Қарызыңыз қаншаға жеткенде шот бұғатталып, мүлкіңіз сатылатыны анықталды

1019

Жаңа Салық кодексі бойынша бұғаттауға арналған борыш шегі өзгерді.

Қарызыңыз қаншаға жеткенде шот бұғатталып, мүлкіңіз сатылатыны анықталды Фото: canva

Қаржы министрлігі салықтық берешектің шекті мөлшерін ұсынды. Ведомство "Салықтық берешегінің шекті мөлшерін айқындау туралы" Қаржы министрі бұйрығының жобасын әзірледі.

Оған сәйкес, берешегі 20 АЕК-тен (2026 жылдың АЕК мөлшері әзірге бекітілген жоқ, ал, 2025 жылғы АЕК бойынша 78 640 теңгеден) асып кеткен жеке тұлғалар мен кәсіпкерлердің есепшоттары бұғатталады.

Министрліктің түсіндіруінше, Қазақстанның жаңа Салық кодексін іске асыру мақсатында енді салықтық берешектің шекті мөлшері айқындалады.

"Ол асып кеткен кезде салық органы салық төлеушіге салықтық міндеттемесін қамтамасыз ету тəсілдерін жəне салықтық берешегін мəжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады. Ал, салықтық берешегі аталған шекті мөлшерінен аспаған салық төлеушілерге мəжбүрлеп өндіріп алудың тəсілдері мен шаралары қолданылмайды. Оларға тек салықтық берешегінің бар екендігі туралы хабарлама жіберіледі жəне өсімпұл есептеледі", – деп хабарлады ведомство.

Егер салық төлеуші мемлекеттік бюджет алдындағы қарызын уақытылы өтемесе, онда күн сайын тоқтаусыз қосылған өсімпұл ақыры оның сомасын 20 АЕК-тен асырады. Осыдан кейін құзырлы органдар азаматтың немесе компанияның шоттарын, банк карталарын бұғаттап, дүние-мүлкін тәркілеп, оны аукцион арқылы барынша тез сатып, немесе берешегін жеке сот орындаушыларына тапсырып, қарызды өндіртудің түрлі тәсілдерін қолдана бастайды.

Бірақ 20 АЕК шегі халықтың бәріне бірдей қолданылмайды, оған тек компаниялар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, сот орындаушылары, адвокаттар, кәсіби медиаторлар және басқасы ілікті. Бұл шек қолданылатын санаттардың тізімі жаңа Салық кодексінің 5-ші бабының 4) тармақшасында термеленген.

Оған сәйкес, салықтық берешектің шекті мөлшері – уәкілетті орган айқындаған салықтық берешектің мөлшері, ол асып кеткен кезде салық органы салық төлеуші заңды тұлғаға, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесіне, қызметін Қазақстанда тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидентке, дара кәсіпкерге, жеке практикамен айналысатын адамға салықтық міндеттемені қамтамасыз ету тәсілін, салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шарасын қолданады.

"Салықтық берешектің шекті мөлшері салықтық міндеттемені қамтамасыз етудің әрбір тәсілі және (немесе) салықтық берешекті мәжбүрлеп өндіріп алудың әрбір шарасы үшін жеке-жеке тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде 20 еселенген мөлшерінде айқындалады", – делінген жаңа кодексте.

Осы орайда Қаржы министрлігі қарыз көлемі қандай мөлшерге жеткенде қандай жаза түрлері қолданылатынын мәлім етті.

Біріншіден, егер заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің, қызметін Қазақстанда тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезиденттің, жеке кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның салықтық берешегі 20 АЕК-тен (2025 жылы 78 640 теңгеден) асса, онда: Салық кодексінің 86-шы бабында қарастырылған салық төлеушінің (салық агентінің) кассасы және банктік шоттар бойынша шығыс операциялары уақытша тоқтатылады. Қарыз оның банктік шотындағы ақшасы есебінен өндіріп алынады.

Екіншіден, егер аталған санаттардың салықтық қарызы 45 АЕК-тен (176 940 теңгеден) асса, онда: Салық кодексінің 87-ші бабында қарастырылғандай, салық төлеушінің және салық агентінің өз мүлкін пайдалануына, сатуына, басқаға сыйлауына және басқасына шектеу қойылады.

Оның салықтық қарызы дебиторларының шотынан өндіріп алынады. Бұл жетпесе, салық төлеушінің меншігіндегі шектеу қойылған мүлікті сату арқылы өтеледі.

Онысы да аз болса, жаңа Салық кодексінің 188-ші бабында көзделгендей, компанияның жария акцияларын мәжбүрлеп қосымша шығарту жүзеге асырылады. Тиісінше, компания қожайынының, акционерлердің үлесі азаяды. Бұл үшін салық органы ұлттық заңнамада айқындалған тәртіппен жарияланған акцияларды мәжбүрлеп шығарту туралы талап-арыз беріп, сотқа жүгінуі шарт.

Үшіншіден, әлгінде аталған санаттардың салық бойынша борышы 27 000 АЕК-тен (2025 жылы – 106 164 000 теңгеден) асып кетсе, онда: заңды тұлғаның, заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің бірінші басшысының немесе оны алмастырушы тұлғаның, сондай-ақ жеке кәсіпкердің, жеке тәжірибемен айналысатын тұлғаның Қазақстаннан сыртқа шығуына уақытша шектеу қойылады және оны орындау шаралары қабылданады.

Қаржы министрінің бұл жаңа бұйрығы тек мемлекеттің мүддесін қорғайды, бұл туралы ведомствоның түсініктемесінде келтірілген.

"Бұйрық жобасының мақсаты – жаңа Салық кодексінің 5-бабының 4) тармақшасын іске асыру, атап айтқанда, салықтық берешегінің шекті мөлшерін айқындау. Жоба салықтық қарыз салықтық берешектің шекті мөлшерінен асып кеткен кезде салық органының салықтық міндеттемесін қамтамасыз ету тəсілдерін және салықтық берешегін мəжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану мақсатында ғана әзірленді", – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Ведомство осы арқылы "салық төлеушілер мен мемлекеттік кірістер органдары (салықшылар) арасындағы сенім дəрежесін арттырудан, сондай-ақ салық төлеушілерді Мемкірістер комитеті тарапынан мəжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбай, салықтық берешегін өз бетінше, ерікті түрде өтеуге ынталандырудан" үмітті.

Жалпы, Үкімет өзіне қарыз болып қалғандарды кешірмейді, күшке салып, өндіртіп алады. Әйтсе де, кейбір тұста "жүрегі" жұмсарыпты. Мысалы, әлеуметтік төлемдер бойынша қарыз үшін шотты бұғаттау шегін қазіргі 1 теңгеден 6 АЕК-ке дейін көтеруді жоспарлады.

Осы мақсатта Қаржы министрлігі екінші құжатты – "Берешек сомасы туралы хабарламалардың және касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы мемлекеттік кірістер органы өкімдерінің нысандарын бекіту туралы" ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары–Қаржы министрінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі № 341 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қаржы министрі бұйрығының жаңа жобасын дайындады.

"Осы жоба 6 еселенген айлық есептік көрсеткіштен астам мөлшерде берешекті өтемеген кезде әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өндіріп алудың шекті мәнін айқындау мақсатында әзірленді. Жаңа Салық кодексін іске асыру мақсатында тәуекел дәрежесіне байланыстылықты қоспағанда, 6 АЕК-тен асқан берешекті өтемеген кезде әлеуметтік төлемдер бойынша берешекті өндіріп алудың шекті мәні айқындалады", – деп мәлімдеді Қаржы министрлігі.

Бұрыннан қолданылатын тәжірибе бойынша егер салық органдары қандай да бір компания өз қызметкерлері үшін әлеуметтік жарналар мен аударымдарды 1 теңгеге (әзіл емес, сондай мысалдар болған) кем төледі деп таныса, оның барлық есепшотын бұғаттап тастайтын.

Соның кесірінен компания бизнесін жүргізе алмайды. Бизнес өкілдері бұл тетіктің "майшелпек" кәсіпорынды рейдерлік басып алу мақсатында да пайдаланылатынын айтып жүр. Нәтижесінде, келесі 2026 жылдан бастап, әлеуметтік төлем бойынша шамалы ғана қарыз үшін мұндай қысастық жасалмауға тиіс.

"Ендігі жерде елеусіз сомадағы берешек үшін бизнестің барлық қызметі бұғатталмайтын болады", – деп сендірді Қаржы министрлігі.

Әлеуметтік төлемдерге негізінен:

* БЖЗҚ-ға аударылатын міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіби зейнетақы жарналары (МКЗЖ),
* Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетін әлеуметтік жарналар,
* Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жолданатын міндетті әлеуметтік медсақтандыру аударымдары (орысша ООСМС) және міндетті әлеуметтік медсақтандыру жарналары (ВОСМС) жатады.

Бұларды жұмыс берушілер, жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар төлейді. Тиісінше, келесі жылдан бастап, олардың 6 АЕК-тен (2026 жылы – шамамен 25,9 мың теңгеден) асқан қарызы үшін ғана шоттары мен карталары бұғатталады, мүлкін иеленуіне уақытша шектеу қойылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу