Кәрі құрлық елдері Ресейге тәуелді екенін мойындай бастады

102

Қазір Еуропаның энергетикалық саласын "күйзеліс" билей бастады. 

Кәрі құрлық елдері Ресейге тәуелді екенін мойындай бастады Фото: РИА Новости

Ресейлік газдан бас тартқаны аздай, енді Ормуз бұғазындағы жағдай мәселені күрделендіре түскен секілді. Осындай тығыраққа тірелген тұста батыс елдерінің кейбірі Ресей мен Украина қақтығысына қатысты көзқарастарын өзгертіп жатыр.

Осыған дейін Мажарстан саяси шешімдер арқылы Украинаға қарсыласып келсе, енді Германия "белгілі бір сылтауларды алға тартып", жақтасы болып келген Украинаға "Таурус" зымындарын беруді тоқтатуға шешім қабылдады. Германия үкіметі соғыс жылдарында Украинаның қару-жарақ базасы жақсарды дегенді алға тартқан. Яғни, олар енді майдан даласында өз зымырандарымен ғана арпалысуға мәжбүр.

Дегенмен бұның біржақты пікір екені аңғарылады. Өйткені ақпанда ғана Украина басшысы Владимир Зеленский керісінше германиялық зымырандарға мұқтаж екенін жасырмаған.

Қазір жаһандағы сарапшылардың көбі Ресейдің еуропалық газ нарығынан кету туралы шешімі және Таяу Шығыстағы Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленістің күшеюі Еуропаны 2022 жылғы туындаған дағдарысқа ұқсас жаңа қиындықтарға алып келгенін ашық айта бастады.

Рас, қанша дамыған құрлық саналса да Еуропа жұрты энергия ресурстарының импортына тәуелді. Бірақ қақтығыстарға байланысты транзиттік бағыттар тұрақты болмай тұр.

2025 жылғы желтоқсандағы ЕуроОдақ Кеңесі мен Парламенті арасындағы келісімге сәйкес, ресейлік сұйытылған табиғи газ 2026 жылдың соңына дейін, ал құбыр арқылы жеткізілетін газ 2027 жылдың күзіне дейін толық тоқтатылуға тиіс. Алайда биыл Ресей президенті Владимир Путин "нарықтан кету" жөнінде тапсырма беріп, газды стратегиялық құрал ретінде ұтымды пайдаланды.

Оның үстіне қазір Еуропаның газ қоймалары жеткілікті деңгейде толтырылмағаны айтылуда. Ақырында батыс тосын шешімдерге баруы мүмкін. Мәселен, қақтығысты қаржыландыруды тоқтатуға. Қазір Франция электр энергиясынан тапшылық көрмес үшін атом электр станцияларын толық қуатпен жұмыс істетіп, көмір генерацияларын қайта қосу жайын ойластыруда.

Сонымен қатар, үкіметтер нарықты тұрақтандыру үшін баға шектеулерін енгізу, нарықты түзету тетіктерін іске қосу және әлеуметтік осал топтарға бағытталған қаржылық қолдау пакеттерін ұсынуға баруы мүмкін. Түркиялық Anadolu агенттігінің жазуынша, бұл қарқынмен Еуропа тек 2035-2040 жылдары ғана энергетикалық тәуелсіздікке жете алады.

Осы тұста АҚШ-тың әрекеті мен Ресейдің шешімі кәрі құрлықты екі жақтан қысқанға ұқсайды. 2021 жылы Еуропа Ресейден 150 млрд текше метр газ алса, былтыр 38 млрд текше метрмен шектелді. Осы кезде бұл нарыққа АҚШ кірді. ЕО қазір жалпы қуаты 215 млрд текше метр болатын 33 терминалды пайдаланып отыр, тағы 7 нысан салынып жатыр және 16 жаңа жоба жоспарланған.

Бірақ осының өзі аса пайдалы болмауы мүмкін. Өйткені әлемдік мұнайдың шамамен төрттен бірі өтетін Ормуз бұғазы тоқтағалы, мұнай бағасы шарықтады. Яғни, батыс қымбат мұнайға ұрынды. Қазір әлемдегі сұйытылған газдың 20 пайызын өндіріп келген QatarEnergy компаниясы өндірісті тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Бір жыл бұрын ғана Катар Италияның сұйытылған газ импортының 30 пайызын, Бельгия тасымалының 8 пайызын қамтамасыз етіп келген. Енді Еуропада электр энергиясы қымбаттап, инфляция үдеуі мүмкін. Өйткені Катар Еуропаға газ жеткізу қиындаса, Азияға бет бұрады.

Брюссель жағдайдың одан әрі нашарлауына байланысты ынтымақтастық тетіктерін іске қосуға дайын екенін байқатты. Қарастырылып жатқан шаралардың қатарында сұранысты қысқарту, газды бірлесіп сатып алу, уақытша бағаны бақылау, қаржылық қолдау секілділер бар. Бұның бәрі ұзақмерзімді дағдарыстың алдын ала – ол жағы белгісіз.

Қорыта айтқанда, энергетика – Еуропаның жанды жері. 2050 жылға дейін 2,27 трлн еуроға энергетикалық желілерге инвестиция салуды көздеп отырған құрлық сыртқы тәуелділіктен әлі арыла қоймайтындай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу