Кәріс сериалы мен әскер: қазақ тілін тез меңгерудің жолы қайсы?

Павлодарлық жігіт өз тәжірибесімен бөлісті. 

Кәріс сериалы мен әскер: қазақ тілін тез меңгерудің жолы қайсы? Фото: pavon.kz

Соңғы бірнеше күн бойы әлеуметтік желіде жолдастарымен телефон арқылы қазақ тілінде емін-еркін сөйлесіп отырған өзге ұлт өкілінің видеосы кеңінен тарап, көпшілікті сүйсінтті. Бүгінде бұл видео небары бес күн ішінде 2,1 млн қаралым жинап үлгерді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Видеодағы жігіт - Павлодар қаласының тұрғыны Родион Иванов. Оның әскердегі досымен телефон арқылы тілдескен сәтін әпкесі осыдан екі жыл бұрын видеоға түсіріп, жақында тик-ток желісінде бөліскен. Сөйтіп, мұрағаттық әңгіменің арқасында ол аз күн аралығында желі "жұлдызына"айналды.

23 жасар Родион орыстілді балабақша мен мектепке барған. Бірақ бала кезден қазақ тіліне қызығып, кәріс сериалдарының қазақ тіліндегі аудармасын көрген екен.

"Бала кезімде "Qazaqstan" ұлттық арнасынан кәріс сериалдарын қазақша жиі көрсететін. 2-сыныпта оқып жүрген кезімнен бастап сол сериалдарды орысша субтитрлермен көретін едім. Сол арқылы қазақ тілін үйрендім. Меніңше, төл дыбыстарды біліп алсаң, тілді меңгеру соншалық қиын емес. Оған қоса, грамматиканы түсіну салмақ салса, ауызекі тілде сөйлесуге көшкен жөн. Менің мемлекеттік тілді меңгеруіме сериалдар мен әскердегі жолдастарым көп көмектесті",-дейді ол.

Родионның әңгімесін желіге жүктеген әпкесі Аннаның айтуынша, отбасындағы адамдардың барлығы қазақша түсініп, сөйлей алады. Бірақ бауыры бәрінен де жақсы меңгерген.

"Ол әскерге барғанға дейін де қазақша жақсы білетін. Әскери борышын өтеп келген соң тіпті таза сөйлейтін болды. Қазір де көбінесе мемлекеттік тілде сөйлейді. Бұл - бәрімізге ортақ міндет",-дейді Анна.

Айта кетейік, Родион 2021 жылы Зайсан қаласында Майшілік шекара  заставасында азаматтық борышын өтеген болатын. Әскерден келе сала түсірілген бұл видеоның кең ауқымда таралғанына аң-таң.

"Шыны керек, мұрағаттық видеоның осылайша бүкіл жерде таралатынын күткен жоқпын",-дейді ол.

Ал желі қолданушылары орыс жігітінің қазақша мүдірместен сөйлегеніне таңданысын жасыра алмай, жарыса пікір жазып жатыр. "Қазақ тілін үйрены үшін курстарға барып жүрсем де бұлай сөйлесе алмаймын", "Акцентсіз таза сөйлеп отыр, жарайсың", "Мені де әскерге алып кетіңдерші, қазақша үйреніп алайын" дейді әлеуметтік желі қолданушылары.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу