Картоп өңдеу: артық өнімді қалай жаратамыз?

Павлодарда картоптан дайын, жартылай дайын өнімдер алу мәселесі өзекті болып тұр. 

Картоп өңдеу: артық өнімді қалай жаратамыз? Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысы елімізде картоп өсіру бойынша көш басында. Өңір тұрғындарының бір жылдағы жалпы сұранысы 110 мың тонна көлемінде бола тұра, мұнда сұраныстан 7 есе артық өнім жиналады. Айталық, биыл жергілікті шаруалар 777 мың тонна картоп алды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ниет бар, нақты іс жоқ...

Жалпы, тек Павлодар облысында емес, бүкіл Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығы тауарларын өңдеу мәселесі өзекті болып қалып отыр. Оның ішінде тез бұзылуы мүмкін картоптың жайы бөлек. Оны жақын мемлекеттерге аз уақыт аралығында экспорттап үлгермесе, көктемнен күзге дейін еткен еңбек еш кетеді. Сондықтан өнімнің бұл түрін өңдеп, алыс шетелдерге де жөнелту әлдеқайда тиімді. Әсіресе, жылдың басында елімізде өсірілген картоп пен сәбізді сыртқа сатуға тыйым салынған тұста кәсіпкерлердің көбі тығырыққа тірелгені рас. Мұндай қиындықтар болмас үшін артық көлемде өсірілетін картоптан түрлі өнімдер алуға көшу заман талабына айналып отыр.

Қазақстанның бұл тұрғыдан алғанда әлеуеті зор екенін байқаған шетелдік инвесторлар да білек сыбана іске кірісуге бейілді. Алайда әзірше барлығы тек келіссөз жүзінде қалды.  

АҚШ неге көз тігіп отыр?

Мәселен, осы жылдың сәуір айында АҚШ-тағы ірі фуд-трейдер - "Champion Foods" компаниясының басшылығы Павлодар облысына келіп, аймақтың басшысы Әбілқайыр Сқақовпен тілдесті. Сол кезде америкалық инвестор өңірде өсірілген картопты алыс шетелге жеткізуге ниет білдірген-ді.

"Біздің компания АҚШ штаттарымен қатар, Қытай, Үндістанға да әлем бойынша өнімдер жеткізумен айналысады. Тапсырыстар портфелі 2 млрд доллардан асады. Қазір біз қазақстандық картопты өңдеп, оны экспорттаудың жүйесін енгізуге әзірміз. Павлодарлық картоптың параметрлері жоғары болғандықтан, сапасы көңілімізден шығып отыр", - деген еді сол кезде компанияның вице-президенті Джонатан Буринг.

Өз кезегінде жергілікті билік жан-жақты қолдау көрсетуге әзір екенін білдірді. Алайда бұл серіктестіктің соңы сұйылып кеткен сыңайлы. Себебі арада жарты жыл өтсе де өңірде жиналған картоптың АҚШ пен басқа да алыс шет мемлекеттерге жөнелтілгені туралы ресми дерек болған жоқ.

Ал күні кеше облысқа тағы бір америкалық инвестор келді. Бұл жолы әлемнің 30 елімен әріптестік орнатқан көпбейінді компания - "MK Industries" павлодарлық картоптан мұздатылған фри шығаруға ықылас танытты.

Шетелдік компанияның бас директоры Али Катуттың айтуынша, қытырлақ картоптың өндірісі үшін 20 млн доллар көлемінде инвестиция салынады. Осы мақсатта Ақсу қаласында шикізат өнімдерін сақтауға қажетті төрт қойма салуды ұсынды. Кейін 100 мың тонна картоп өңдеуден өтеді. Сол арқылы  ішкі нарықты қамтамасыз етуден бөлек, өнімдерді экспорттауға болады. Инвестор өндірісте Бельгия мен Қытайдан жеткізілетін құрал-жабдықтарды қолданбақ. Сонымен бірге, мал шаруашылығы, дәнді дақылдарды өсіру және жем-шөп әзірлеу бойынша да әріптестік орнату мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов бұл компанияға да жергілікті билік тарапынан көмек болатынын алға тартып, бұл серіктестік пайдалы тәжірибеге айналатынын атап өтті.

Отандық кәсіпкерлер де қалыс қалмақ емес

Шетелдіктермен қатар, жергілікті бизнес өклідері де картопты өңдеп, одан чипсы шығаруға ден қойғалы отыр. Таяуда "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында өткен мемлекеттік гранттар конкурсында Айсұлу Баисова есімді кәсіпкер чипсы өндірісі жобасын ұсынып, жеңіп шықты. Оған қайтарымсыз мемлекеттік грант берілетін болды.

"Мен сауда саласында жұмыс істеймін. Қандай тауарлар сұранысқа ие екенін байқай отырып, чипсы шығаруды ойлап, анализ жасадым. Талдау жүргізіп,  Павлодар облысында мұндай өнім мүлде шығарылмайтынын білдім. Сондықтан арнайы цех ашуды ұйғардым", - дейді ол.

Алайда  аталмыш конкурсқа қатысушылардың бір тобы комиссия шешімімен келіспей, өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгінді. Тіпті, кәсіпкерлердің бірі сотқа арыз берді. Олар инновациялық жаңашылдығы жоқ, қоғамға айтарлықтай игілік әкелмейтін жобалардың жеңімпаз атанып, грант иегері болғанына аң-таң.

Солардың бірі – Жұпар Елеуғожина. Ол қант диабетін емдейтін медициналық кабинет ашпақ болған-ды. Бірақ оның жобасы қолдау таппады.

"Жаңашылдығы жоқ жобалардың мемлекеттің қаржысын иеленгенін түсінбей-ақ қойдым. Стол-трансформердің қандай инновациялық жаңалығы бар? Ал чипсы өндірісін қолдау мүлде дұрыс емес. Мен дәрігер ретінде мұндай өнімнің т ұрғындарға сатылуы дұрыс емес деп есептеймін, ол зиянды ғой", - дейді кәсіпкер.

Осылайша, дауға айналған гранттар мәселесі біржақты шешілмейінше, жергілікті чипсы өндірісінің іске қосылуы туралы сөз қозғау да ерте болатын сияқты.

Экспорт та, өңдеу де керек

Облыстағы ірі картоп өсіруші кәсіпорын – "Ақтоғай-Агро" ЖШС 1,5 мың гектарға картоп тұқымын салады.

Оны сақтау үшін былтыр тағы 5 тонналық қойманы жаңадан салды. Жалпы, бұл шаруашылықта 60 мың тонна картоп пен сәбізді сақтауға қауқарлы қойма бар. Бірақ мұндағы өнімдерді 15 мамырға дейін сатып үлгермесе, жарамсыз болып қалады. Сондықтан өңдеу мәселесі бұл кәсіпорын үшін де маңызды.

"Ара-тұр ел билігінің картопты, сәбізді, қырыққабатты экспорттауға тыйым салатын "әдеті" бар. Мәселен, 2019 жылы сәбіз бен қырыққабатты экспорттауға тыйым салынған соң тек біздің шаруашылық 3 тонна сәбізді шіріп кеткен соң лақтырып тастады. Жыл басында тағы осындай шектеу енгізілген кезде ресейлік серіктестерімізбен байланысымыз үзіліп қалды. Мұндай қиындықтар туындамас үшін экспортқа жол ашып, өңдеу мәселесіне назар аударған дұрыс", - дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Павлодар облысында 400 мың тоннадан астам картопт сақтайтын қойма бар. Сонымен қатар, 4 тұқым шаруашылығы өнімнің сапалы болуын қамтамасыз етеді.

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться