Қаржы саласындағы алаяқтарды құрықтайды

10777

ЕАЭО елдері жеке және заңды тұлғалардың несие тарихын алмасу туралы келісім жасауға ниетті.

Қаржы саласындағы алаяқтарды құрықтайды

Одаққа қарайтын Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғыз­стан мемлекеттері дәл осындай келі­сім жасауды жоспарлап отыр. Бұл әңгіменің басталғанына да біраз болды. Жаңа норма ЕАЭО-ға ортақ қаржы нарығын қалыптастыру үшін керек екен.

Биыл жазда Еура­зия­­лық экономикалық комис­сия­ ЕАЭО аума­ғында несие тарихының құ­ра­мы­на кіретін мәлі­мет­тер­ді алма­су тәртібі туралы пысық­тал­ған келісім жобасын мақұлдады.

"Келісім бір жағынан ұйым құра­мын­да­ғы басқа мем­лекет­тер­дің аумағындағы банктерге несие алу үшін жүгінген кезде ЕАЭО-ға мүше елдердің рези­денттеріне тең жағдайлар жа­сау­ға ықпал етеді. Екінші жағынан, құжат банктерге одақ­қа мүше өзге мемлекеттердің резиденттеріне кредит беру тура­лы шешім қабылдау кезіндегі тәуекелдерді баға­лау­ға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде одақта трансшекаралық кредит беруді дамытуды ынталандырмақ" де­лінген Еуразиялық эконо­ми­калық комиссияның хабарламасында.

Комиссия кеңесі мақұл­да­ған­нан ке­йін келісімнің жобасы қол қою үшін әрі қа­жетті мемле­кетішілік рәсімдерді жүр­­гізу үшін одаққа мүше елдерге жібе­ріл­ді. 2020 жылдың 11 желтоқ­са­­нында Ресей Үкіметі келісім жо­ба­сын мақұлдады. Кредит­тік есеп несие тарихын пай­да­ла­ну­шының сұра­уы бойынша ұсынылады. Онда субъек­ті­нің сәйкестендіру деректері мен міндеттемелері туралы мәлі­мет­тер қам­­ты­лады.

Экономист Талғат Деме­сі­нов­тің пікі­рінше, ЕАЭО мемлекет­те­рін­де­гі заңды тұлғалардың, яғни кә­сіпорын­дардың одаққа мүше елдердің банктері мен қаржы ұйымдарынан қарыз, несие алу шарттары мен борышкер­лерге қойылатын талаптары әлі күнге дейін бірізді емес, реттелмеген. Бұл елдерде инфляция дең­гейі және басқа да фактор­лар әр­түрлі бол­ған­дықтан, несие­лік ресурстардың па­йыз­­дық мөл­шерлемесіне әсер ете­тін қайта қаржыландыру мөл­шер­ле­ме­ле­рі де біркелкі емес. Сондықтан берілетін не­сиелердің өсімақылары, басқа да шарт­тары сәй­кес келмейді.

"Кәсіпорын басқа елдің банктерінен несие алған кезде өзінің несие тарихын жасырып қалмауы керек. Бұған жол беруге бол­майды да. Осы тұрғыдан алғанда ЕАЭО мемлекеттеріне ортақ несие бюросы қажет. Несие алушы туралы ақпа­рат ортақ база арқылы басқа елдің банк­те­рін­е де қолжетімді болуы тиіс", – дейді экономист.

Талғат Демесіновтің айтуынша, несие тарихын алмасу заңды тұлғаларға ғана емес, жеке тұл­ғалар үшін де өзекті. Өйт­ке­ні қоғамда қос азаматтықпен жүр­ген адамдар жоқ емес. Солар ортақ бақы­лау­дың жоқтығынан қаржы институттарына залал әкелуі мүм­кін.

"Қазақстан заңы бойынша қос аза­мат­тық­қа рұқсат етіл­мей­ді. Бірақ шекаралас өңір­лерде тұратын кейбір адамдар арасында қос азаматтықпен жүр­ген­дер көптеп кездеседі. Міне, солар екі мемлекеттің де қаржы инс­титуттарын алдап соғуы ықти­мал. Мұның соңы үлкен қиындыққа алып келеді. Осыған жол бермеудің амалы ретінде одақ­қа мүше бес мемлекетке ортақ несие бюросын құрудың орынды бастама екендігі осы тұста анық байқалады. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одаққа ор­тақ несие бюросы аза­мат­т­ардың не­сие­­лік тәртібін рет­теуге де жол ашпақ. Яғни олар­­дың қарызды қайтаруға деген жауапкершілігін арттырады. Бұдан бөлек, қаржылық сауат­ты­лықты жақ­сар­туға да белгілі бір деңгейде үлес қосары анық. Банктердің жұмысына да жа­ңаша серпін берері даусыз", – дейді Т.Демесінов.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу