Оларға сұраныс болған соң кәсіпкерлер де есек өсіріп, сүтін өндіруді бизнеске айналдырып жатыр.
Өйткені Би-Би-Си жазуынша, есек сүтінен жасалатын "Пуле" ірімшігі – дүниежүзіндегі ең қымбатының бірі болып табылады.
Мысалы, Еуропада 1 келі пуле 1 200 еуро (шамамен 708 мың теңге) тұрады. Яғни, бір келі ірімшік Шығыс Еуропа елдеріндегі орташа айлық жалақыға барабар болып тұр.
"Сербияда ірімшіктің бұл түрін тек Засавица табиғи қорығында ғана сатады. Ол ел астанасы Белградтан батысқа қарай шамамен 80 шақырым жерде орналасқан. Бұл ретте осы ірімшіктің небары 1 келісін жасау үшін шамамен 25 литр есек сүті қажет. Ал, мәші (есектің ұрғашысы) өте аз сүт береді. Бір мәшіден 25 литр сүтті 1,5 жыл ішінде ғана өндіруге болады!", – деп түсіндірді ВВС-ге сұхбатында Засавица қорының менеджері Вук Симич.
Британдық басылым соған қарамастан, пуле – бағасы жөнінен әлемдік абсолютті рекордсмен еместігін еске салды. Бұл атаққа бүгінде испандық "Кабралес" атты көгілдір ірімшік ие.
Оның 2,5 келісінің бағасы 36 мың еуроны (шамамен 21,3 миллион теңгені) құрайды. Бұл кабралестің "Гиннесс рекордтар кітабына" енуін қамтамасыз етті.
Әйтсе де, жасау технологиялары мен рецепті құпия ұсталатын көгілдір ірімшікке қарағанда, пуле өзге елдердің өндірушілері үшін біршама қолжетімді.
"Бірақ пулеге кез келген адам қол жеткізе бермейді. Ол қаржы жөнінен проблемасы жоқ, бір келі ірімшікке 1,2 мың еуро шығындауға қиналмайтын ауқаттылардың еншісіндегі салтанат рәмізіне айналды. Сол себепті ол инвестиция құралына айнала бастады. Пуле мысалы, әлемдік теннистің аңызға айналған жұлдызы, серб Новак Джоковичтің қызығушылығын туғызды. Джокович біраз уақыт бұрын өзінің мейрамханалар желісі үшін пулені көп көлемде сатып алып, жылдық қорын жасаған", – дейді сербтік журналист Йована Георгиевски.
Сирек, құрып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктерді қорғау үшін құрылған Засавица табиғи қорығының менеджерлері де бизнеске ебі бар пысық жандар болып шықты.
Олар жойылу алдында тұрмаса да, қорық үшін салпаңқұлақтарды топ-тобымен сатып алуда. Бүгінде санын 300-ге жеткізген. Осы арқылы оңтүстік-шығыс Еуропадағы ең ірі есек фермасына айналды. Мұндағы көздеген мақсаты белгілі: әлгінде айтылғандай, есек сауып, қымбат ірімшік өндіреді.
"Қиқар, қыңыр жануар ретіндегі байырғы атақ-репутациясына қарамастан, бұлар мейірімді, адамға үйірсек келеді. Әрине, әрбір есектің өз мінез-құлқы бар. Біреуі – ойнақтап, шапқылауды жақсы көреді, енді бірі жер қозғалса қозғалмайтындай салмақты. Олардың бәрі құлағын қасығанды, құшақтағанды ұнатады", – деп ескертеді ферма басшысы Никола Нилич.
Бірақ мезі қылып жібермеу керек, онда тістеп алады. Ферма жетекшісі 300 мәшіге оншақты әңгі (есектің айғыры) жарайтынын айтады.
"Әңгілер нағыз гаремдегідей өмір сүреді. Ұрғашылары құлындағаннан кейін тоғыз күн өте сала қайта қаша бастайды. Осының арқасында тұрақты лактация қамтамасыз етіліп, сүті үнемі сауылады. Алайда мәшілер қасында қодығы болса ғана ииді және оның өзінде сүтті өте аз көлемде береді. Нәтижесінде, 1 мәшіден күніне 300 миллилитрдей сүт қана шығады. Бұл шамамен бір стақандай ғана", – дейді Вук Симич.
Маманның айтуынша, осы сүттің жартысын қодығы ішеді. Осылайша, есек сүтінен ірімшік жасау өте-мөте баяу өндіріске айналып кетеді.
Аймағындағы ірі ферма саналғанымен, Засавица қорығы жылына небәрі 25-30 келі ғана пуле шығарады. Оны бірде-бір дүкенде, тіпті қорық аймағындағы мейрамханада да сатпайды. Сондай-ақ, шетелге экспорттамайды. 50 грамдық құйтақандай қаптамада арнайы тапсырыс бергендерге таратады.
Сарапшылар пуленің бұлайша қымбат тұруына есек сүттің аздығы ғана әсер етпейтінін нақтылады. Дүниежүзілік деңгейдегі ең сапалы ірімшікті жасау технологиясы және кейбір ингредиенттері тағы да – құпия. Әр өндіруші төл сырын ешқашан сыртқа шығармауға тырысады.
Пуле өндірісіндегі ең үлкен қиындықтардың бірі – есек сүтінің бірегей консистенциясы. Өзге сүттерге қарағанда ол жеңіл қоюланбайды. Мамандар есек сүтінен жасалған ірімшікті үлкен көлемде өндіру – өзін-өзі ақтамайтынын, рентабельді еместігін ескертті.
Өз кезегінде дінтанушылар бұл "сирек деликатес" ізгі дінімізді ұстанатындар үшін арам саналатынын қаперге салады. Есек етін жеуді шариғат тыйған. Бұған байланысты көптеген хадистер бар.
Islam.kz жазуынша, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистеріне қарап, есек етінің арам болуының ең басты себебі – етінің таза еместігінде деуге болады. Сахаба Әнәс ибн Мәликтің айтуынша, Хайбар жорығында сахабалар ауыл маңындағы есектерге кезігеді. Ашыққан сахабалар оларды сойып, етін асуға кіріседі.
Сонда Пайғамбарымыздың жаршысы (Абу Талха): "Шынында Алла және оның пайғамбары сендерді есектің етін жеуден тыяды. Өйткені оның еті – лас (рижс). Шайтанның ісінен", – деп жар салады. Содан соң қайнап жатқан қазандар төгіліп, іші жуылады.
"Адал, таза емес етте адам денсаулығына зиянын тигізер әртүрлі микробтар мен паразиттердің болатыны сөзсіз. Адам түйсігінің де есек етінен еріксіз жиреніп тұратыны сондықтан болар. Оның үстіне, есек етінің өзіндік жағымсыз иісі бар. Бұл да оның жеуге жарамсыз, лас екендігін білдіреді", – деп түсіндірді дінтанушы Абдусамат Қасым.
Есек етін қорек ететіндер, мейрамханалар оны ұнамсыз иісінен арылту үшін түрлі хош иістендіргіштерді, тамақтық химияны аямай қосуға мәжбүр болады. Ол химия да адам денсаулығына нұқсан келтіруі мүмкін.
"Осы орайда жеген етіміздің мінезімізге де әсері барын ұмытпағанымыз жөн. Жасық ет жеген ұрпақ жасық болады. Мысалы, жыртқыш хайуандардың етін жейтін адамдардың мінезінде қатыгездік, қылмысқа бейімділік, ашушаңдық, аяусыздық сипаттары қалыптасады. Сондықтан мұсылман жамағатына жыртқыш аңның етін жеуге болмайды, харам. Сол сияқты есек етін жеген адамда да жағымсыз қылықтар пайда болмасына кепіл жоқ", – деген пікірде дінтанушы.