Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тәуекелге бағдарланған іс-қимылды қадағалау және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін құратын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер пакетін мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Агенттік таратқан ақпаратқа сәйкес, қабылданған актілер банктер туралы жаңа заңның ережелерін іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз етеді және қаржы өнімдерін олардың өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде – әзірлеу мен нарыққа шығарудан бастап ілеспе қызмет көрсетуге, ұсынуды өзгертуге және тоқтатуға дейін басқарудың кешенді жүйесін алғаш рет қалыптастырады.
"Іс-қимылды бақылаудың жаңа моделі реттеуге түбегейлі басқа көзқарасқа негізделген. Егер бұрын қаржы ұйымдарының заңнама талаптарын сақтауын бақылауға баса назар аударылса, енді тұтынушыға зиян келтірудің алдын алу басымдыққа айналады. Реттеуші белгіленген ережелердің сақталуын ғана емес, сонымен қатар қаржы өнімдерінің, оларды ілгерілету тәсілдерінің және сату тәжірибесінің тұтынушылардың мүдделеріне қаншалықты сәйкес келетінін және олар үшін әділ нәтиже беретінін бағалайды", – делінген хабарламада.
Жаңа жүйенің негізі – қаржы өнімдерін басқарудың және қаржылық қызметтерді тұтынушыларға әділ қарауды қамтамасыз етудің озық халықаралық практикалары.
"Оларға сәйкес қаржы ұйымдары қаржы өнімдерін әзірлеу, өткізу және сүйемелдеу процестерін тұтынушылардың нысаналы тобының қажеттіліктеріне, олардың қаржылық мүмкіндіктеріне сәйкес келетіндей етіп ұйымдастыруға, өнімнің құны мен құндылығының әділ арақатынасын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қаржы өнімінің бүкіл өмірлік циклі бойына тұтынушылар үшін негізсіз тәуекелдердің туындауын болдырмауға міндетті", – деп хабарлады Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Қаулымен алғаш рет банктер, микроқаржы ұйымдары, сақтандыру ұйымдары және бағалы қағаздар нарығының жекелеген қатысушылары үшін қаржы өнімдерін басқаруға қойылатын бірыңғай талаптар енгізіледі.
Реттеудің негізі қаржы ұйымдарының іс-қимыл тәуекелдерін анықтау, бағалау және барынша азайту міндетін көздейтін тәуекелге бағдарланған тәсіл болып табылады. Ол үшін тұтынушылардың нысаналы тобын айқындаудың, қаржы өнімінің әділ құнын бағалаудың, оны алдын ала тестілеудің, өнім беру нәтижелерін кейіннен мониторингтеудің және тұтынушылар үшін тәуекелдер анықталған кезде өнімді өткізуді өзгерту не тоқтату бойынша шаралар қабылдаудың міндетті рәсімдері енгізіледі.
Сонымен бірге қаржы өнімдерін жарнамалауға, сатуға және ілеспе қызмет көрсетуге қойылатын бірыңғай талаптар белгіленеді.
"Қаржы ұйымдары өнімнің талаптарын, құнын, артықшылықтары мен тәуекелдерін дұрыс және теңгерімді ашуды қамтамасыз етуге, ілгерілетудің жосықсыз практикаларын болдырмауға, сондай-ақ шарт жасағанға дейін қаржы өнімінің мақсаттарын, қаржылық жағдайын және өніммен байланысты тәуекелдерді көтеру қабілетін ескере отырып, нақты тұтынушы үшін жарамдылығын бағалауға міндетті. Бұл сай келмейтін қаржы өнімдерін сату жағдайларын азайтуға, тұтынушылар қабылдайтын қаржылық шешімдердің сапасын арттыруға және қаржы нарығына қатысушылардың жауапты іс-қимылдың бірыңғай стандарттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді", – делінген агенттік таратқан ақпаратта.