Кәсіпкер Данияр Абулгазин тасқыннан зардап шеккендерге пәтер алып берді

2011

Президенттің тапсырмасынан кейін отандық ірі кәсіпкерлер тасқыннан зардап шеккендерге көмек беруді жалғастырып жатыр. 

Кәсіпкер Данияр Абулгазин тасқыннан зардап шеккендерге пәтер алып берді Фото: Бейнежазбадан

Соның бірі бизнесмен Данияр Абулгазин Қостанай облысындағы ағайынға қол ұшын созып, 70-ке жуық су жаңа пәтер сатып алып берді. Баспанаға ие болғандар қоныс тойын тойлауды бастап кетті.

Көп балалы ана Әйгерім Мұсанованың Алтынсарин ауылындағы шаңырағы түгел суға кеткен еді. Бүлінген баспанасын қалпына келтіру мүмкін болмады. Бірақ көп ұзамай, Қостанайдан 3 бөлмелі пәтердің кілті беріледі деген сүйінші хабар жетті. Әйгерім ту ауылдан қалаға көшіп келгеніне әлі сене алар емес.

– Ыдыс-аяқ, жиһаздарымыздың барлығы суға кетті. Өзіміз күтпеген жерден осындай жағдай болып қалды. Ақырындап барлығы қалпына келіп жатыр. Президентімізге, барлығына көп рахмет! – деді Алтынсарин ауылының тұрғыны Әйгерім Мұсанова.

Әйгерімнен өзге Алтынсарин ауылының 37 отбасы қалаға қоныс аударды. Олар отандық ірі кәсіпкер Данияр Абулгазин сатып алып берген 2-3 бөлмелі пәтерге кірді.

Бұдан бөлек 3-4 бөлмелі баспана Арқалықтан да алынды. Жалпы 70 тей отбасы қоныс тойын тойламақ.

– Мұнда шағын Алтынсарин ауылы болады. Тасқыннан зардап шеккен ауылдастарымның көбі осында көшіп келді, – деді Алтынсарин ауылының тұрғыны Ануар Ынтықбаев.

Тасқын салдарынан 6 өңірде Төтенше жағдай жарияланды. 1 114 үйге су кіріп, 1200-ге жуық тұрғын зардап шекті. 680 баспананы жөндеуге болады дейді мамандар. Ал 426 үй тұруға жарамсыз. Бүгінде тасқыннан зардап шеккендерге облыстық әкімдік 115 пәтер сатып алды. Үкімет бөлген 405 млн теңгеге Арқалық қаласынан 31 пәтер алынды.

– Қостанай ауданында 50 пәтер сатып алынды. Арқалық қаласында 34 үй сатып алынды. Амангелді, Жанкелді аудандарында тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр, – деді облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Мәди Өтегенов.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы төтенше жағдай орын алғанда барлық ірі бизнес өкілдерін көмек қолын созуға шақырған еді. Алғашқылардың бірі болып, кәсіпкер Данияр Абулгазин қостанайлықтарға көмек ретінде 1,5 млрд теңге аударған болатын.

Кәсіпкер өз сөзінде зардап шеккендерге қолдау көрсету ортақ жауапкершілік деп айтқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу