Қаржы пирамидаларымен қалай күресеміз?

5526

Нұр-Сұлтан қаласында өткен онлайн конференцияда дәл осы тақырып талқыланды. 

Қаржы пирамидаларымен қалай күресеміз?

Жиында қаржы пирамидаларына қарсы күрес жөніндегі кешенді шараларды әзірлеу жайы пысықталды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Мәжіліс депутаттары Ерлан Смайлов пен Ләззат Рамазанова қатысқан жиында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Бас прокуратураның, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, Ішкі істер министрлігің және басқа да құзырлы органдардың өкілдері баяндама жасады. 

"ҚР Экономикалық қоғамдастықтардың кооперативтері мен басқа да нысандарының ұлттық қауымдастығы" ЗТБ президенті Қазыбек Шайхтың айтуынша, қаржы пирамидаларымен күресті күшейту және салық жүйесін жетілдіру қазіргі заман талабынан туындап отыр. 

"Бұл мәселеге Президенттің өзі назар аударып отыр. Оның біздің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Бұл ретте депутаттық корпустан күтеріміз көп. Халық қалаулылары елдегі жағдайды өзгертуге ерекше атсалысады деген сенімдеміз", – деді Қазыбек Шайх. 

Мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанова бұл мәселеде кәсіпкерлердің де мүддесін ескеру керектігін жеткізді. Сондықтан талқылау жұмыстарына қоғам өкілдерін барынша көптеп тарту қажеттігін айтты. Бұл ретте Ләззат Рамазанова депутаттық корпус тарапынан қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. 

"Желілік маркетинг бағытында жүрген адамдардың бәрі қауіпті аймақта десек жөн болар. Бұл дегеніңіз шамамен 3 млн адам. Осыншама адам алаяқтардың қолынан зардап шегуі мүмкін. Міне, сол адамдардың құқығы қорғалмаған. Біз қорғауға тиспіз", – деді Қазыбек Шайх.

Экономикалық қоғамдастықтарды дамыту комитетінің төрағасы Алма Архабаева қаржы пирамидаларының құрығындағы азаматтардың мүддесін қорғау көптен бері биік мінбелерден көтерілмей жүргенін айтты. 

"Бұл мәселені бірнеше рет көтердім. Түрлі мінбелерден айттым да. Оған енді ғана шындап назар аударылып жатыр. Президенттің үн қосуы серпіліс әкелгендей", – деді Алма Архабаева. 

Жиынға қатысушылар қаржы пирамидаларына қарсы күрес жөніндегі кешенді шараларды әзірлеуде қоғам өкілдерінің пікірін тегіс ескеру керектігін жеткізді. Яғни талқылау мұнымен шектелмейді. Бұл ауқымды жұмыстың басы ғана.

Қанат Махамбет
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу