banner

Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың басым бөлігінен бейхабар

Бас жоспарсыз инфрақұрылым тартып, мемлекеттің қаржысын  шығындауға болмайды.

Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың басым бөлігінен бейхабар

Шығыс Қазақстанда қысқа жіпті күрмеуге келтіре алмай жүрген 80-ге жуық кәсіпкер бар. Олардың барлығы "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша несие алған. Кәсіпкерлер қолдарындағы қаржыны  айналдыруды көздейді, бірақ қайта-қайта кедергілерге кезіге береді.

2013-2014 жылдары шығысқазақстандықтар үшін аспаннан несие жауғандай болды. Тіпті ауылдағы ағайынға несие өз аяғымен барды деуге болады. Әкімдіктегілер қолынан іс келеді-ау деген тұрғындардың барлығына бағдарламаның талаптарын түсіндірді. Нәтижесінде тұрғындардың бірі мал бордақылайтын, екіншісі тігін цехын ашатын болды.

Бизнес-жоспарды қисынмен құрғандар 500 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін несие алып, іске кірісті. Қиындықтың құлағы осы тұста қылтиды. Бірінің  қыстақта мал баққан кезде тұратын үйі, екіншісінің мал бағатын жері, үшіншісінің ішетін суы, төртіншісінің жарығы болмады. Мұның барлығын ретке келтіру жобаның құнынан қымбатқа шықты. Ал кәсіпкерлер несие алу арқылы жүзеге асырылып жатқан жобаларға инженерлік-коммуникациялық желі мемлекеттің қайтарымсыз қолдау көрсетуі арқылы тартылатынынан бейхабар болған. Бесқарағай ауданының тұрғыны Төлеутай Набиев те сондай кәсіпкердің бірі.

"2014 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша несие рәсімдеп, ірі қара сатып алғанбыз. Содан бері ауылдың маңынан ұзай алмай жүрміз. Мал басын көбейтіп, қоңды етіп ұстау үшін шалғайдан жайлау керек. Мемлекеттің жылжымалы блок-модуль алып беретінін тым кеш білдік. Өтінішімізді қабылдады, оны 2018 жылдың бюджетіне енгіземіз деп отыр. Жалпы, кәсіпкерлердің дені мемлекеттік қолдаудың басым бөлігін білмейді, соның салдарынан опық жейді", – дейді кәсіпкер.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының дерегіне сүйенсек, өңірде Төлеутай Набиевтей блок-модуль алып беруге өтініш білдірген 31 кәсіпкер бар. Ал 12 адам кәріз жүйесінің жоқтығынан қызмет көрсету саласына қатысты жобаларын тұралатып тұр.

Электр тапшылығынан ісі алға баспаған 26 кәсіпкер мемлекеттің көмегіне жүгінген. Жол азабын тартып жүрген 5 кәсіпкер де палатаға келіп мұң шаққан. Мәселені шешу үшін жергілікті жердің  бас жоспарын бекіту қажет екен. Бас жоспарсыз инфрақұрылым тартып, мемлекеттің қаржысын  шығындау заңсыздық болып табылатын көрінеді.   

"Облыс бойынша 516 елдімекеннің бас жоспары жоқ. Ал кей ауылдар жоспарын дайындағанымен, бекіте алмай отыр. Бүгінгі таңда 82 ауылға бас жоспар жасап, 113 ауылдың құжатына өзгерту енгізу қажет болып тұр", – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Игорь Шацкий.

Шемонаиха қаласынан 8 шақырым жерде қонақүй кешенін салған кәсіпкер Тимур Мусанов су мен электр желісінің жоқтығынан құрылысты аяқтай алмай отыр.

"Қазір қонақүй жол бойындағы дәмхана ретінде ғана жұмыс істеп тұр. Құрылысты аяқтап, қолданысқа беру үшін аумақты электр қуатымен қамтамасыз етіп, су құбырын тарту қажет. Өз есебіміз бойынша, бұған шамамен 12 млн теңге кетеді. Бұл туралы әкімдікке өтініш жаздық, олар жобалық-сметалық құжат әзірлеу қажет екенін айтты. Мұндай құжатты рәсімдеп, бекіттіруге 1,5 млн теңге қажет. Ақшаның бәрін құрылысқа салып қойғандықтан, жобалық-сметалық құжат әзірлеуге кірісе алмай отырмыз", – деді Тимур Мусанов.

Инфрақұрылымның игілігін көре алмай отырған кәсіпкерлердің арасында Көкпекті, Күршім, Зайсан, Ұлан, Тарбағатай, Шемонаиха, Жарма, Глубокое, Аягөз және Бесқарағай аудандарының тұрғындары бар. Қазір олардың бір бөлігі мәселені  өз күштерімен шешуді бастап кетсе, енді бір бөлігі  жергілікті биліктің қолдауын күтіп, әліптің артын бағып отыр.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу