Қарулы күштегілердің қалтасы қағылмайды

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
2671

Болашақта қазына қаржысымен 60 мыңнан астам әскери қызметкер баспаналы болады.

Қарулы күштегілердің қалтасы қағылмайды

Келесі жылдан бастап еңбек өтіліне қарамастан еліміздің  барлық әскери қызметкерлері баспанамен қамтылады. Бұл ҚР қарулы күштерінің әскери қызметкерлері алдағы уақытта пәтер жағалап жүрмейді деген сөз.

Бұған дейін әскерилердің жалға алған пәтерлерінің ақысын мемлекет төлеп келсе де, баспана мәселесін түбегейлі шеше алмаған еді. Ал әскер саласынан қол үзген адамға мемлекеттің қаржылық қолдауы тоқтатылатын. Сөйтіп бұрынғы әскери қызметкерлер тентіреп, кісінің көзіне қарап өмір сүретін. 2012 жылдан бүгінге дейін осылай жалғасты. Десек те үкімет 5 жыл қамсыз, қаперсіз отырған жоқ, мәселені шешудің тиімді тәсілдерін жатпай-тұрмай іздеді. Ақыры дегеніне жетті. Соның айқын айғағы 2018 жылдан бастап әскерилерге осы күнге дейін өтемақы түрінде төленіп келген қаржы, бұдан былай тұрғын үй төлемі ретінде үлестірілетін болды.

Шарт бойынша қаржы осыған дейінгідей әскери қызметкердің қолына  берілмейді, банктегі арнайы шотқа аударылады. Осы әдіспен болашақта 60 мың әскери қызметкер қоныс тойын тойлайды.

Айта кетейік, үкімет соңғы 3 жылда әскерилерге пәтер жалдау үшін шамамен 50 млрд теңге жұмсады. Бұл қаржы пәтерін жалға берушілердің қалтасын қампайтқаны болмаса, әскерилерді пәтер иесі атандыра алмады.

Осы мәселе талқы таразысына түскен тұста мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев: "Банк бастапқы төлемді пайызын азайтып әскерилерге қарыз ретінде береді. Әскерилер жеңілдетілген пайызбен үй сатып алады. Қарызды мемлекет өтейді", – деді.

Қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақовтың сөзінше, қазір тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде кезекке тұрған әскери қызметкерлер банктен есепшот ашумен айналысып жатыр. 2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап қаржы ипотекаға алынған үйдің өтемі ретінде банктегі есепшотқа түседі.

"Әскери қызметкерлер еліміздің кез келген аймағынан үй ала алады. Бұл ретте әскери қызметкерлердің жұмыс өтілі назарға алынбайды, тек отбасы құрамына ғана мән беріледі",– деді министрдің орынбасары.

Әбілқайыр Сқақовтың айтуынша, жоба тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

"Төлем құны тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу бағасына көбейту арқылы айқындалады. Әскери қызметшінің өзін қоса алғанда, отбасы мүшелерінің әрқайсысына 18 шаршы метрдің ақшасы аударылады, – деді ол.

Салыстыру үшін айтайық, биыл белгіленген баға бойынша, Астанада бір шаршы метрді жалға алу құны 2361, Таразда 895 теңге. Бұл баға жаңа жылда өзгереді. Өзгерген бағаны ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінен білуге болады. Бұл бағдарлама толық отбасыларға тиімді, ал ажырасқандар үшін тиімсіз.

Қорғаныс министрінің орынбасары Талғат Мұхтаровтың мәлімдеуінше, ерлі-зайыпты адамдар ажырасқан жағдайда әскери қызметкердің жұбайына тұрғын үй төлемін төлеу тоқтатылады. Себебі әйелі отбасы мүшесінің қатарынан шығып қалады.

Әскери қызметкерлерге өздеріне және отбасы мүшелеріне үкіметтен бөлінген ақшаны ипотекалық қарызды жабу арқылы жекеменшік үйге қол жеткізуге, осыған дейін алынған ипотекалық несиені өтеуге, тұрғынжайды жалға алу ақысын немесе кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу құнын төлеуге, тұрғын үй-құрылысы кооперативіне қатысу кезіндегі жарналарды жабуға, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге, тұрғын үй жағдайын жақсартуға сонымен қатар екінші деңгейлі банктерден алған несиені жабуға жұмсауға рұқсат етілген. 

Айтпақшы әскерилерге "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" арқылы да  баспаналы болуға болады. Бұл үшін олар тиісті құжаттарын реттеп, қолда бар қаржысына сай пәтер табуы тиіс.

Белгілі болғандай, бұдан былай әскери қызметкерлерге қызметтік үй салынбайды. Министрлік жатақханаларға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді және әскери қызметкерлердің нарықтан сатып алынатын үйлеріне басымдық береді.

"Қызметтік тұрғын үй ретінде әскери қызметкерлерге пәтер немесе жатақхана беріледі", – деп мәлімдеді Қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақов.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу