Қашаған кенішінен мұнай, газ және күкірт өндіру тоқтатылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
19111

Болашақта "Қаламқас-теңіз" бен "Хазар" игеріліп,"Ақтоты" мен "Қайран" зерттеледі.

Қашаған кенішінен мұнай, газ және күкірт өндіру тоқтатылады

Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде орналасқан әлемдегі ірі мұнай және газ кен орнынан мұнай өндіру жоспарлы түрде 45 күнге тоқтатылады.Түсінген боларсыздар, әңгіме Қашаған жайлы болып отыр.

Былтыр North Caspian Operating Company (NCOC) халықаралық консорциумы атқарушы директорының орынбасары Жақып Марабаев abctv.kz тілшісіне берген сұхбатында 2016-2018 жылдар аралығында Қашаған мұнай және газ кен орнынан 7,8 млн тонна мұнай, 5,6 млрд кубометр газ және 880 мың тонна күкірт өндіріліп, экспортқа жөнелтілгенін айтқан.

Сөз арасында ол 2019 жылдың көктемінде күрделі жөндеу жұмысының жүргізілуіне байланысты Қашағаннан мұнай, газ және күкірт өндіру толық тоқтатылатынын баяндаған.

"Бұл 2 жылда бір рет атқарылуға тиіс күрделі жөндеу. Ол жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Сондықтан алаңдаудың қажеті жоқ", – деп мәлімдеген Жақып Марабаев.

NCOC халықаралық консорциумы атқарушы директорының орынбасары биылғы жылдың сәуір-мамыр айларына жоспарланып отырған күрделі жөндеу жұмысы 45 күнге созылуға тиіс екенін, алайда мүмкін болған жағдайда күрделі жөндеу жұмысын мейлінше жылдам атқаруға тырысатындарын тәптіштеген.

"Күрделі жөндеу жұмысын мерзімінен бұрын аяқтауға тырысамыз. Себебі қазір Қашағаннан тәулігіне 350 мың тонна мұнай өндіріліп, экспортқа жөнелтіліп жатыр. Ел экономикасы мұнайдан түсетін табыстан қағылмауы керек", – деген болатын Жақып Марабаев.

Осы әңгіменің барлығы таяуда тағы да ресми расталды. Бұл туралы NCOC халықаралық консорциумының баспасөз қызметі хабарлама таратты. Онда: "Нормативтік талапқа сәйкес, 2019 жылы NCOC "Болашақ" жерүсті кешені мен Қашаған кен орнының D теңіз кешенінде күрделі жөндеу жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, D аралы мен "Болашақ" мұнай және газ даярлау қондырғысындағы технологиялық жабдықтар жөнделеді. Осыған байланысты өндіріс толық тоқтатылады. Өндірісті тоқтату мерзімі 45 күн деп белгіленді", – делінген.

Айта кетейік, күрделі жөндеу жұмысы Солтүстік Каспий қайраңындағы Қашаған кенішінен бөлек "Қаламқас-теңіз, "Хазар", "Ақтоты" және "Қайран" кен орындарын игерудің тың тәсілдерін табуды көздейді.

"NCOC халықаралық консорциумы Солтүстік Каспий қайраңындағы басқа кеніштерден мұнай-газ және күкірт өндіру арқылы өндірістік қуаттылығын арттырғысы келеді. Барлық жұмыс ойдағыдай атқарылса, болашақта Қашаған кенішінен туәлігіне 450 мың тонна мұнай өндіру мүмкіндігіне қол жеткізіледі", – деген еді abctv.kz тілшісіне Жақып Марабаев.

Біле жүріңіздер, инвесторлар Қазақстан үкіметімен, сондай-ақ "PSA" ЖШС-мен ортақ мәмілеге келді. Келісім талабы бойынша, алдағы 5 жылда NCOC консорциумының мамандары "Ақтоты", "Қайран" кен орындарын зерттейді. Зерттеу қорытындысы белгілі болған соң нақты іске көшеді. Бұған дейін "Қаламқас-теңіз", "Хазар" кеніштері игеріледі.

NCOC консорциумының басқарушы директоры Бруно Жардэн тілшілерге берген сұхбаттарының бірінде осыған қатысты: "Каспий Меруерті Оперейтинг Компани Б.В." (КМОК) компаниясымен бірлесіп, "Қаламқас-теңіз" және оған жақын орналасқан "Хазар" кеніштерін игеруге келістік. Қазір инженерлік-техникалық зерттеу жұмыстарының алғышарттары жасалып жатыр. NCOC консорциумы кен орындарын игеру жоспарын 2019 жылдың екінші жартысында ұсынады", – дегенді айтқан.

Естеріңізге салайық, "Қаламқас-теңіз" бен "Хазар" кен орындарында 67 млн тонна мұнай, 9 млрд куб газ қоры бар.

2013 жылы NCOC халықаралық консорциумы "Қаламқас-теңіз" кен орнының ашылғанын жариялады, ал КМОК компаниясының жобасы болып табылатын "Хазар" кен орны 2007 жылы пайда болды.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу