Кәсіпкер мен инвестордың мүддесі қандай жағдайда қорғалмайды

2878

Бизнес өкілдеріне нақты талап қойылды.

Кәсіпкер мен инвестордың мүддесі қандай жағдайда қорғалмайды

Қазақстан аумағында жұмыс істейтін отандық, шетелдік кәсіпкерлер адал бизнес жүргізуге және кез келген сипаттағы сыбайлас жемқорлыққа "нөлдік төзімділік" танытуға тиіс. Бизнес пен инвестицияны сыбайлас жемқорлықтан қорғау жобасын жүзеге асырып отырған мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кәсіпкерлер мен инвесторларға осындай талап қойды.

Төрт ай бұрын агенттік бизнес өкілдерінің мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырып, инвесторларға қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін Protecting business and Investments жобалық кеңселерін ашты. Еліміздің барлық аймағында пайда болған фронт-кеңселерде инвесторлар мен кәсіпкерлердің мемлекеттік қызметтің сапасына қатысты шағымдары қаралып, оларды түрлі әкімшілік қысымдардан арашалау шаралары атқарылатын болды. Агенттік бұл істі "Атамекен" КҰП және Kazakh Invest акционерлік қоғамымен бірлесіп жүзеге асыру туралы шешім қабылдады.

"Бүгінге дейін 162 инвестормен келісім жасадық. Келісімнің жалпы құны 5 трлн 900 млрд теңгені құрады. Аймақтық фронт-кеңселер ашылып, мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аймақтық департаменттерінің бірінші басшылары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері, сондай-ақ  "Атамекен" КҰП пен Kazakh Invest акционерлік қоғамының өкілдерінен жауапты тұлғалар бекітілді. Оларға кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғау міндеті жүктелді", – ­деді Protecting business and Investments жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлмира Қабиева.

Оның сөзінше, аймақтық фронт-кеңселерге  кәсіпкерлер мен инвесторлардан 153 өтініш келіп түскен. Іс барысында 128 азаматқа қолдау көрсетілген.

"Шағымданушылардың басым бөлігі мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына, салық саясатына, заңсыз тексерулерге арызданды. Олардың басым бөлігінің мәселесі оң шешіліп, талабы қанағаттандырылды", – ­деді Гүлмира Қабиева.

Оның сөзінше, Қазақстан аумағында жұмыс істейтін отандық, шетелдік кәсіпкерлер адал бизнес жүргізуге және кез келген сипаттағы сыбайлас жемқорлыққа "нөлдік төзімділік" танытуға тиіс.

"Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен келісімге қол қойған кәсіпкерлер мен инвесторлар сыбайлас жемқорлыққа қадам жасаса қара тізімге алынады және олармен жасалған келісім бұзылады. Келісім бұзылғаннан кейін олардың мүддесі қорғалмайды. Осыған дейін жасалған 162 келісімнің 50%-на шетелдік инвесторлардың қатысы бар", – ­деді Гүлмира Қабиева.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу