Қасақана кісі өлтірген адам сот залынан босатылды

18746

Марқұмның туыстары сот шешіміне разы емес.

Қасақана кісі өлтірген адам сот залынан босатылды

Осыдан 21 жыл, 3 ай бұрын жасалған қылмысқа қатысты үкім шықты. Қылмыстық оқиғаның айыпталушысы қылмыстық тексеру мерзімінің өтіп кетуіне байланысты сот залынан босатылды.

Мойынқұм ауданының 62 жастағы тұрғыны Есмахамбет Тілеужанов осыдан 21 жыл 3 ай бұрын өзінің ауылдасы Кеңесхан Мәдіхановты қасақана өлтіріп, үйінің ауласына көміп тастаған. Орман шаруашылығы инспекторы болып жұмыс істеген марқұм К.Мәдіханов 1998 жылы үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Оның жақындары облыс көлеміне іздеу салып, көрші ауылдарды аралағанымен, ешқандай дерегі де, белгісі де табылмайды. Құзырлы орган өкілдері де қылмысқа қатысты мәліметтен ада болғандықтан, бес жылдан кейін істі жабады.  

Жамбыл облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының мәліметінше, Мойынқұм ауылы тұрғындарының бірі қаза болған Кеңесхан Мәдіхановтың туыстарына оның денесі ауылдасының үйінде жатқаны туралы хабар береді. Осыдан соң тергеу шаралары қайта жалғасып, Есмахамбет Тілеужановтың үйінің ауласынан жиырма бір жыл бұрынғы мәйіт табылады. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысы мәйіттің жоғалып кеткен Кеңесхан Мәдіхановқа тиесілі екенін растайды.

Тергеу кезінде айыпталушы мойындағандай, екі ауылдас ішімдік қойылған отырыс кезінде жанжалдасып, жаға жыртысады. Мұның ақыры, кісі өлімімен аяқталады.

Жамбыл облысының қылмыстық сотының судьясы Кенжеғали Кенжебеков 1987 жылғы редакциядағы Қылмыстық Кодекстің 96-бабы 1-бөлімі бойынша Есмахамбет Тілеужановты кінәлі деп табады. Алайда, осы заңның 69-бабының 1-бөліміне сай, қылмыстық жауапкершілік мерзімінің өтуіне орай кісі өлтіруші сот залында босатылған. Ал моральдық өтемақы ретінде жәбірленуші, марқұмның ағасы Қасымхан Шүңірековке 5 млн теңге көлемінде төлеуге міндеттеледі.

Айыпталушы да, оның туыстары да аталған сот отырысынан кейін тілшілерге пікір білдіруден бас тартты. Ал марқұмның жақыны, жәбірленуші Қ.Шүңіреков сот үкіміне разы емес екенін айтты.

"Сот шығарған шешіммен келісе алмаймын содан бері қанша уақыт өтіп кетсе де кінәлі заңға сәйкес өзінің жазасын алуы керек еді. Бүгінге дейін Есмахамбет Тілеужановтың өзі де, туыстары да кешірім сұрап келген жоқ. Мен мұнымен тоқтап қалмаймын, апеляциялық шағым түсіремін", – деді ол.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу