Қасапханаларға ASHYQ мобильді қосымшасы орнатылады

1455

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғар құрбан айтқа дайындық жыл басынан бері жүргізілгенін және бір ай бұрын жұмыс тобы құрылғанын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Қасапханаларға ASHYQ мобильді қосымшасы орнатылады

"Былтыр құрбан шалған азаматтарға малының шалынғаны мен етінің мұқтаж жандарға жеткеніне дейін есеп берілген еді. Фотоесеп, қажет болса видеоға дейін атын атап түсірілді. Биыл да бұл жағы сақталады. Кімге фотоесеп қажет болса, ұялы телефонына жібереміз", – деді наиб мүфти.

Ершат Оңғардың сөзінше, бас қалалардағы қасапханаларға ASHYQ мобильді қосымшасы орнатылады. 

"Бағдарламаның көмегімен қасапханаларға кіру мүмкін болады. Өйткені қазіргі уақытта көптеген өңір "қызыл аймаққа" енді. Дерттің беті күшейген тұста тазалық, тәртіп, арақашықтық, бетперде секілді сақтық шаралары міндетті түрде орындалуға тиіс. "Сары" және "жасыл" аймақтағы құрбандық шалатын арнайы орындарда азаматтардың денсаулығына ерекше көңіл бөлу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ASHYQ мобильді қосымшасы іске қосылады.

"Қызыл" және "сары" мәртебесі бар азаматтар құрбандық шалу орындарына жіберілмейді, "көк", "жасыл" мәртебесі бар азаматтар ғана жіберіледі.

Белгілі болғандай, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, облыстардың әкімдіктері, ішкі істер, денсаулық сақтау министрліктері ҚМДБ-мен бірлесіп, өңірлерде ASHYQ мобильді қосымшасымен халық арасындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. 

"Кешеден бастап ҚМДБ-ның әр өңірдегі жұмыс тобы "сары", "жасыл" аймақтағы өңірлер бойынша әкімдік тарапынан арнайы құрбан шалуға бекітілген орындарға барып, офлайн форматта құрбан шалушылардың алдын ала жазылуы (әрбір өңірдегі ҚМДБ жұмыс тобының call-центріне қоңырау шалу арқылы жазылады) бойынша жұмысты бастап кетті. Офлайн форматтағыларға арнайы тізім қалыптастырып, құрбан шалуға ниетті тұлғаға кезек саны мен құрбан шалуға барудың нақты уақытын хабардар етуі қажет. Бәрі бірдей бір уақытта бармай, әркім кезегімен барып шалады", – деді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары.

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу