Қаржы пирамидасын жарнамалағандар жазаланады

2163

Қаржы пирамидасына қатысты 37 қылмыстық іс қозғалды.  

Қаржы пирамидасын жарнамалағандар жазаланады

Бұл соңғы 8 айда тіркелген факті. Мұны қаржы мониторингі комитеті профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының аса маңызды істер бойынша тергеушісі Ерден Жұма жариялады. 

"Қаржы пирамидаларына қатысты осы жылдың 8 айында 37 қылмыстық іс қозғалды. 18 қаржы пирамидасының заңсыз қызметінің жолы кесілді. Қазіргі уақытта осы фактілерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр", – деді тергеуші орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның сөзінше, адамдардың көпшілігі құқық қорғау органдарына дер кезінде жүгінбейді. Ақшаларын алудан үміттеніп, уақыт жоғалтады.

"Қазіргі уақытта алдын алу шараларына ерекше назар аударып жатырмыз", – деді Ерден Жұма.

Бұдан кейін ол қаржы пирамидаларының жұмысын әлеуметтік желіде жарнамалаған азаматтар жауапкершілікке тартылатынын тілге тиек етті. 

"Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 150- бабы бойынша қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Бірақ жұмыс ішкі істер органдарының құзіретіне кіреді. Ал қаржы пирамидаларын құру және оны басқаруға қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша тыйым салынған", – деді тергеуші. 

Біле жүріңіз, қаржы пирамидасы қызметiнiң жарнамасын шығарғаны, таратқаны және орналастырғаны үшін бұқаралық ақпарат құралының қызметіне 3 айға дейiн шектеу қойылады. Жеке тұлғаларға – 150, лауазымды адамдарға – 170, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 200, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 300, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 600 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салынады. 

Қанат Махамбет 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу