banner

"Кәсіпкерлер шенеуніктерді жауапқа тартуды сұрады"

2077

"Елорда кәсіпкерлері "Шенеуніктер карантинге байланысты жүргізілетін рейдтердің тәртібін бұзды" деп санайды. Олар лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды сұрайды".  

"Кәсіпкерлер шенеуніктерді жауапқа тартуды сұрады"

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысында айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Әкімдіктен "қорқады"

Жиында айтылғандай, ІnfoKazakhstan деген платформа бар. Онда мониторингтік топтардың құрамы мен жүргізетін рейдтері тіркеліп отыруы керек (2021 жылдың 1 шілдесінен бастап алгоритм енгізілген).

Алайда іс жүзінде бірқатар тексеруде тіркеу талабының бұзылуы болған. Оған нақты дәлел бар. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, прокуратураның ұсынымы бойынша, 37 актінің күшін жойған. 

"Кейде мониторинг топтардың құрамында басқа адам, ал тексеруге барған басқа адам болып шығады", – дейді СЭБ жетекшісінің орынбасары Айгүл Шағалтаева.

Қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаш "Мониторингтік топтардың атын жамылған жалған тексерушілер пайда болды қазір" дегенді айтады. Мұндайда жемқорлық тәуекелдері туындайды.

"Өкінішке қарай, кәсіпкерлерден түсетін шағымның барлығы дерлік бейресми. Олар ресми түрде шағым жазудан қорқады. "Кейін де осы аумақта жұмыс істейміз ғой, әкімдікпен арамызда қиындық болғанын қаламаймыз" дегенді айтады олар", – дейді Қуанышбек Мұқаш.

Қуаныш Мұқаштың айтуынша, өздері карантин талабын бұзған, яғни клиенттер санын шамадан асырып жіберген кәсіпкерлер де болатыны рас. 

"Бірақ біз ондай кәсіпкерлердің өздеріне ескерту айтып, түсіндіреміз. Біз бүгінгі жиында белгілі тәртіпті бұзбаған, бірақ негізсіз тексеруге ұшырағандардың мұңын жеткізіп отырмыз", – дейді Қуаныш Мұқаш.

Тіркеуде – бөлек, тексеруде бөлек мәлімет

Кәсіпкерлер палатасы ұсынған сандарға сүйенсек, тексерулердің басым көпшілігіне қоғамдық тамақтану объектілері (83%) іліккен. Басқа объектілердің үлесі (моншалар, сауналар, компьютерлік және PS клубтар, сауда үйлері, базарлар, массаж салондары) тексерілген объектілердің жалпы санының тек 17%-ына тең.

Рейдті міндетті түрде тіркеу туралы талаптан басқа, алгоритмде басқа да бірқатар талаптар бар, олар да сақталмайды. Мысалы, мониторинг аяқталғаннан кейін мониторинг тобының мүшелері 24 сағат ішінде оның нәтижелері туралы ақпаратты InfoKazakhstan электрондық платформасына енгізуі тиіс. Алайда Байқоңыр ауданының әкімдігімен 226 рейд тіркелді, ал олардың нәтижелері туралы мәліметтер тек 5 рейд бойынша ғана енгізілді. Есіл ауданының әкімдігімен барлығы 247 рейд тіркелді. Ал олардың нәтижелері туралы мәліметтер – 198 бойынша ғана, Сарыарқа ауданының әкімдігімен – 141 рейд, нәтижелері туралы мәліметтер – 137 бойынша ғана, Алматы ауданы әкімдігімен – 231 рейд, ал 140 бойынша ғана мәлімет берілді.

Қаладағы аудандардың басшылары "Атамекен" палатасының өкілдерін мониторингтік топтардың құрамына қосылуға шақырды.

"Бұған дейін де өздеріңізге ұсыныс айттық. Алайда кадр санының жетіспеушілігі бар екенін айттыңыздар. Дегенмен мониторинг құрамына сіздерден де өкіл қосуға дайынбыз", – деген әкімдік өкілдері "кәсіпкерлердің құқығын қорғауға өздерінің әрқашан әзір екенін" тілге тиек етті.

Осы Кеңестің төрағасы Ирак Елекеев алгоритм сақталмауы салдарынан кімдер шығынға ұшырағанын анықтау қиын екенін айтады.

"Ақпарат сұрау да тексеруге жатады. Алайда лауазымды тұлғалардың қатысуымен алгоритмнің де, кәсіпкерлік кодекстің де талаптары сақталмаған тексерулер жүргізілді. Қазір қадағалау органы ҚР ӘҚБК-нің 175-бабы бойынша жеке кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жүргізу тәртібін бұзғаны үшін лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарауы қажет деп санаймыз", – деді Ирак Елекеев.

P.s. Кеңестің мүшелері негізсіз тексеру мәселесі Нұр-Сұлтаннан басқа өңірлерде де бар, тек алыстағы кәсіпкерлердің дауысы естілмей жатуы да мүмкін деген пікірде.

Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігі "Кәсіпкерлік қызметті реттеу туралы" заң жобасын әзірлеп жатыр. Онда осы мониторингтік қызметтерді реттеуге қатысты "Ақ жол" партиясының өкілдері де ұсыныстар айтқан. Партия төрағасы Азат Перуашев кейбір жосықсыз мониторинг тексерулерін "кедейшілікке итермелейтін әрекет", – деп бағалайтынын айтқан.  

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу