсімін қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейінгі мақсатты көрсеткіштер белгіленген. Биыл негізгі капиталға құйылатын қажетті инвестицияның өсу қарқыны 5,1%-ды құрауға тиіс. Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін инвестиция тарту және инвестициялық климатты жақсарту жұмыстары жандандырылуда.

"Қазіргі уақытта министрлік "Kazakh Invest" ұлттық компаниясымен бірлесіп, 2018-2020 жылдарға арналған құны 59,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 658 инвестициялық жобаның негізгі тізімін жасады. Бұл тізімге шетелдіктердің қатысуымен 140 жоба (жалпы құны 43,8 млрд АҚШ доллары) және отандық инвесторлардың қатысуымен 518 жоба (жалпы құны 15,4 млрд АҚШ доллары) енді. Ал биыл жалпы құны 6,5 млрд АҚШ долларынан асатын 298 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, жалпы құны 11 млрд АҚШ долларын құрайтын 199 жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстарын іске асыру көзделуде", – деді вице-министр.

Арыстан Қабыкеновтің мәлімдеуінше, елдегі инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша егжей-тегжейлі жоспар әзірленген. Бүгінде Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізілген елдердің саны 61-ге жеткен. Сондай-ақ, 2018 жылдың соңына дейін Астана мен Алматы әуежайлары арқылы өтетін қытайлық азаматтар үшін 72 сағаттық визасыз режім енгізілді. Қазіргі уақытта Үндістан азаматтары үшін визасыз режимді енгізу мәселесі қарастырылуда.

"Бүгінде инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы халықаралық келісімдерді жасау жұмыстары жетілдірілді. Мемлекет басшысының Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған жұмыс сапарынан кейін Қазақстан мен БАӘ арасындағы инвестицияларды ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімге қол қойылды. Қазір осы мақсатта 20-дан астам елмен келісімдер жобасы әзірленуде", – деді Арыстан Қабыкенов.

Сондай-ақ, биыл елімізде инвестициялық климатты одан әрі жақсару мақсатында заңнамалық пакет қабылданбақ.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу