Қашаған мен Қарашығанақтың мұнайын қай елдің инвесторлары игеріп жүр?

4162

Әлемдегі ең күрделі жобаның бірін 7 ірі мұнай алпауыты игеріп отыр.

 Қашаған мен Қарашығанақтың мұнайын қай елдің инвесторлары игеріп жүр?

Энергетика министрлігі Қашаған мен Қарашығанақ кеніштерінде мұнай игеруге қандай ірі ойыншылар атсалысып жатқаны туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Ресми мәліметте Каспий маңайынан мұнай игеріп келе жатқанына 127 жыл болған Royal Dutch Shell plc компаниясының аталған екі ірі кен орнындағы үлесі туралы ақпарат берілген. Inbusiness.kz тілшісі сол мәліметке сүйене отырып, Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы "Теңіз" жобасынан кейінгі ең ірі инвестициялық жобаларға қатысып жатқан инвесторлардың үлесі туралы жалпы талдау ұсынады.

Сонымен, Штаб Пәтері Нидерландтың Гаага қаласында орналасқан әйгілі Shell компаниясы Қазақстанның мұнай нарығында 2016 жылдан бері  "Би Джи Групп" компаниясы арқылы ойын жүргізіп келеді. Бірақ бұл Shell компаниясы Қазақстанда осы кезден бастап қана инвесторлық етіп жүр деген сөз емес. Бұл – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан мұнайын игеруге ақша салған ірі инвестордың бірі. Энергетика министрлігінің ақпараты бойынша, 27 жылда 15 млрд доллардан астам инвестиция салған.

Shell концерні Қазақстанда Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісім (NСОС N.V) арқылы Қашағаннан игерілетін мұнайдың  16,81%-ына иелік етеді.

Қарашығанақ кен орнының өнімін бөлу туралы түпкілікті келісім бойынша 29,25 % үлес алған.

Сондай-ақ, Каспий Құбыр Консорциумында 7,4 % үлесі және бар.

Бізді осы тұста, Қарашығанақ пен Қашағандағы өзген инвесторлардың үлесі қандай деген мәлімет қызықты болып отыр. Министрлік берген мәліметте ол жағы да баяндалған.

Қашаған

Жалпы Қашаған кен орны әлемдегі ең күрделі жобалардың бірі деп бағаланады. Өйткені Каспийдің түбінде 4200 метр тереңдіктен ұңғып шығару қажет.  75х45 шақырым аумақты алып жатқан кеніште жеті ірі инвестордың үлесі бар. Соның тек біреуі ғана қазақстандық компания болып саналады. Сонымен Қарашығанақ жобасына Shell концерні – 16,81 %, Eni компаниясы – 16,81 %, CNPC компаниясы – 8,33 %, ExxonMobil компаниясы – 16,81 %, Inpex компаниясы   – 7,5 %, KMG Kashagan B.V. концерні – 16,87 % және Total компаниясы – 16,81 % үлеспен қатысуда.      

Соңғы бағалау бойынша, кен орнында 35 млрд баррель мұнай қоры бар. Аталған компаниялар Қашағанда тәулік сайын  мұнай 329 мың баррель мұнай өндіріп жатыр. Жоба  іске қосылғаннан бері 55,4 млн баррель мұнай алынған.

Тараптар келешекте мұнай өндіру қарқынын тәулігіне 450 мың баррельге жеткізбекші. Ол үшін мұнай мен шикі газды айдайтын компрессорларды жаңарту тәсілдерін зерттеп жатыр.

2019 жылғы NСОС келісіміне кіретін 7 инвестор  Қаламқас-Теңіз және Хазар орындарын бірлесіп игеру жұмыстарын  жалғастырудан бас тартқаны болатын.

Қарашығанақ

Қарашығанақ кен орнының өнімін бөлу туралы түпкілікті келісім  бойынша Shell концерні "Би Джи Қарашығанақ Лимитед" еншілес компаниясы арқылы Eni италиялық компаниясымен бірлесе отырып, әлемдегі ең ірі мұнай-газ конденсатты кен орындарының бірі – Қарашығанақ кен орнының операторы ретінде жұмыс істеп келеді. Мұндағы көмірсутек шикізаты Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг (ҚПО) бірлескен кәсіпорны арқылы игеріледі. Нақты айтсақ, Shell – 29,25%, Eni – 29,25%, Chevron – 18%, Lukoil – 13,5%, KMG Karachaganak – 10 % үлес иемденген.

Бастапқы есеп бойынша, Қарашығанақта 13,3 млрд баррель сұйық көмірсутек (1,7 млрд тонна мұнай және конденсат) пен 60,2 трлн текше фут (1,7 трлн текше метр) газ бар. Бүгінде шамамен сұйық көмірсутектің 13 %-ы, газдың 13 %-ы игерілген.

Қарашығанақтың мұнайын игеру жолында аталған 5 инвестор бірігіп 27 млрд долларға жуық  инвестиция тартқан. 2021 жылдың бірінші тоқсанында таза газ түріндегі мұнай эквивалентінің 38,351 млн баррелі алынған.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу