KASE 30 жылдық мерейтойына орай Халықаралық биржалық форум өткізді

3115

 Форум Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен  және "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" ЗТБ бірлесе отырып өткізілді.

KASE 30 жылдық мерейтойына орай Халықаралық биржалық форум өткізді Фото: KASE

2023 жылғы 16 қарашада "Қазақстан қор биржасы" АҚ (бұдан әрі – Биржа немесе KASE) Қаржыгерлердің XI конгресі шеңберінде "Биржалардың қаржы нарықтарын трансформациялаудағы рөлі" Халықаралық биржалық форумын өткізді.

KASE-нің 30 жылдық мерейтойына орайластырылған Халықаралық биржалық форумда қаржы нарықтарын дамытудың әлемдік үрдістері, реттеушілік өзгерістер және олардың бизнес-ортаға әсері; өтімділікті арттыру, жергілікті және шетелдік инвесторлар үшін тартымды жағдайлар жасау саласындағы дамушы нарықтар тап болатын сындар мен мүмкіндіктер; қаржы өнімдері мен қызметтері нарығының ландшафтына цифрлық инновациялардың революциялық әсері, жаһандық ESG күн тәртібін іске асырудағы қаржы нарығының маңызды рөлі талқыланды.

Форум Қазақстан мен жақын және алыс шет елдердің қор нарығының сарапшылары үшін негізгі пікірталас алаңына айналды.

Форумға қатысушыларға Алматы қаласының Әкімі Ерболат Досаев құттықтау сөзін жолдады. Сонымен қатар Ұлттық Банк Төрағасы Тимур Сүлейменов, ҚНРДА Төрайымы Мәдина Әбілқасымова, "Самұрық-Қазына" АҚ Басқарма Төрағасы Нұрлан Жақыпов, ҚҚҚ Кеңесінің Төрайымы Елена Бахмутова, WFE Бас директоры Nandini Sukumar сөз сөйледі.

Халықаралық биржалық форум бағдарламасы пленарлық пікірталас пен бес панельдік пікірталасты қамтыды. Аталған бас қосулар барысында 40-тан астам танымал спикерлер капитал нарығы экономиканы дамытудың драйвері ретінде, IPO-ға және капитал нарығын дамытудағы бөлшек инвесторлардың әлеуеті, тәуелсіз борыштың дамушы нарықтарындағы трендтер, Қазақстан үлгісімен МБҚ нарығын интернационалдандыру және өңірдегі биржалық нарықтарды дамыту сияқты өзекті мәселелер бойынша өздерінің сараптамалық пікірлерімен бөлісті. Форумға қатысушылар қаржы қызметтерін цифрлық трансформациялау, цифрлық технологиялар мен капитал нарығын дамыту перспективалары және қаржы нарығын "тұрақты" дамыту тақырыптарын талқылады.

Іс-шараға қазақстандық қаржы ұйымдарының, шетелдік қор биржаларының, инвестициялық банктердің, мемлекеттік органдардың, ұлттық және жеке қазақстандық компаниялардың, кәсіби қаржы қауымдастықтарының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар қатысты.

Форумда KASE Басқарма Төрайымы Алина Алдамберген "KASE: капитал нарығының  дамуында 30 жыл алдыңғы қатарда" таныстырылымын ұсынды, онда Биржаның 30 жылдық қызметінің  нәтижелері, инфрақұрылымның цифрлық трансформациясы, жаңа қаржы құралдарын енгізу және іске асырылған жобалар, сондай-ақ Биржаның 2024 жылға арналған Даму стратегиясы және Қазақстанның қор нарығының трендтері туралы айтты.

Халықаралық деңгейдегі сарапшылар да түрлі тақырыптардағы баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Valereum PLC Атқарушы директоры Patrick L Young аудиториямен "Цифрлық технологиялар мен капитал нарығын дамыту перспективалары" тақырыбындағы ақпаратпен және Citi Дамушы пайыздық мөлшерлемелер нарығының басшысы Richard Lancaster "Тәуелсіз борыштың дамушы нарықтарындағы трендтері" тақырыбындағы ақпаратпен бөлісті. 

Пленарлық пікірталас

"Капитал нарығы экономиканы дамытудың драйвері ретінде" пленарлық талқылауға: ҚНРДА Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева, WFE Бас директоры Nandini Sukumar, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ Басқарма Төрайымы, Директорлар кеңесінің мүшесі Үміт Шаяхметова, Bloomberg LP Сыртқы байланыстар және укіметпен өзара іс-қимыл бөлімінің Бас кеңесшісі Sallianne Taylor, CEO Athens Stock Exchange Yianos Kontopoulos қатысты. Модераторы – KASE Басқарма Төрайымы Алина Алдамберген болды.

Пікірталаста қаржы нарықтарының әлемдік даму тенденциялары, реттеушілік өзгерістер және олардың бизнес ортаға әсері, дамушы капитал нарықтары тап болатын сындар мен мүмкіндіктер, цифрлық инновациялардың қаржы өнімдері мен қызметтерінің трансформациясына әсері талқыланды.

"IPO және бөлшек инвесторлардың капитал нарығын дамытудағы әлеуеті" панельдік пікірталас

Халықаралық биржалық форум аясында "IPO және бөлшек инвесторлардың капитал нарығын дамытудағы әлеуеті " атты бірінші панельдік пікірталаста келесі мәселелер талқыланды:

  • Компанияларды IPO-ға шығуға ынталандыру;
  • IPO: болжамдар мен шынайы нәтиже;
  • Инвестициялық мүмкіндіктер: перспективалы секторлар мен салалар;
  • IPO бөлшек инвесторларды тарту құралы ретінде;
  • Бөлшек инвесторлардың қаржылық сауаттылығын арттыру;
  • Бөлшек қызмет көрсету технологиясы: 3 рет басу арқылы инвестиция жасау.

Пікірталасқа Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, брокерлік ұйымдардың, шетелдік биржалар мен инвестициялық компаниялардың басшылары мен өкілдері қатысты. Модераторы – ҚНРДА Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.

"Қаржылық қызметтерді цифрлық трансформациялау: сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер" панельдік пікірталасы

"Қаржылық қызметтердің цифрлық трансформациясы: сын-тегеуріндер мен мүмкіндіктер" панельдік пікірталасында модератор Valereum PLC атқарушы директоры Patrick L Young болды. Спикерлер ретінде KASE клирингілік орталығының, шетелдік инвестициялық және IT компаниялардың өкілдері сөз сөйледі.

"Қазақстан мысалында МБҚ нарығын интернационалдандыру" панельдік пікірталасы

"Қазақстан мысалында МБҚ нарығын интернационалдандыру" атты үшінші панельдік пікірталаста модератор ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова болды. Спикерлер ретінде ҚР Қаржы министрлігінің, "Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі" АҚ және басқа да қаржы ұйымдарының өкілдері сөз сөйледі.

"Өңірдегі биржалық нарықтарды дамыту" панельдік пікірталасы

"Аймақтағы биржалық нарықтарды дамыту" атты төртінші панельдік пікірталаста модератор Еуро-Азия қор биржалары Федерациясының (FEAS) Бас хатшысы Константин Саройан болды. Спикерлер ретінде әр түрлі елдердің қор және валюта биржаларының өкілдері сөз сөйледі.

"ESG – қаржы нарығының "тұрақты" дамуының негізгі элементі" панельдік пікірталасы

"ESG – қаржы нарығының "тұрақты" дамуының негізгі элементі" атты бесінші панельдік пікірталаста модератор Bloomberg-тің Орталық, Шығыс Еуропа және Орталық Азиядағы сату бөлімінің басшысы Arek Osinski болды. Спикерлер ESG қағидаттары мен тұрақты қаржыландыруды ілгерілететін брокерлік компаниялар мен халықаралық қаржы корпорацияларының өкілдері болды.

Марапаттау рәсімі

Халықаралық биржалық форумда 30 жыл бойы елеулі үлес қосқан қаржы ұйымдарының, қаржы секторының сарапшылары мен мамандарының, сондай-ақ қазақстандық қор нарығының үздік өкілдерінің, листингілік компаниялардың, жетекші қаржыгерлердің, БАҚ өкілдері мен KASE серіктестерінің "қор нарығын дамытуға қосқан үлесі үшін" және "ұзақ мерзімді ынтымақтастығы үшін" марапаттау рәсімдері өтті. Қатысушыларға марапаттарды KASE Басқарма Төрайымы Алина Алдамберген табыс етті.

Анықтама үшін

"Қазақстан қор биржасы" АҚ (KASE) Орталық Азия өңіріндегі жетекші қор биржасы болып табылады. KASE бағалы қағаздармен сауда-саттық көлемі бойынша ТМД биржалары арасында екінші және FEAS биржаларының акциялар нарығын капиталдандыру көлемі бойынша төртінші орында.

Бұл корпоративтік және мемлекеттік бағалы қағаздар, халықаралық қаржы институттарының облигациялары, шетел валюталары, ақша нарығының операциялары – репо және своп, сондай-ақ туынды құралдар үшін әмбебап сауда алаңы. KASE халықаралық биржалар Федерациясының (WFE), Еуро-Азия қор биржалары Федерациясының (FEAS) және басқа да халықаралық және отандық кәсіби бірлестіктердің мүшесі, сондай-ақ БҰҰ-ның "Тұрақты даму үшін қор биржалары" бастамасының қатысушысы болып табылады.

Қосымша ақпарат: +7 (727) 237 5342, pr@kase.kz.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу