banner

Қашағанға жаңа ойыншы кіруі ықтимал

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
19421

Француздар Қашағанды африкалық кен орнына "айырбастамақ".

Қашағанға жаңа ойыншы кіруі ықтимал

Бүкіл әлемдегі соңғы қырық жылда ашылған ең ірі мұнай-газ кен орны саналатын "Қашағанның" бір бөлігі қайтадан саудаға қойылды. Ондағы үлеске ие француздық Total компаниясы өз еншісін сатып жіберу ойын білдірген. Бірақ ол жобадан толық кетуден аулақ. Қазіргі кезде еуропалық осы инвесторға кен орнындағы 16,8% үлес тиесілі. Бағалаушылардың есептеуінше, оның толық пакетінің құны 9 миллиард долларға дейін барады. Бұл жайында халықаралық Reuters агенттігі хабарлады.

"Компания өз үлесінің үштен бірін сатуға ниетті. Дереккөздердің бағалауына сәйкес, Total-дың Қашағандағы бүкіл топтамасы тоғыз миллиард доллар тұруы мүмкін", – делінген оның хабарламасында. Total бұған қатысты түсініктеме бермеді.

Бірақ бұл бағыттағы іс-қимылдар біраз бұрын басталып кеткен: компания бірнеше айдан бері Қазақстандағы жаһандық "супергигант" саналатын көмірсутегі кен орнындағы өз үлесінің бір бөлігін сату туралы қытайлық ұлттық мұнай компанияларының бірімен келіссөздер жүргізуде. Тараптар әзірге баға бойынша келісімге келмегені мәлім болды.

Бұл ретте француздық алпауыт өз үлесін ішінара сатып жіберу арқылы Африкадағы Anadarko Petroleum мұнай-газ активтерін сатып алуға қосымша қаражат тарту мүмкіндігіне ие болмақ.

Бұл ірі кен орнын Occidental Petroleum 8,8 миллиард долларға сатуда. Француздар қашағандық үлесінің бір бөлігін сатудан 4 миллиардтай доллар қаражат тартуы ықтимал.

Қазіргі кезде Қашағанның геологиялық қорлары 4,8 миллиард тонна мұнайды құрайды. Бұл Қазақстанға кем дегенде 60 жылдай уақытқа жетпек. Алайда оның қойнауында бұдан да мол қазына жатыр деп саналады: Қашаған астындағы "қара алтынның" жалпы қоры 38 миллиард баррель немесе 6 миллиард тоннаға бағаланады. Бірақ оны игеру үшін заманауи технологиялар қажет.

Бұл алып кен орнындағы мұнай өндірісі 2013 жылғы қыркүйекте тоқтатылған болатын. Оған құбырлардан газдың сыртқа ағып кетуі себепкер болды. Артынша өзге де проблемалары анықталып, зерттеу нәтижесінде инвесторларға газдың ғана емес, сондай-ақ мұнайдың құбырларын да толық ауыстыруға тура келген. 

"Қара алтын" өндірісі тек 2016 жылдың күзінде қайта қалпына келтірілді. Осылайша, Қашағанды игеру акционерлерге 50 миллиард долларға түсті. Инвесторлар 2016 жылға дейін ондағы өндірісті дұрыс жолға қою үшін ұзақ 16 жыл бойы тер төккен.

Қашаған кен орнын бүгінде NCOC консорциумы игеруде. Консорциум италиялық Eni, америкалық ExxonMobil, қытайлық CNPC, ұлыбританиялық және нидерландылық бірлескен Royal Dutch Shell, жапондық Inpex Holdings, француздық Total компанияларын және қазақстандық "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясын біріктіреді.

Қашағанда биылғы жылы 14 сәуір мен 19 мамыр аралығында күрделі жөндеу жүргізілді. Осыдан кейін мұндағы мұнай өндірісі тәулігіне наурыздағы 270-280 мың баррельден алдағы маусым айында 370-400 мың баррельге дейін артуға тиіс.

"Энергетика министрлігінің, уәкілетті орган – "PSA" ЖШС-нің және жоба операторы НКОК консорциумының күрделі жөндеу жүргізуді сапалы және уақытылы дайындаудағы үйлесімді бірлескен жұмысы арқасында көзделген жұмыс көлемі жоспарланған мерзімінен 10 күнге ерте бітті. Нәтижесінде, жоспарлы-алдын алу жөндеуі жоспарланған 45 орнына 35 күн ішінде аяқталды. Тек осының өзі бізге биылғы жылы мұнайды жоспарлы ауқымнан 3 миллион баррелге артық өндіруге мүмкіндік береді", – дейді энергетика министрі Қанат Бозымбаев.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу