Қараусыз ит-мысықтардың ертеңгі күні не болмақ?

Бүгінде қаңғыбас иттердің мәселесі өзекті болып отыр. 

Қараусыз ит-мысықтардың ертеңгі күні не болмақ? Фото: astana.tv

Соңғы уақытта елімізде қараусыз жүрген үй жануарларына баса назар аударылып келеді. Әсіресе, қаңғыбас иттердің жағдайы одан қауіптенген жұртшылықты да, қорғап әлек болатын зооволонтерлерді де алаңдатпай қоймайды. Оларды чиптеу, стерилизациядан өткізу, арнайы орын салу сынды бастамалар билік тарапынан да айтылып жүр. Бір өкініштісі, кей кездері сол ит-мысықтардың мәселесі тұрғындардың арасында түрлі тартысқа дейін әкеледі, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Тараптар жанжалы

Павлодар қаласында осыдан төрт-бес жыл бұрын жануарларға көмек көрсететін арнайы оңалту орталығы ашылған-ды. Әуежай қалашығы ауданындағы ғимараттың бой көтеруіне демеушілер қаржылай қолғабыс етті. Әлі күнге дейін бұл орталық жануарларға жанашыр жандардың қолдауымен жұмыс істеп келеді.

Аталмыш орталықтың ашылуына ұйытқы болған "Сердца Павлодара" қоғамдық бірлестігінің басшысы Мария Гребенкинаның айтуынша, мұнда ит-мысықтарға түрлі қызмет көрсетіледі. Мәселен, жыл басынан бері аталмыш клиникада 1,5 мың жануар стерилизациядан өтіпті.

Алайда аталмыш ауданның тұрғындары мұндай "көршімен" іргелес болуды қаламайды. Клиника жұмысын бастағалы жергілікті жұртшылықтан маза қашқан көрінеді. Иттердің күні-түні үріп, нәжіс иісінің бүкіл аумаққа тарайтыны тағы бар.

"Оңалту орталығының жанынан ойын алаңы салынуы керек. Бірақ біз ол жаққа балаларды жіберуден қорқамыз. Иттердің қасына жіберу қауіпті. Біз бұрыннан бері балаларға арналған жерден неге бас тартуымыз керек? Сонда адамның мүддесі жануардың мүддесінен төмен болғаны ма? Орталықтың жұмыс істеуіне түбегейлі қарсы емеспіз, тек оны біздің ауданнан, үйлер мен ойын алаңының маңынан алыс аумаққа көшіргенін қалаймыз", - дейді тұрғын Раиса Шпиц.

Мұндағы жеке баспаналар иелерінің сөзінше, кейде тіпті өлекселерді жаққан жағымсыз иіс шығып, қолқаны қабады. Ал орталық иесі Мария Гребенкина болса, крематорийдің ұзақ уақыт жұмыс істемей тұрғанын айтты. Іске қосылғанның өзінде ондағы жану температурасы 800 градус болғандықтан, бәрі бірден жанып кететінін түсіндірді.

"Тұрғындар иістің шығуына байланысты тексеріс жүргізу үшін арнайы мамандарды шақырды. Өз кезегінде олар ауаның құрамын тексерді, ешқандай кемшілік анықталған жоқ. Иттердің үрген дауысы естілмес үшін шуды оқшаулағыш құралдарды қоймақ жоспарымыз бар. Соған қарамастан, тұрғындар жұмыс істеуімізге қарсы. Ал бұл жер оңалту орталығына арналып, ресімделген", - дейді Мария Гребенкина.

Екі тараптың мәселесін жергілікті әкімдік те шешпек болып еді. Бірақ одан айтарлықтай нәтиже шықпады. Дөңгелек үстел барысында көп сұрақ сол күйі ашық қалды. Сондықтан арнайы комиссия мен тараптар көшпелі жиын өткізуді ұйғарды.

Ал бұл уақытта оңалту орталығының жұмысын жақтаушылар мен жергілікті жұртшылық арасындағы жағдай одан әрі ушығуда. Осыдан бір апта бұрын оңалту орталығының жұмысына наразылық білдіріп жүрген тұрғындардың бірінің моншасы мен ағаштан салынған шаруашылық ғимараты отқа оранды. Барлығы 30 шаршы метр аумақты өрт шарпып, жеті адам эвакуацияланды. Олардың ішінде үш бала бар. Өрт сөндірушілердің алдын ала болжамы бойынша, бұл үйдің аумағына әлдекімдер қасақана от қойған.

Мұндай болжамнан соң кей тұрғындар өрттің орын алуына "Сердца Павлодара" бірлестігінің өкілдері мен олардың жақтаушыларын кінәлады. Десе де, қоғамдық ұйым басшысы бұған мүлде қатыстары жоқ екенін айтып, ресми мәлімдеме жасады. Қалай болған да иттерге арналған оңалту орталығы таусылмас даудың өзегі болып тұр.

Уақытша баспана мәселені шеше ме?

Жалпы, Павлодар облысында ит-мысықтарды ұстау, оларды күтіп-бағу мәселесі бұрыннан бері көтеріліп жүр. Оларға арнайы пана салу бастамасының айтылғанына да біраз жылдың жүзі болды. Жергілікті билік тиісті талаптар анықталып, ресми рәсімдерді аяқтаған соң бұл істі қолға алды. Енді екі айдан соң қаңғыбас иттерді ұстайтын арнайы орын пайда болады. Бірақ ол – уақытша ғана баспана. Екі айдан соң иттер қайтадан "бостандыққа" шығарылады.

Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, үй жануарларына қарастырылған уақытша пана шығыс өндірістік аймағында ашылады. Ол үшін 2,5 гектар жер бөлінді. Бұрын мұнда қоқыс полигоны болған. Енді бұл аумақ толығымен тазартылып, иттерді күтіп-ұстауға берілмек. Құрылыс жұмыстарына қалалық бюджеттен 300 млн теңге жұмсалды.

"Қазіргі таңда жер қазу, қоршаулар қою, вольер аумақтарын бетондау, қыдырту ауласын жабдықтау, қызметкерлерге арналған ғимарат салу жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ, су алатын ұңғыма қазылды", - деп хабарлайды жергілікті әкімдік.

Уақытша ұстау пунктінде ветеринария мамандары иттерге вакцина салып, стерилизация жасап, есепке қояды. Екі ай аралығында оларға ие болар азаматтар болмаса, қайтадан көшеге жіберіледі.

Жалпы, бұл пункт 300 үй жануарына шақталған. Оны осы жылыдң қазан айынан бастап пайдалану жоспарланып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу