Қарындарының ашқанына емес, қадірлерінің қашқанына налиды

5558

"Арселор Миттал Теміртау" компаниясына қарасты шахталардың 400 кеншісі жер астынан шықпай отыр.

Қарындарының ашқанына емес, қадірлерінің қашқанына налиды

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов Шахтинск кен орнына барып, наразылық шарасын ұйымдастырып жатқан кеншілермен сөйлесті. Екі сағатқа созылған әңгіменің нәтижесінде 59 кенші сыртқа шықты.

Осыдан соң аймақ басшысы Тентек шахтасына келді. Мұнда кәсіподақ басшыларымен, шахта директорларымен және бригадирлермен бірге жиналыс өткізді. Жиын соңында 76 адам шахтадан шығуға келісім берді.

Осының ізін іле-шала әкім Ленин атындағы шахтаға барып, 19 кеншіні райынан қайтарды. Қазір Ерлан Қошанов Қазақстан шахтасының кеншілерімен келіссөз жүргізіп жатыр.

Шахтинск қаласының тұрғыны Рәзия Омарованың айтуынша, оның жары: "соңына дейін қарсылық танытамыз, денсаулығымыз нашарлағанша отыра береміз" дегенді айтыпты.

Денсаулық демекші, бейресми дерек бойынша, шахтадан шыққан 10 адам жердің үстіне өз еркімен көтерілген. Себебі олар өздерін жайсыз сезіне бастаған. Денсаулығы сыр берген кеншілерге шахтаның медициналық қызметкерлері алғашқы көмек көрсеткен.

Айта кетейік, облыс әкімдігінің ресми сайтында: "13 желтоқсандағы таңертеңгі соңғы мәліметке сай 154 кенші кен орнынан шықты. Әлеуметтік желіде Шахтинск өңірінде осы мәселеге қатысты қамауға алу шарасы өтуде деген ақпарат таратылуда. Бұған  қатысты ІІД баспасөз қызметі Шахтинскіде ешқандай қамауға алудың болмағанын жариялауда. Полиция азаматтардан ешқандай арандатушылыққа тап болмауға шақырады", – деген мәлімет жарияланды.

Бұған дейін "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының басшылары кеншілердің жалақысын 30%-ға көтеретіндерін айтқан. Алайда мұндай ұсынысты қарсы тараптың көңілі қош көрмеген.

"Қорғау" көміршілер кәсіподағының төрағасы Марат Миргаязов: "Кеншілердің бір бөлігі келісімге келгенмен, екінші бөлігі ымыраласудан бас тартып отыр.

Мәселеге облыс әкімінің араласуы түйткілдің түйіні тарқатуға сеп болады деп  үміттеніп отырмыз", – деді.

Кеншілердің айтуынша, шахтада ауа температурасы 8, кей жерлерде 3-4 градусты көрсетіп тұр. Суыққа, сызға төзіп, бірде аш, бірде тоқ жатқан кеншілер  журналистерге: "қарнымыздың ашқанына емес, қадіріміздің қашқанына налимыз" дегенді  айтты.

"Киіммен ұйықтап жүрміз. Бұл қадамға амалсыздан барып отырмыз. Біз бала-шағамызға жайлы жағдай жасағымыз келеді. Ол үшін табысымыз дұрыс болуы керек. Бізді тыңдайтын құлақ табылар деп үміттенеміз. Шахта басшылығы күніне бір мезгіл ыстық тамақ жіберткізіп жатыр. Кеше прокуратура өкілдері келіп, наразылық акциясының заңсыз екенін, біздің жауапқа тартылуымыз мүмкін екенін ескертіп кетті.Алда не болатынын уақыт көрсетеді", – деді Тентек шахтасында отырған Табылды Жұманов есімді кенші.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу